- Advertisement -

Кооперативтің тиімді екеніне көз жеткізді

91

- Advertisement -

Облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен агроөнеркәсіптік кешен нысандары мен жеке және қосалқы шаруашылықтар өкілдеріне арналған тегін оқыту семинарлары жалғасуда. Оның Байзақ ауданының Қостөбе ауылында,Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты» базасындағы кезекті өткізіліміне 22 шаруа қожалығының өкілдері қатысты.
Оларға Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының профессоры Ғалия Үйсімбаева қатысып, ауыл шаруашылығы саласындағы бизнестің дамуы, фермерлік кооператив жүйесіне, жерді ұтымды пайдалануға бөгет болатын кедергілер мен олардың жою жолдары, жалпы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігудің артықшылықтары туралы тарата айтып берді.
«Ұсақ шаруа қожалықтары үшін қаржыландыруға қол жеткізу қиын. Материалдық техникалық базалары да төмен, ауыл шаруашылығы техникасының жеткіліксіздігі, тұқым, тыңайтқыш, жем, жанар-жағармай, басқа да қажеттіліктер үшін қаржының жетіспеушілігі де орын алады. Көптеген шағын шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдау шараларын –субсидияларды, несиелендірудің кепілсіз жеңілдіктерін пайдалану оңайға соқпайды», – деді Ғалия Үйсімбаева.
Профессордың айтуынша, қазіргі уақытта ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері» туралы заң бар. Кооператив мүшелері барлығы тең құқықты. Яғни, қазіргі кооперативтер бұрынғыдай «колхоз» емес. Оған мүшелікке өткен әрбір шаруаның ортақ пайдалануға берген техникасы, жері мен мал, мүлкі өзінің жеке меншігінде қала бермек. Заңды тұлға ретінде де, экономикалық тұрғыда да шаруа қожалығы сақталады. Сонымен қатар олардың кооперативке мүшелікті ұрпақтарына мұра етіп қалдыруға да құқы бар. Әлбетте, 3-4 адам бірігіп те кооператив құра алады. Тек, мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мен қолдау-көмектен қағылатыны болмаса. Себебі субсидия кемінде кооперативтің құрамында 20 мүше болған жағдайда ғана төленеді.
Семинар барысында ауылдық тауар өндірушілер кооперативке бірігудің тиімді тұстарына жан-жақты қанық болды. «Өткен жылы құрылған егін шаруашылығы бағытындағы «Сарыөзек» ауыл шаруашылығы кооперативіне бүгінде 42 шаруа қожалығы мүше. Шаруалар жалпы 38 гектар жерге қызылша, жүгері, көкөніс егіп, өсірді. Кооперативке бірігудің нәтижесінде мемлекет тарапынан минералды тыңайтқыштарды пайдаланғанымыз үшін гектарына 60 000 мың теңгеден субсидия төленді. Сонымен қатар бірқатар техника сатып алдық. Мұның бәрі – шағын шаруашылықтардың іріленуінің жемісі», – деді бұл тұрғыда кооператив басшысы Шаяхмет Ибраимов.
Егін шаруашылығы саласын дамытуға арналған семинар тәжірибелік сабақтармен ұштасты. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Ақбота ҚАЙНАР,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support