- Advertisement -

Тараздықтар қызыға тамашалауда

107

- Advertisement -

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен бүгінгі таңда екі бірдей көрме тараздықтар назарына ұсынылуда. Алғашқысы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай суретшілер мен қолөнершілердің «Дала әуені» атты облыстық шығармашылық көрмесі болса, екіншісі – Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ертіс – Павлодар өңірінің тарихы» көшпелі көрмесі.
Облыстық көрме залында жасақталған «Дала әуені» көрмесі ашылған күннен бастап-ақ көрушілерден үзілген емес. Онда республикалық байқаулардың жеңімпазы, белгілі қолөнер шебері, суретші Қазым Аманқосовтың және оның талантты шәкірттерінің шығармалары мен туындылары қойылған. Атап айтар болсақ, ағайынды суретші, қолөнершілер Серік және Асан Бейсеновтер, қолөнерші Сәуле Мұсаева, сондай-ақ әке жолын қуған Дариға Қазымқызының шығармалары көруші­лерге әдемі әсер сыйлауда.
Әсіресе, Қ.Аманқосовтың «Биші тораңғылдар», «Уақыт», «Дала әуені», «Жұмбақтас» секілді картиналары, С.Мұсаеваның әшекей және сәндік қолданбалы қолөнер бұйымдары, Асан Бейсеновтің «Тұғыр» атты жұмыстары көрме қонақтарының ерекше қызығушылықтарын оятуда.
– Көрмеге барлығы 200-дей жұмыс қойылып отыр. Олар өзімнің және шәкірттерімнің ең таңдаулы деген шығармалары. Бұйыртса, осы шығармаларымызды Елордамызда өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне облысымыздың атынан апарып, қонақтардың назарына ұсынамыз. Аттай қалап, ұнатып жатса естелікке сыйлап, сату да ойда бар, – дейді Қ.Аманқосов.
Ал облыстық музейдің кең залдарының бірінде әзірленген «Ертіс – Павлодар өңірінің тарихы» атты көрмеде Павлодар облысының өткенінен сыр шертетін құнды жәдігерлерді тараздықтар ерекше ықыласпен тамашалауда. Сол өңірден шыққан батырлар мен жыраулардың, тарихи тұлғалардың өмірінен түрлі мәліметтер беретін жәдігерлер көрменің маңызын арттырып тұр. Көшпелі көрмеге барлығы 200 экспонат әкелгендерін айтқан Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Әлия Жомартова осыған дейін Түркістан, Шымкент, Семей, Ақтау, Астана, Омбы қалаларында болғандарын жеткізді.
Алдағы бір ай бойы келем деушілерге екі көрменің де есігі ашық.

«Ақ жол-Ақпарат».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support