- Advertisement -

Сөйлеп тұрған «Қазақстан-Тараз»

98

- Advertisement -

Облыстық радио қызметінің тарихы тереңге кеткен. Сонау 1920 жылдан бері эфирге таратылып келеді. Әуелгіде сым желісі арқылы радио нүктелерге, телефон желісімен аудан орталықтарына жеткізілетін. Радио өз қызметін жаңадан бастаған жылдары журналистер 1-2 минуттық хабарлама жасау үшін бір күнін өткізетін. Оның үстіне, ол кездегі дыбыс жазатын жылжымалы магнитофон өте үлкен болып, салмағы 32 келіге дейін жететін еді. Кейінірек облыстық радио ақпарат редакциясы құрылып, өңір жұртшылығына тұрақты түрде хабар тарата бастады.
Радиода аудиториямен байланыс жақсы жолға қойылған. Тікелей эфирге шыққан уақытта телефонда тыным болмайды. Қысқаша айтқанда, радио тыңдармандар – біздің сыншыларымыз. Қазіргі таңда облыстық радионың тыңдарманы – 500 мың адамға жетті.
Біздің радионың «Алтын қорында» көптеген танымал тұлғалардың өз дауыстары жазылған үнтаспалар сақталған. Дінмұхамед Қонаев ағамыздың еліне арнаған лебіздері мен пікірлері солардың қатарында тұр. Әуезді үнімен жұрт жадында жатталған, қазақтан шыққан тұңғыш диктор Әнуарбек Байжанбаевтың, Бауыржан Момышұлының да өз даусы жазылған таспа сақтаулы. Сондай-ақ, Мұқағали Мақатаевтың оқыған өлеңдері де «Алтын қорда» тұр. Бүгінде «Алтын қорды» толықтырып отыру үшін еңбек етіп жатырмыз. Бұл – болашақ үшін асыл қазына.
Қазіргі таңда аталған жұмыстың бәрі лезде, оңай жасалады. Журналистердің қолында алақандай диктофон. Бұрын тілшілер өңдеу жұмыстарына 1 күн сарп етсе, қазір озық компьютерлік құралдармен жарты сағатта орындап шығады. Қазіргі таңда ұялы телефондардың кең қолданысқа енуі – радио қызметіне де жаңа леп әкелді. Ендігі жерде тыңдармандар бұрынғыдай редакция телефонына хабарласып, кезек күтіп тұрудың орнына уатсап арқылы аудио дыбыс жібере алады. Осындай жедел қызметінің арқасында радио ақпарат тарату жылдамдығы бойынша интернеттен кейін екінші орынға шықты.
Біздің эфирге шығатын уақытымыз – 16:00 мен 18:00 аралығы. Осы екі сағат көлемінде 100.8 FM радио жиілігінде «Қазақ радиосы» толқынында облыс жұртшылығына хабар таратылады. Екі сағат аралығында өте көп мәлімет сыйдыруға тырысамыз. Мәселен, эфир уақытында қазақша – 4, орысша – 4 мәрте жаңалықтар таратамыз. Бұдан бөлек әр журналистің жеке авторлық жобалары бар. Соларды өз кезегімен эфирге жіберіп отырамыз. Жасыратыны жоқ облыстық радиоға бөлінген 2 сағат мөлшері ұжымға жетпей қалып жатады. Осыған байланысты республикалық «Қазақстан» ұлттық телеарнасына эфир көлемін ұзарту туралы өтініш бердік. Сондай-ақ, алдағы уақытта біздің ұжым өз алдына жеке радио жиілігіне шығуды жоспарлап отыр.

Қырмызы Жексенбек,
«Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалы «Қазақстан-Тараз» радиосының аға редакторы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support