- Advertisement -

Аса қажет алты басымдықпен алға басайық

105

- Advertisement -

Алға ұмтылу үшін санаға сілкініс керек. Қарапайым өмір қағидасы осы. Қазіргідей жат идеологиялар үлкен қауіп тудырып тұрған кезеңде ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту аса қажет. Бұл – аға буынның өскелең ұрпақ алдындағы міндеті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы мақсатты айқындап берді. Алайда бұқаралық сананы өзгерту оңай емес. Сананың ашықтығын, прагматикалық көзқарасты қалай қалыптастырамыз? Озық дәстүрлерді қазіргі рухани жаңғырудың негіздерімен табысты ұштастыра аламыз ба? Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының актив жиналысында «нұротандықтар» осы мәселелерді талқылады.

Еліміз Президент белгілеп беріп отырған мақсат-мұратты іске асыруға толықтай қауқарлы. Оның алғышарты да қалыптасқан. Ол – іріктелген, екшелген ұлттық құндылықтарымыз. Бастысы, мықты ұстанымымыздан айнымауымыз керек. Актив жиынында Елбасы атап көрсеткен міндеттерге тоқталған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев осылай тұжырым жасады.

IMG_1402 IMG_1392 IMG_1385 IMG_1376 IMG_1383– Философиялық және ғылыми ойларға толы осы мақала арқылы Ұлт Көшбасшысы қоғамға саналы ой тастап, әрбір отандастарымызға өз дүниетанымын өзгертудің нақты жолдарын ұсынған. Алыстан ойлап, тереңнен толғаған Елбасы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміздің экономикалық және саяси өркендеуімен қатар, қоғамның да рухани дамуына айрықша көңіл бөлді және осы бағытта ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылып келді. Ел мүддесі үшін қолға алған игілікті істердің басы-қасында Елбасының сенімді серігі – «Нұр Отан» партиясының да жүргені халыққа аян.
Елбасы өз еңбегінде рухани жаңғыруымызға аса қажет алты басымдықты айқындап, бір-бірімен етене жақын тұстардың ой-жүйесін жалғастыра түскен. Олар: бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы. Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртуға арналған «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу екенін атап көрсетті. Ұлттық кодымызды сақтау кешелі-бүгін көтеріліп туындаған мәселе емес. Бұл – Елбасының көптен бері сараптап, ой сүзгісінен өткізіп, ата-бабадан қалған мирасты жолды жалғап, сын сағатында ұлтына қайта ұсынып отырған киелі дүниесі, – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жат идеологиялар арқылы келетін қатерден сақтанудың бірнеше жолын ұсынды. Соның бірі – Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі. Президент бұл жобаның ерекшелігін: «Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды» деп атап көрсеткен. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Ұлт Көшбасшысының екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарын атағаны кездейсоқтық емес екенін айтады.
– Н.Ә.Назарбаев осы тұста – халқымыз үшін Ұлытау, Түркістан, Бекет ата кесенесі сияқты киелі орындардың қатарына екі мың жылдан астам тарихы бар, Ұлы Жібек жолының күре тамыры болған, ежелгі Тараз шаһарын атауы кездейсоқ емес. Елбасы сөзімен айтсақ, «Тараз – тарихымыздың темірқазығы». Бүгінде біздің қасиетті өңірде Қарахан баба, Айша бибі, Бабаджа хатун, Тектұрмас бабалардың ғасырлар қойнауынан келген көне ескерткіштері мен Тараздың бүгінгі гүлденген бейнесін насихаттау арқылы өңірде туризм кластерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Егемен еліміздің киелі жерлерінің географиясын қайта жаңғыртудағы ең басты мақсат – осындай бай географиялық байлығымызды өскелең ұрпақ болашағымен сабақтастыра отырып, әлем халықтарына паш ету, – деген Кәрім Нәсбекұлы жамбылдықтарды халқымызды рухани жұтаңдықтан сақтайтын мыңжылдық тарихымызда алғаш рет қолға алынған осындай ауқымды жобаны жұмыла жүзеге асыруға шақырды.
Облыс әкімі мақаладағы көрініс тапқан кешенді шараларға жеке-жеке тоқталды. Соның ішінде «Туған жер» бағдарламасының мәні ерекше екенін атап өтті. «Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасы барша азаматтардың туған өлкесімен тығыз байланысын орнатуына ықпал еткелі отыр. Жалпы, бұл бағытта біздің өңірде бұрыннан қалыптасқан оң тәжірибелер бар. Бұл үрдісті барлық аудандардан кездестіруге болады. Көпке танымал, жұртқа жақын өңір азаматтары өздері туып-өскен ауылдарына әркезде көмек қолдарын созып, түрлі мақсаттағы әлеуметтік нысандарын салуға қолдаулар көрсетіп келеді. Бір ғана мысал, спорт саласында соңғы екі жылда облыста жеке кәсіпкерліктің қолдауымен ондаған спорт нысандары салынды», – дей келе спорт кешендерін салып берген Манарбек Ағайдаров, Юрий Цхай, Қайрат Молдасейітов, Мұқаш Ескендіров сынды азаматтарды атап өтіп, партия белсенділеріне осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесі бюросының мүшесі, Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы Рүстем Бегалиев Елбасы мақаласында көрініс тапқан ауқымды жобалардың тағылымдық мәні жоғары екенін айтады. Жалпы, рухани жаңғыру процесінің – қоғамның дамуына барынша ықпал ететінін айтқан депутат бұл іске «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, оқу орындары, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жастар ұйымдарын тарту қажет деп есептейді.
Жиында рухани жаңғырудың – болашақтың бағдары екенін айтып, мақалада айқындалған міндеттерге талдау жасағандардың бірі партияның Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова болды. Ал рухани серпілістің ең алдымен өскелең ұрпаққа қажет екенін қозғаған «Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі, «Жамбыл облысы еріктілер қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің президенті Серікбол Берікқожа жамбылдық жастардың тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолына аянбай еңбек ететініне сенім білдірді.
Елбасымыз айтқандай, жаңғыру елдің ұлттық-рухани бастауынан нәр алмаса, адастырады. Мәдениетті ел – өркениетті. Актив жиналысында партияның Тараз қалалық филиалының «Ұлан» бастауыш ұйымының төрайымы, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Әбдинова Президент мақаласындағы рухани серпіліс туғызған, мәдениетті дамытуға бағытталған міндеттерге тоқталды.
Елбасы мақаласы – Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігінің жаңа бастауы. Сондықтан, «нұротандықтар» жаңғырудың жарқын жолында белсенділік танытып, Елбасы – Партия Төрағасы Н. Назарбаевтың бастамаларын іске асыруда аянбай еңбек ететініне сенімдіміз.

Ардақ үсейінова,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support