- Advertisement -

Әдебиеттегі әлемі бөлек Әдібай

116

- Advertisement -

Әдібай Табылдиев туралы қолыма қалам алып, лебіз білдіремін-ау деген ой ғұмырымда болған емес. Таяуда «Қазақстан» телеарнасынан «Дара жол» бағдарламасын көрген соң, 1962 жылдардағы тәтті қиялымды, бақытты балалық шағымды еске алдым. Содан соң жазу үстеліне отырып, шағын жазуға кірістім. Балаларға арнап 31 кітап, 120 энциклопедиялық ғылыми мақала, оннан астам ғылыми әдістемелік оқу құралдары, «Тағылым», «Халық тағылымы» және өзге оқырманына ой салатын, тәрбиелік мәні бар, ерекше құнды кітаптар жазып, ауылда еңбек жолын бастап, сол кездегі астана Алматыға қоныстанып, ғылым докторы, профессор атағын алып, өзіндік сара жолмен келе жатқан оның бейнесі көз алдымда.
Осы жолдардың авторы қазіргі Т.Рысқұлов ауданының «Жаңатұрмыс» колхозындағы Қаныш Сәтбаев атамыздың атындағы орта мектептің сегізінші сыныбына Меркіден ауысып барғанда, сол кездегі Луговой ауданы мен Меркі ауданы бірігіп, бір ауданның есімін иеленіп тұрған шақ еді. Ол уақытта Әдібай ағамыз мектеп директоры екен. Бізге әдебиет пәнінен сабақ беретін.
Мен ғалым ағамыздың болмысын, бала кезімде жадымда сақталып қалған, аласа ғана бойлы, бұйра шашты, артық еті жоқ, көзі күлімдеп, мейір шашып тұратын, жібектей мінезді мұғалім ретінде ғана елестете алам.
Ол кезде «Жаңатұрмыс» колхозы маған неге екенін білмеймін, қала іспеттес көрінуші еді. Оның шешуін кейін таптым. Сөйтсем мектеп бітіргендер түгелдей дерлік үлкенді-кішілі оқу орындарына түседі екен. Олардың біреуі келіп, біреуі кетіп сапырылысып, өздерімен бірге қаланың да мәдениетін ауылға ала келеді. Орталық көшеде сол кезде-ақ самаладай шамдар жанып, жарқырап тұратын. Дәл клубтың алдында, бағананың басында «Колокол» дейтін радио сайрап, жаңалықты жеткізіп, тамылжыған ән шалқитын. Іргелес кеңсе мен клубтың артында қаладағыға бергісіз шамасы 7-8 гектардай-ау деймін саябақ та бар еді.
Екі оқу орнын бітіргенде орны ерекше төрт мұғалім, бірі ҚазҰУ-да дәріс берген Темірбек Қожакеев, екіншісі мектеп бітірген соң алты ай ғана орысша автомектепте жүргізушілікке оқытқан Ескерген Сырлыбаев және әдебиет пәнінен дәріс берген Әдібай Табылдиев, Жамбыл зоотехникалық малдәрігерлік техникумының директоры Шәймерденовтер жаныма өшпестей, ұмытпастай із қалдырды.
Төрт ұстазымның да сабағында шыбынның ызыңы естілмейтін. Әдібай ағайымыз сабақты түсіндіріп, бір жерге келгенде үн-түнсіз терезеге қарап, қимылсыз ұзақ тұрып қалатын, содан соң отыра қалып, бірдеңелерді жазатын. Кейде сол сыртқа қарап тұрған бойы сабақ түсіндіруін жалғастыратын. Ал біз тып-тыныш отыратынбыз.
Жалпы мектептің педагогикалық ұжымының сол кезде туы желбіреп тұрған болатын. Біздің сыныптағы екі-үш шәкірт физиканың үш курсының қалаған жерінен ашып, тақырыбын айтсаңыз «пәленшесінші тараудың, пәленшесінші тақырыбы» деп тақырыпты зуылдата жатқа айтатын. Оның жарқын айғағы үш оқушының алтын, екі оқушының күміс медальдарға ие болуы шығар.
Мен білетін Сейітманап Әлімқұлов ғылым кандидаты, ал қатарлас оқыған Төлеген Егембердиев медицина ғылымдарының докторы. Мектепте бірнеше үйірме жұмыс істейтін. Соның «фотокружок» дегеніне Жеңіс Қабылбеков, Есіркеп Қалиев және мен қатысып, «Смена» деген фотоаппаратпен сурет түсіріп, сол мектептің бір кабинетінде суреттерді шығаратынбыз. Ол «шеберлігімізді» мектептің қабырға газетінде де шығарып, мәз болатынбыз.
