- Advertisement -

Газет сөзінің беделі төмендемейді

132

- Advertisement -

IMG_3012Бүгінде журналистерге қойылатын талап та, талғам да өзгерді. Бұрынғы журналистиканың жетістіктерін ешкім де жоққа шығара алмайды, ал бүгінгідей ақпараттық-индустриялық қоғамда әр журналистке өз шығармашылығын шыңдап, көрермен мен оқырмандарға ой салу үшін үлкен қажырлы еңбек, тынымсыз ізденіс керек.
Қазіргі таңда кітап оқу азайды, журналистердің өзі көркем әдебиетті аз оқиды деген пікірді жұрттың арасынан көп естиміз. Журналистер оқумен, білумен дамиды, қалыптасады емес пе?! Сондықтан кітапты, газет-журналды көп оқу журналистің танымын дамытады. Бұл, әсіресе жас журналистерге көбірек бағытталған сөз. Болашақ журналистерге дәріс беретін оқушы-пофессорлар құрамының сапасы күшейгені абзал.
Ғаламтордың ақпарат айдынына дендеп енгенінен болса керек бүгінде газет-журналдардың болашағына алаңдаушылар көбейді. Мен оны негізсіз дер едім. Газет-журнал жасай береді. Баспасөзде жарияланған сындарда салмақ жоқ, мақтап жазылған мақалалар оқылмайды деген пікірге де келіспеймін. Сын өткір болса, ойып түседі. Сапалы жазылса, газеттегі кез келген мақала оқылады, оқылып та жатыр. Мұндай пікірлер бұқаралық ақпарат құралдарында бәсекенің күшейгенін көрсетеді.
Журналистика аға буындардан үлгі алу арқылы дамиды. Біздің өңірде де алдыңғы толқын ардақты журналистер жетерлік. Сол алдыңғы толқын журналистердің мектебін әлсіретіп алмауымыз қажет. Ал ақпарат құралдары іштей бірін-бірі қолдау, қорғау шаралары жалғаса береді деп ойлаймын. Мықты журналистің беделі үздік шәкірттер дайындаумен айқындалады. Жас журналистерді қолдау, қамшылау жағы біздің тараптан жиі ұйымдастырылуы керек. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде болса да түрлі байқаулар өткізіліп тұрғаны жөн.
Бұл – бәсеке. Бәсеке қашанда журналистердің дүниетанымын кеңейтеді. Әр журналисті басқаша ойлауға, бөлекше ізденуге жетелейді. Осы байқаулар нәтижесінде материалдар жинақталып, жиынтық кітап шығып тұрса дейміз.
Ал енді облыстық «Ақ жол» газетіне айтарымыз көп. «Ақ жол» газеті осы күні өркендеген, дамыған, ғажайып басылымға айналды. Бұл басылымда жарияланып жатқан материалдардың құндылығы даусыз. Құндылық құнын жоймайды, жойылмайды. Мұның барлығы «ақжолдықтардың» шығармашылық бірлігі, ізденісі деп бағалаймын.
Бүгінгі мерейлі мерекемізбен барша журналистерді, ақпараттық сала өкілдерін, «ақжолдықтарды» құттықтап, шығармашылық зор табыс тілеймін.

Мейрамбек Төлепберген,
облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support