- Advertisement -

Ұстаздардың шамшырағы

191

- Advertisement -

«Білімдінің қолында алтын шырақ» деген қасиетті қағида бекер айтылмаса керек-ті. Бірақ біреуден-біреу үйренбесе, тәжірибе алмаспаса, саладағы жақсы жетістіктер насихатталмаса, білім беру ісі қалай жетілмек. Осы қажеттілік 1997 жылы бүгінгі «Білім шырағының» негізі болған «Халық тәлімі» газетінің дүниеге келуіне себепші болды. Содан бері де, міне, 20 жыл.
Облыстағы зиялы қауымның басым бөлігін құрайтын мұғалімдер үшін олардың кәсіби шеберліктерін ұштайтын, әріптестерімен тәжірибе алмасатын, саладағы жетістіктерін көпшілікке жеткізетін, қоғаммен, ата-анамен араға алтын көпір болатын, ой-пікірлерін ортаға салатын, білімді насихаттайтын арнайы бұқаралық ақпарат құралы өте қажет еді, сол бір өтпелі кезеңде.
Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының айтқанындай, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» саналатын газет ала қап арқалап кеткен мұғалімдердің мектепке қайта оралуына ұйытқы болып, оқу-тәрбие ісінің жақсы ұйымдастырылуына игі әсерін тигізгені ақиқат. Міне, содан бері, уақыт ағымына қарай алғашында «Халық тәлімі», кейіндеу «Білім шуағы» атанған, бүгінде «Білім шырағы» атауымен шығып жатқан газет өңірдің білім саласындағы өркенді істерге өзіндік үлесін қосып келеді.
Басылым тізгіні 2010 жылы қолына тиген қазіргі бас редактор Райхан Бостанова журналистикада жеткілікті тәжірибе жинақтаған қаламгер. Сондықтан жұмысты жандандырып әкету оған қиынға соққан жоқ. Бұл істе бұрыннан қызметтес-әріптес, облыс оқырманына жан-жақтылығымен жақсы таныс Ғалиябану Үсенова ол басылымға басшылық жасаған алғашқы күннен қасында. Ол қазір де редакциядағы қызметтің ыстық-суығын бірге көріп, жұмысты бірге атқарып келеді. Кез келген басылымның ішкі мазмұны мен сыртқы пішіні бір-біріне сай келіп тұрғанда ғана ол өтімді әрі таралымы көп болады. Газетті әрлендіру мен техникалық безендіруде дизайнер Жұлдыз Төленбекованың орны бөлек. Міне, осынау шығармашылық ұжымның ұйымшылдығы мен тынымсыз тірлігі арқасында газет таралымы 4000 данадан асып, мұғалімдердің ғана емес, былайғы жұрттың да сүйікті басылымына айналып отыр. Онда өңірдегі барлық білім ордаларындағы жағымды жаңалықтарды, өзекті мәселелерді түгел қамту, тақырыптың әралуандығы әрқашан басты назарда. Газет сонысымен де қызық. Оған оқырмандар қызығушылығы басым.
– Оқырмандардың шығармашылық белсенділігі артып, материалдардың көптеп түсуіне байланысты басылымның тақырып қамту ауқымын арттыру қажеттігі туындағаннан кейін, біз ғылыми-әдістемелік «Озық сабақ» және ғылыми-танымдық «Жас дарын» журналдарын шығаруды қолға алып, үшеуін «Дарын» шығармашылық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне топтастырғанбыз. Бүгінде журналдар 5000 дана таралыммен шығып жатыр. 3000 данамен шығатын «Жас дарын» журналына Ғалиябану Үсенова басшылық етуде.
– «Білім шырағы» газеті біздің сенімді серігіміз, жаңалық жаршысы, ақылшы-кеңесшімізге айналып отыр. Біз оның тұрақты түрде жаздырып алушы оқырманымыз. Газетке бүкіл ұжымымызбен жазылу үрдісі алдағы уақытта да жалғаса бермек, – дейді Тараз қаласы Б.Момышұлы атындағы №45 гимназия директоры Фарида Шортанбекова мен Жамбыл ауданы Шайқорық орта мектебінің мұғалімі Нұршагүл Сапарбаева.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support