- Advertisement -

ӨЗІ БІР КҮНДІК, СӨЗІ МЫҢ КҮНДІК

178

- Advertisement -

газета-11Аудандық басылымның тілшілері үшін бейқамдық, жайбарақат жүру, қоғамнан оқшаулану, өзімшілдік сынды қасиеттер жат. Есесіне, олар әр маңызды сәтті суретке басып, оны көркемдеп жеткізу үшін аянбастан еңбек етуге әзір. Әрі қалаған мамандықпен жұмыс істеудің өзі – көңілге медеу. Ал жазғаны оқырманның көкейіндегісін дөп басып жатса, шығармашылық адамына одан өткен бақыт бар ма?! Шығармашылық дейміз-ау, кейде осы аудандық газеттің мұрағатына үңіліп, тарихына шолу жасау арқылы-ақ басылымның жүріп өткен жолының өзі үлкен мектеп екенін аңғарамыз.
Иә, қарт адамның ғұмырына тең газеттің өткеннен шертері көп. Мәселен, тіпті Мәскеудегі Ленин атындағы мемлекеттік орталық кітапхананың баспасөз сақталатын архив қазынасында Қазақстан Коммунистік партиясы Қордай аудандық атқару комитетінің және аудандық кәсіподақтар советінің органы – «Бригада» деп аталатын газеттің бір саны сақтаулы тұр. Бұл бүгінгі «Шамшырақтың» түп-төркіні саналатын, 1932 жылы ауданда алғаш шығарылған мерзімді баспасөз еді. Өкінішке қарай, алғашқы газеттер бізде сақталмаған.
Уақыт пен өмір тынысына қарай дамып отырған «Қордай шамшырағының» аты өзгергенімен заты өзгерген жоқ. Қай заманда да оның көздеген мақсат-мүддесі бір болды. Бір ғасырға жуық уақыт қордайлықтардың саяси бағдары мен рухани қуаты болып келген газеттің басы-қасында білікті де білімді нар тұлғалар тұрды. О.Тоқтағұлов, Ө.Алтынбаев, Е.Нысанов, Б.Омарходжаев, Б.Сақауов, С.Керімбаев, А.Андреев, Ж.Көпбаев, М.Боқаев, Ж.Сатаев, В.Бочков, Қ.Мақаметжанов, А.Қуандықов, Н.Дәутаев, Ғ.Қасабаев, Н.Үкібасов, Л.Досымбекова, Қ.Әлімжан, Ә.Бәтішев, т.б. қаламы жүрдек журналистер еңбек етті. Олардың арасында редактор болған ағаларымыз да бар. Газет үшін ойларын тұндырып, сөздерін саптаған бұл кісілердің шығармашылық жолына үңілсек, Орхон-Енисей жазуындай әрқайсысының сызғаны тарихқа айналған.
Ал бүгініне келсек, өзінің сексен бес жылдық тарихын артқа тастаған «Қордай шамшырағы» газеті жаңашылдыққа бет бұрып, қоғам алдындағы мақсатын абыроймен атқарып келе жатқаны әрі өз биігінен бір сәт те аласармағаны ұжымның жаңарған құрамының өз ісіне адал еңбеккерлермен толығып отырғанынан деп білеміз.
Он мыңға жуық таралымы бар, екі тілде 8 беттен 16 бет болып шығатын газеттің әрбір жетістігі – мықты ұжымның жеңісі. Олардың ішінде басылымды оқылымды етуге ұмтылған ұстамды бағыт пен ұлтты ұлылыққа, елді елдікке, бекзат халықты бірлікке бастауда қосқан үлесі зор журналистер Р.Молдашұлы (селолық тілші), Ә.Оспанов, Ж.Омаров, О.Щукина, Ә.Сихымбаев жерлестерінің мұңын мұңдаушысы, жоғын жоқтаушысы, тамыршысы.
Қордай өңірінің бүгінгі тыныс-тіршілігін қаузайтын, ақпарат айдынында жемісті еңбек етіп жүрген «Шамшырақтың» журналшылар қауымына артылар үміт жүгі де ауқымды. Сондықтан 85 жылдық мерейтойдың қарсаңында ұжымның алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, басылымның ардагерлері мен бүгінгі ұжымын, сондай-ақ өзге де әріптестерімізді кәсіби мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз. Ал өзі бір күндік газетіміздің сөзі мың жылдық болғай!

Айгүл СӘМЕТҚЫЗЫ,
«Қордай шамшырағы» газетінің бас редакторы.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support