Бірде қараңғы кабинетте фотостудияда сурет шығарып отырсақ бір адам келіп, баланың даусымен: «Әй, Есіркеп бері келші, шығып кетші», – деп қоймай қойды. Есекең де: «қолым тимей жатыр», – деп болмайды. Анау да қайтпайды. Содан соң бейпіл сөз айтып шығарып салды. Кеткеннен кейін «кім болды екен?» деп шықсақ, мектептің директоры. «Өлген жеріміз осы екен ғой» деп тұра қаштық. Ертесіне шақырып, ұрыспай-ақ нендей сурет шығарып жатқанымызды көргісі келгенін, талабымыздың орынды екенін құптап, ақылын айтты.
Мектепте үнемі жаңа жылға бір ай қалғанда колхоздың клубында әр класс күн сайын көрініс көрсетіп, ән салып, би билеп кәдімгідей сынға түседі. Оларға жаңа жылда арнайы жүлде беріледі. Мектептің сол кездегі абыройынан ат үркетін еді. Әдекең ағайымыз өзі ортасына отырып, мандолинада ойнайтын. Бақыткүл атты қызы күйді күмбірлететін.
Сол кезек сегізінші сыныпта оқып жүрген бізге де келді. Барымызды базарлап жатырмыз. Жаңылмасам, Шона Смаханұлының «Мешкей» деген сықағын оқыдым. Жалпы 1962 жылдан бері есімде қалған нобайы «Беті де ұрт, ұрты да ұрт, аламан ауыз месқарын, ал танысып қоялық, менің атым бесқарын. Мейлің бие сой, мейлің түйе сой, болдым деп ағаң айтқан емес, алдынан ас қайтқан емес. Ас қайтармаған батырдың ісі, ас қайтарған қатынның ісі» дей келе «уп шөлдедім деген соң, бір шара аяқ шалап береді, оны да жалап береді». «Сонда мұның бәрі қайда кетеді?» деген сұраққа: «Менде қарын жетеді, майдың қарны оң жағымда, шайдың қарны сол жағымда, нанның қарны анда, сүттің қарны мұнда, еттің қарны ортасында, бір басыңда бес қарын, айда же, қорқасың ба?.. деп Бекең масаттанды, Басқа қонақ аш аттанды» деп бітеді.
Бұл оқиғаны еске алып отырғаным, ертесіне бүгіндері тоқсанға келіп, әлі күнге тіс дәрігерін «танымайтын» отыз екі тісі түгел директор ағайымыз мені кабинетіне шақырып: «Серік, кешегі сықақты қайдан алдың, өзің шығардың ба?» – деді. Мен: «Жоқ, «Мәдениет және тұрмыс» журналынан жаттадым», – дедім. Әдібай аға: «онда маған да сол журналды әкеліп берші», – деді. Әкеліп бердім. Әңгіме бітті. Жоқ бітпепті. Тоқ етері, концертке сол колхоздың бастығы да қатысып отырыпты. Аты Бекең (қысқартқанда) боп келетін басшы «… деп Бекең масаттанды, басқа қонақ аш аттанды» дегенді «оқушыларың мені келекетті, сықақты өзің жазып бердің» дегендей де өкпе-араз бопты. Оның бәрін кейін естідік қой.
Мүмкін әдебиет пәнінен дәйекті білім алғаннан соң ба, әлде сол кезде-ақ бұрынғы Меркі аудандық «Коммунизм туына», кейін Алла жар болып жиырма екі жылға жуық редакторлығын атқарған газетте «Сыр», «Бақ-Бақ», «Шалапай» сияқты шағын өлеңдерім шығып, мақалаларым жарияланғанынан ба, әйтеуір журналистік салаға бет бұрдым.
Ал тоқсанға келіп толысып, ғұмыры бақытпен, қуанышпен тоғысып, жазғандары жарқырап тұрған абыз Әдібай ағамызға тек күннің шуағын, шабыттың мөлдір бұлағын, қайратының қайтпауын, немере, шөберелерінің күміс күлкісіне көміліп, шуағына шомылып, аман жүруіне тілектестігімді білдіремін.

Серік Құралбай,

Меркі ауданы.


«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support