- Advertisement -

Футболды қойшы, қазақ күресте қашан легионерге үміт артып еді?

118

- Advertisement -

 Сенгеніміз «келімсек» те, 

өз өреніміз «еріншек» пе?

Қазақта «Көтердім 51 пұт кірдің тасын» деп жырлаған Балуан Шолақ, Қажымұқан, Жақсылық Үшкемпіров секілді өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом тұлғалы балуандар көп болған. Белдескеннің белін үзе жаздаған, қарсыласын алып та, шалып та жыққан баһадүрлеріміздің дара жолы мен толайым табыстары өскелең ұрпақ үшін бағдаршам іспеттес. Кейінгі жылдары ұлттық спортымыз қазақ күресін де әлемдік аренаға шығаруға талпыныстар жасалып жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, қазақ күресі кей салмақтар бойынша Азиада бағдарламасына енді. Әйтсе де, соңғы кезде төл спортымызда шетелден келген «келімсек» балуандар көбейіп барады.
Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік алғалы күрес түрлерінен Олимпиада ойындарында 17 медаль жеңіп алды (дзюдоны қоссақ 20 жүлде). Олимпиадалық медаль саны бойынша күрес екінші орында тұр. Алайда, осы 14 медальдің біреуі ғана алтын. Бес рет балуандарымыз финалда сүрінсе, 11 мәрте қолаға қол жеткізді. Бір қарағанда жап-жақсы көрінетін статистиканы тарқатқанда, біраз мәселенің басы ашылады.
Олимп шыңын бағындырған жалғыз қазақстандық балуан – грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко. Ол Қырғызстанда туып, сонда өссе де, 1990 жылы Қазақстанға біржола қоныс аударды. Мельниченконы легионер деп нақты кесіп айту қиын. Жалпы елімізге сіңірген еңбегін, қырғыз бен қазақтың бауыр елдер екенін қаперден шығармасақ, Юраны өз өреніміз деп қабылдайтынымыз сөзсіз.
Жоғарыда айтылған 17 медальдің жартысына жуығын «келімсек» спортшылар әперді. Мысалы, 2004 жылы өткен Афины Олимпиадасында жеңіп алған 2 күміс пен 1 қола медаль иегерлері сырттан келген спортшылар болатын. Афиныда ақтық сында сүрінген грек-рим күресінің шебері Георгий Цурцумияның ұлты – грузин. Ол Қазақстан сапында 2001 жылдан бастап қана өнер көрсете бастады. Тағы бір күміс жүлдегеріміз, еркін күресте еркін ойқастаған Геннадий Лалиев – осетиндік спортшы. Ол 1999 жылы Қазақстанға ауысып келді. Ал грек-рим күресінен қола жүлдеге қол жеткізген Мхитар Манукян Армения құрамасы сапында, тіпті 1996 жылы Олимпиадаға қатысып үлгеріпті. Ол Қазақстан атынан жарысқа 1997 жылдан бастап шыға бастады.
Бейжіңдегі 5 медальдің екеуін легионер балуандар жеңіп алды. Жалғыз күмісті қанжығасына байлаған еркін күрес шебері Таймураз Тигиев – Владикавказдың тумасы. Ол Қазақстан сапына 2006 жылы қосылды. Оған дейін Ресей чемпионы (2003) атанып үлгерген-ді. Еркін күрестен Олимпиадада қола медаль алған Марид Муталимов Дағыстанда дүниеге келген. Муталимов Қазақстан атынан екі рет Олимпиадаға қатысты.
Лондон Олимпиадасында балуандарымыз үш қола жүлде иеленгені белгілі. Соның екеуі «келімсектердің» арқасында бұйырды. Мәселен, грек-рим күресінен олжа салған Даниял Гаджиев – дағыстандық спортшы. Ол 2003 жылы жастар арасында Ресей чемпионы атанған екен. Ал Гюзель Манюрова Ресей атынан Афины Олимпиадасына қатысып, күміс жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Сондай-ақ ол Қазақстан атынан Лондон және Рио Олимпиадаларына қатысты. «Тұманды Альбионда» Гюзельге қола медаль бұйырса, Риода күміс жүлдені қоржынға салды.
Қазақстанда туып-өсіп, Олимпиада жүлдесін алған балуандар санаулы. Атланта Олимпиадасы кезінде еркін күрестен Мәулен Мамыров жүлделі үшінші орынға қол жеткізді. Ал Сиднейде еркін күрес шебері Ислам Байрамуков ақтық сында ғана сүрінді. Бейжің Олимпиадасында грек-рим күресінен сынға түскен Нұрбақыт Теңізбаев, Әсет Мәмбетов және Елена Шалыгина қола медальді місе тұтқан-ды. Кейіннен Теңізбаевтың қоласы күміске айналды. Нұрбақытты байрақты бәсекеде ұтқан Әзірбайжан спортшысы Виталий Разимовтың қанынан рұқсат етілмеген препарат табылып, ол жүлдесінен айырылып, Теңізбаевқа күміс жүлде табысталды. Лондон Олимпиадасында еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров жеңіс тұғырына шығып, үшінші орынға тұрақтады. Риодағы байрақты бәсекеден қыздарымыз ғана жүлдемен оралған-ды. Өзіміздің төл балуанымыз Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова қола медальға қол жеткізді.
Әлем чемпионатында қазақстандық балуандар 38 медальді (5 алтын, 11 күміс, 22 қола) қанжығасына байлапты. Соның 10-ы жерсіндірілген спортшыларға тиесілі (2 алтын, 2 күміс, 6 қола). Өкінішке қарай, 1998 жылғы әлем чемпионатынан кейін алтын алуға біздің балуандардың шамасы келер емес. Естеріңізде болса, сол жылы Бақтияр Байсейітов байрақты бәсекеде топ жарған еді. Ал 1999 жылғы турнирде Мхитар Манукян жеңіс тұғырының биігіне шықты. Содан бері отандастарымыз әлемдік аренада чемпиондыққа қол жеткізген жоқ.

