- Advertisement -

Қазақша ойлап, орысша жазады

174

- Advertisement -

Белгілі журналист Көкен Оршабеков – 60 жаста

Журналистика – билік пен бұқара арасын жалғайтын алтын көпір десек, журналист – қаламын серік еткен осы алтын көпірдің жанкешті жолаушысы. Жанкешті болатыны сол, кей кездері маңызды мәселелерді көтеру барысында от пен судың арасында жүруге тура келеді. Міне, осындай қоғамдағы орны бөлек, көтерген жүгі ауыр журналистика деген әмбебап саланың сайыпқырандары ғана талай сыннан сүрінбей өтіп, өз мамандығының нағыз иесі, құрметтісі атанады.
Өңірімізге белгілі журналист, біздің кейіпкеріміз – Көкен Оршабеков те мылтықсыз майданда қаламын қару етіп, жанкешті мамандықтың биік белесіне көтеріле алған еңбеккеш жан. Бүгінде асқаралы алпыс жасқа аяқ басып отырған ол бар өмірін журналистиканың қызығы мен шыжығына арнап келеді. Облыстық орыс тілді «Знамя труда» газетінің бөлім редакторы болып қызмет атқарып жүрген Көкен осы уақытқа дейін бұл салада аянбай тер төгіп, елеулі еңбек етті. Облысымыздағы орыс тілді газеттердің ішіндегі бас басылымның аға қызметкері, белді өкілі десек те, Көкен Оршабеков қазақша ойлап, қазақша сөйлеуде еш кемшілікке бой алдырмайды. Тіпті, орыс мектебін бітірсе де, ана тілінде әңгіменің майын тамызып айтып, қазақы қалжыңмен қағытып қоятыны бар. Қазақ тілінің қамқоршысы, жанашыры десек, артық айтпаймыз.
Халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтпақшы, «жегені жантақ» болса да, «арқалағаны алтын» журналистер қауымы елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап қана қоймай, қоғамда орын алған барлық жақсылықтың жаршысы атануға асығады. Сонда ғана ол билік пен халықтың ортасындағы алтын көпірге айнала алады. Десек те, бүгінде қазақ журналистикасының қара нары атанған Шерағамыздың осы бір сөзін шағым ретінде айтатындар көбейді. Ал Көкен Оршабеков бұл тәмсілді мақтанышына айналдырған. Өйткені, ол өз кәсібін жанындай жақсы көріп, сүйсініп атқарады. Содан жаны рахат табады. Қырық жылдан аса қаламын қолынан тастамай, талмай тілшілікпен тіршілік етіп жүрсе де, жалыққан сәті жоқ. Әлі де ширақ, әлі де тың. Адымы алымды, қаламы қарымды. Айтарын анық, ойын қанық береді. Қай тақырыпты қаузаса да елеп, екшеп, ақ пен қараның аражігін ажыратып жазуға ұмтылады.
Енді өткенге бір сәт көз жүгіртсек. Сонау 1974 жылы орта мектепті бітіре сала, аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің редакторы А.Андреевтің ақылымен Красногор аудандық «Коммунизм жолы» газетіне орналасуға бел буады. Аталмыш газетте алғаш еңбек жолын корректорлықтан бастайды. Бірақ, бір жылдан соң әскерге шақырылады. Азаматтық борышын өтеп келген соң, редакцияға қайта қабылданып, тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасарына дейінгі қызметтерді абыройлы атқарып, қарым-қабілетін танытады. 1985 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Алматы жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, білім алады. Дәл сол тұста Красногор ауданы Қордай ауданына қосылып, жабылып қалады. Содан Сарыбұлақ орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Балаларды оқытып жүрсе де, журналистикаға қарай бүйрегі бұрып, аңсары ауады да тұрады. Ақыры арманы орындалып, баяғы тәжірибесі ескеріліп, жаңадан ашылған «Қордай жаршысы» газетіне редактор болып тағайындалады. Сонда біраз жемісті жұмыс атқарып, 1998 жылы екі ұл-қызымен облыс орталығына қоныс аударады. Жақсы кадр, білікті маман қашанда сұранысқа ие. Көкен Оршабеков Таразға келе салысымен облыстық «Знамя труда» газетіне орналасады. Тәжірибесін толыстырып, шеберлігін шыңдап алған ол көп ұзамай қалалық «Жамбыл-Тараз» газетіне редакторлыққа тағайындалады. Өзінің іскерлігімен, талапшылдығымен газетті түрлендіріп, жаңа сипатқа ие етеді. Орыс тілді газетті қазақ тілінде де шығару жолында өлшеусіз еңбек етіп, сол мақсатқа жете білді. Тараздық оқырмандардың алғысына бөленіп, ойлы дүниелер, тартымды мақалалармен көптің көңілінен шығады.
К.Оршабеков әр жылдары республикалық «Литер» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, «Вечерний Астана» газеті редакторының орынбасары болып нәтижелі қызмет етеді. Қазіргі таңда облыстық «АрСтан» апталық газетін қосымша шығарып келеді. Осының бәрінде ол өзінің еңбеккештігін, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығын байқатуда. Елдің көкейіндегі жайттарды тап басып тауып, оны басылым бетінде көтеріп, жеріне жеткізе жазып жүр. Оның көп жылғы еңбегі елеусіз қалған да емес.
Әріптестер арасында сыйлы, отбасында адал жар, үлгілі әке К.Оршабеков бір ұл, бір қыздың әкесі. Облыс журналистикасында өзіндік орны бар ол алдағы уақытта да қаламының қуатымен оқырмандарын қуантып, шығармашылық табысқа жете беретініне сенімдіміз.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support