- Advertisement -

46 жылдан бері бір газетте еңбек етіп келеді

149

- Advertisement -

Фотосуретке түсіре білу де биік талғампаздық пен асқан қырағылықты талап ететін дегдар өнер екендігін айтқымыз келеді. Суретшіліктің сиқырлы әлеміне бар ғұмырын арнаған фотосуретшінің жүріп өткен жолы мен оның туындыларына қарап, еріксіз осындай ойға қаласыз. Туған жерінің тылсым табиғатымен сырласып, сайын даланың тау-тасын, қыратын жатқа біліп өскен, сол бейнені шынайы таза қалпында жүрегінде сақтай білген Петр Норкиннің қай суретін алып қарасаңыз да, сыршылдыққа тұнып тұр. Өзіне ғана тән қолтаңбасы бар. Оның объективіне тарихи көріністер де, жанрлық суреттер де, суретшінің өзіндік әлемі саналар мезеттік атмосфералық сәттер де ілігеді. Тақырып өзегі де қарбалас өмірдің нақ өзі.
Бір қызығы, Петр Норкиннің еңбек кітапшасында 1971 жылы жұмысқа қабылданғаны туралы жалғыз жазба ғана таңбаланған. Жасы жетпіске таяп қалған баспасөз ардагерінің бар ғұмырын фотожурналистикаға арнап, бір ғана басылымда жарты ғасырға жетеғабыл уақыт қызмет атқаруы кім-кімді де қайран қалдырары анық. Көп жағдайда мақаланы жазған журналистің еңбегі еленеді де, суретке түсірген адам тасада қалып жатады. Керек десеңіз, кейбір көпіртіп жазған мақаланы бір ғана суретпен бере салуға да әбден болады. Міне, тасада жүріп осындай сенімнің үдесінен шығып жүрген Петр Палладиевич Шу ауданы бойынша «Қазақстанның құрметті журналисі» белгісімен марапатталған тұңғыш адам.
Кейіпкеріміздің аудандық баспа үйіндегі жеке бөлмесіне бас сұға қалсаңыз, құдды бір Норкиннің жеке көрмесіне кіргендей күй кешесіз. Сарғайған суреттер. Ескірген естеліктер. Ұлтымыздың біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевтың өткен ғасырдағы Шу ауданына жұмыс сапарымен келуі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да мұндағы іссапарлары, қала берді сонау 1976 жылдардағы өңірдің барлық саласы бойынша жиналған суреттер оның жеке бөлмесіндегі қабырғада сақтаулы.
«Бесінші сыныпты бітіргенде ата-анам «Смена-5» фотоаппаратын сатып алып берді. Ол заманда фотоаппарат алу деген сәнге айналған кез. Араға үш жыл салып, ақша жинап 55 рубльге «Зенит-3М» фотоаппаратын сатып алдым. Сөйтіп, мектеп жасында жүріп-ақ, өзім қатарлы балаларға фото-үйірме ұйымдастырдым. Сол кездегі фотоөнерге деген қызығушылығым әлі күнге кеміген емес. Керісінше, күннен-күнге арта түсетін секілді. Қарап отырсам, бүгінге дейін 6 редактормен жұмыс істеппін. Әрқайсының естен кетпес өзіндік естеліктері болады. Соның барлығын бәз-баяғы қалпында сақтап қалу, мына бір кішкентай құрылғының ғана қолынан келеді», – дейді ол.
Шу ауданында Петрді танымайтын жан жоқ десем қателеспеймін. Олардың көпшілігі оны «Легенда Норкин» десе, енді бірі оның еңбектерін жоғары бағалайды. Бір қарағанда тұйықтау болып көрінгенімен кейде өзі бір аңқылдақ, ақ көңіл, сондай ілтипатты, елгезек жан. Өзінің айтуынша, ертеректе әйгілі ҚазТАГ-тың басшылығы да оны жұмысқа шақырған көрінеді. Кейінірек облыстық және республикалық басылымдар да шақырған. Алайда, өзге жерде өнерін өркендеткенше, туған жеріндегі қайнаған тіршіліктің нақ ортасында жүруді жөн санаған ол осында тұрақтап қалды.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support