Сенген серкем сен болсаң…

Бейжің Олимпиадасына еркін күрестен Ақжүрек Таңатаровты емес, «келімсек» Леонид Спиридоновты үкілеп қостық. Алайда, «қинап қосқан тазы түлкі алмас» дегендей, сол сенген Спиридоновымыз түк бітірмей, туристер қатарын толықтырып қайтты. Сол кезде қарсыласының әлеуетін жақсы білетін жамбылдық жампоз Ақжүрек Таңатаров оның ұзаққа шаппасын айтқанда, әлдекімдер мазақтап күлген еді. Ал Лондонда Ақжүрек ел сенімін ақтады емес пе? Ендеше, Бейжіңде батырдың бағын байлағанымыз сөзсіз. Тіпті, Қытай астанасында жүлде алмаса да, тәжірибе жинап қайтатыны анық еді.
«Шетелден легионер әкелген дұрыс емес. Оларды шақырып жатқандар күрестен хабары аз, оны түсінбейтін, қазақтың жағдайын білмейтін жандар ғой. Негізі жаттықтырушылар да оған қарсы. Таяуда Маирбек Юсупов деген жаңа жаттықтырушы тағайындалды. Келгеніне 1,5 ай болса да, тез арада қазақ балуандарын жаңа деңгейге көтеріп тастады. Азия ойындарындағы жетістігіміз соның дәлелі. Менің жасым 31-де болғанына қарамастан, тез арада қалпыма келуіме жәрдемдесті. Ендеше, өзіміздің балуандарға сенуіміз керек. Біздің алдымызда Жақсылық, Дәулет секілді ағаларымыз бар. Егер мүмкіндік берсе, солар секілді чемпиондар қазақ арасынан шығатыны анық», – дейді Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров.
Рио Олимпиадасында да асауға тұсау салдық. 86 келіде белдесіп жүрген Құланның құлжасы Әділет Дауланбаевтың Олимпиадаға баруы дауға ұласты. Ақыры үш бірдей додада Әділетке есе жіберген легионер Аслан Кахидзені Олимпиадаға әлпештеп апардық. Сергей Белоглазов сенген саңлақ түк тындырмай, көптің бірі болып қайтты. Осылайша, бабы келіскен Әділеттің бағын сынауына мүмкіндік берілген жоқ. Айтпақшы, жергілікті спортшылардың әлеуеті облысымызда да лайықты бағалана бермейді. Қазір көрші облыстардың намысын қорғап жүрген жамбылдық балуандар бар. Нәтижелері көңіл тоғайтады. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы осыны назарда ұстап, өз өрендерімізді өңірге қайтарса дейміз…
Міне, тәуелсіздік алғалы бері күрес түрлерінен Олимпиада ойындары мен әлем біріншілігінде қол жеткізген жетістіктеріміз осы. Қазақстан күрестен әлем чемпионаты медальдары саны бойынша бүкіләлемдік тізімде 31-орынға, ал Олимпиададағы медаль саны бойынша 35-орынға жайғасқан. «Күрес – қазақтың төл спорты» деген пікірді жиі айтамыз ғой. Әлем және Олимпиада ойындарындағы жетістігіміз бұған әзірге қарсы келіп тұрған сыңайлы. Оның үстіне, әр Олимпиада сайын Қазақстан атынан «кірме» балуандар сайысқа түседі. Жоғарыда солардың қатырып жетістікке жетпегенін де келтірдік. «Кірмелердің» ешқайсы Олимп шыңын бағындыра алған жоқ. Ондай спортшыларды топтап әкелгеннен не ұтамыз? Легионерлердің байрақты бәсекеден жүлдесіз оралғанынан, өзіміздің балуандарымыз барып келгені тиімді емес пе? Тіпті, жүлдеге таласпаса да, спортшы үшін үлкен тәжірибе мектебі болатын еді. Ендеше, өзгенің батырын жабулап бәйгеге қосқанша, өзіміздің өрендерді дүбірлі бәсекеге жіберу ел үшін де, спорт үшін де тиімді болатыны анық.

Абай ОТАР,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support