- Advertisement -

Балалар ойынын ұйымдастыру ойыңыздан шыға ма?

129

- Advertisement -

IMG_7319 hqdefault-(2)Балалар арқылы пайда тапқан кәсіп бұрын да болған, әлі де бола береді. Бұдан он жылдай бұрын саябақтардан бірер әткеншекті, оның маңына үйірілген балалардың аздаған тобын ғана көретін едік. Ал қазір… бала ойнайтын батуттың, батареялы ойын машиналарының, велосипедтің, ойын автоматтарының, әткеншектің неше атасы бар. Балалар ойындарының «базарын» қыздырушылар қаладағы екі-үш саябақтың аумағына сыймауға айналды. Олар жаз айларында орталық Достық алаңы мен «Атшабар» сквері аумағын да «жаулап» алады. Ана жерде де, мына жерде де көздің жауын алатын арзанқол ойыншықтарды сатып емес, қызылды-жасылды үрген шарларды істік шаншып, жару арқылы ұтып алу «жарысын» дүрілдетіп өткізіп жатқан жұрт. Ал енді, солардың көкейінде «балалар ойнасын, балалар қызығына кенелсін» деген ізгі ниеттен гөрі, қалтасының қамын ойлау басымырақ. Олардың өздері де: «Бастапқыда бұл «бизнесіміздің» өзінен отбасына әжептәуір қаржы түсіп тұрды. Ал бүгінде бәсекелестер көп, екінің бірі айналысады мұндай іспен», – дегенді айтады. Қатары қанша көбейсе де, бұл олардың шайпұлдарын айыруына жарап-ақ тұр. Алайда қызмет сапасы, ұйымдастырылу деңгейі талапқа сай ма? Мәселе осында.

Әлбетте, балалар ойыннан жалықпайды. Ата-аналары олар тіпті аспандағы айды алып бер десе де мүлтіксіз орындауға мәжбүр. Бірақ, бағасы қолжетімді болса, қанеки! Үш доңғалақты шағын велосипедпен, батареялы ойын машинасымен серуендеу, резиналы аспалы арқанмен секіру, тағы басқа да ойын түрлері үшін бар-жоғы 15 минут уақытқа 300-ден бастап 500-1000 теңгеге дейін төлеуіңе тура келеді. Ал минутына ақша алатын батут иелері баланың қауіпсіздігін қаншалықты ескереді деп ойлайсыз? Соңғы уақытта балалар арасында көбейіп келе жатқан жұқпалы ауруларға да аталған ойын құралы себепші болуда деседі мамандар. Олардың айтуына қарағанда, батутыңызда химиялық реагенттер өте көп көрінеді. Сол себепті, дайындар алдында оны гигасепт, лизоформин, сутек тотығы сияқты заттармен жуып-тазалау керек екен. Ал сіз батутты бір күнде бірнеше рет тым құрыса хлорлы сумен жуып, тазартып сүртіп жатқандарды көргеніңіз бар ма? Бұған қоса, мамандардың айтуынша, бала сыртқа аунап кетіп, жазым болмауы үшін әр батуттың астына, жан-жағына арнайы төсеніш төселуі қажет екен. Бұл талап қаншалықты сақталып отыр?
Керісінше, жаз айларында мұндай құрылғыларын шаһарымыздың кез келген шағын, шаңдақ аудандары аумағына едел-жедел құрып, ауадан ақша жасауды ойлайтындар көбейіп тұр. Қаланың дәл ортасында кешқұрым қаптап кететін ақылы велосипед қызметін пайдаланушылардың біреуінің жап-жас келіншекті қағып кетіп, бір отбасын қара жамылтып кеткен оқиғасы әлі ұмытыла қойған жоқ. Бұл іс те толықтай реттелді деп айта алмаспыз.
Қалай болғанда да, бір басталып кеткен бұл үрдісті – ата-аналардың балаларымыз армансыз ойнап, сергіп, құмардан шықса деген ықылас-ниетін енді тоқтату мүмкін емес. Ендігі жерде ойын индустриясы өркениеттік талаптарға сай, қауіпсіз әрі жоғары сапалы деңгейде ұйымдастырылуы керек-ақ. Ересектер лажсыздықтан өздері бірауық демалып, таза ауамен тыныстайтын ат төбеліндей саябақ аумақтарын да балаларға біржола босатып берісті. Ел аман, жұрт тыныш болса, жан сергітер жасыл желегі мол, тұмса тыныштық құшағында мүлгіген торқа бақтарды да көз көрер деген үмітте. Ал балалар үстінен «нан табу» бизнесі бәрібір тоқтамайды-ау. Өйткені, елімізде ең қымбат киімдер де балалар киімдері. Ойын түрлері мен ойыншықтар бағаларының аспандап тұрғаны анау. Біреудің қалтасы көтергенмен, екінші біреулердің мұндайға шамасы жете қоймас. Ал балаларды тіпті де бөле-жаруға болмайды ғой. «Бар жақсылық – балаларға» деген сөзімізге ісіміз сай келіп жатқан жоқ. Игілік балалар үшін бірдей болуға тиіс.
Таяу уақытта тараздық бүлдіршіндер сауда және ойын-сауық мега-орталығының игілігін де көрмек. Осы нысанның іске қосылуымен жоғарыда айтылған жайлар біршама реттеледі деп күтілуде. Онда үлкен кинозалдар орналастырылуы қарастырылған. Бұл қала кинотеатрларындағы мультфильмдер көрсетіліміне қазіргідей қалың кезектің едәуір селдіреуіне де оң әсер етеді деп болжамдалуда.
Мұнымен айтпағымыз, бүгінде баюдың, бақуатты болудың, кәсіпкерлік керегесін кеңейтудің басқа да сандаған тиімді амал-әдістері бар емес пе?! Оларды неге іске қоспасқа? Әзірге ата-аналар бүлдіршіндерін ойнату үшін «Меджик таун», «Аю-тропик» секілді думанханаларға, мультфильм көрсету үшін «Астана Cinema»-ға сүйрелеумен жүр. Оған шамасы келмейтін отбасылар балалары ат төбеліндей бірер саябақ пен орталық алаң маңын төңіректейді. Алайда олардағы ойын әткеншектерінің бағасы сол қалпы. Дүниетанымы мен талғамы күннен-күнге өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз оған қанағаттанып та жатқан жоқ. Әрі қызығушылығы шамалы. Бәрібір баланы бір жерге алып барып, ойнату керек қой…
Айтайын дегеніміз, балалар ойындарын ұйымдастыру өркениеттік деңгейде талапқа сай ма? Бәлкім, отандық кәсіпорындарымыз бен кәсіпкерлеріміз шын мәнінде де барлық жақсылықтың балаларға жасалуы жағын, балалар киімдері мен ойын құрылғыларын пайдалану бағасының қолжетімді, көрсетілер қызметтердің бүгінгіден әлдеқайда сапалы болуы мәселесін ойластырып та жүрген шығар!

Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support