- Advertisement -

Дала – дәулет, ауыл – құт

161

- Advertisement -

Құрманәлі ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ,
еңбек ардагері.

Елбасының әрбір Жолдауы – ілгері басудың, әл-ауқатымызды арттырудың жолын көрсететін бағдарламалық құжат екендігі даусыз. Әрине, биылғы Жолдауы өзінің жан-жақтылығымен, көкейімізде жүрген көптеген өзекті мәселелерді тап басып, көрсетуімен ерекшеленеді десек, артық айтқандығымыз емес. Мысалы, төртінші басымдық ретінде қарастырылған аграрлық секторды «экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс» деп атап көрсетуі өте құптарлық шешім болды.
Рас, Елбасының тапсырмасымен Үкімет тарапынан бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, істің көзін тапқан ауылдық тауар өндірушілердің әлеуетті шоғыры қалыптасып келеді. Бірақ, олар қанша жерден бақуатты бола түскенмен, «жалғыз шауып бәйге алмасы» белгілі. Осы орайда Ұлт Көшбасшысының бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй қожалықтары мен шағын фермерлерді (шаруа қожалықтарын) кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек деген тапсырмасын орындау ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ішкі және сыртқы нарыққа дайын өнімдерді шығаруға мүмкіндік әперетін бірден-бір дұрыс жол деп есептеймін.
Қазір жасым жетпістің екеуінде. Саналы ғұмырымның басым дені елге, жерге қызмет етумен қазіргі Есейхан, бұрынғы Қаратау ауылында өтті. Ауыл шаруашылығының маманымын. Ауылымыз кеңестік кезең тұсында жайқалтып астық, мыңғыртып мал өсірді. Қой саны 45-50 мың, мүйізді ірі қара 2-3 мың, жылқы 1000-1500, түйе 500 басқа жеткен кез болды. Бас-аяғы 10 мың гектардай тәлімі алқапта аудан астығының үштен бірін өсірдік. Сол егіннің жиын-терініне шаруашылықтың бір өзіндегі 20 комбайнның шамасы жетпей, көршілес шаруашылықтар техникалары көмекке жұмылдырылатын. Астықтың өнімділігі де қалыптағыдай еді. Гектар қайтарымы Марынсазында 37 центнер, ал Ақшоқыда 42 центнерден айналғанын көзбен көрдік. Орта есеппен әр гектар 10-15 центнерден өнім алатынбыз. Қазір ауылымыздың 40-қа жуық шаруа қожалығының соншама алқапқа егін егіп өсіріп, өнімін жинап алуға шамасы келмейді. Олардың қолында бұрынғы кездегідей техника күші жоқ. Астық тұқымы да күмәнді. Бір кездегі әлеуетті шаруашылықтың уақталып кетуі себепті, қолда бар егістік алқабының үштен бірін ғана игеріп жүрген жайымыз бар. Оның өзін көрші Жуалы ауданының кәсіпкерлік құрылымына болмашы ақыға жалға беріп отырмыз. Негізгі иесі біз болғанымызбен, өнім өндіріп, табысқа кенеліп жатқандар – сырттыкі.
Рас, кейбір аудандарда біз сияқты майда агроқұрылымдар серіктестіктер мен кооперативтерге бірігіп, аяқтарынан қаз тұрып жатыр. Оны көріп те, біліп те жүрміз. Мәселен, менің 65 гектар ғана егістік алқабым бар. Оны игеру қиынның-қиыны. Осы үшін удай қымбат бағаға астық комбайнын сатып алу маған тиімсіз әрі оған шамам да келмейді. «Көп түкірсе – көл» демекші, мен сияқты шаруалар мен үй қожалықтары көп. Соларға «бірігейік» деп қолқа салып та көрдік, бірден «құп» десіп, белсеніп шығып жатқаны жоқ. Банктердің есігін тоздырудан қорқа ма, жоқ жастарымыз жалқауланып, барды қанағат тұтуға еттері үйреніп кеткендіктен бе, әйтеуір бастамашылық танытуға ықылассыз.
Олар «Ауыл кооперативтері туралы» Заңды оқып, танысқан да болар. Онда 40-50 шаруа қожалығы біріксе, 4 пайыздық сыйақымен 5-7 жылға дейін несие алу жеңілдігі қарастырылған. Істің көзін тауып, тиын санай білгенге бұл көп көмек екендігі даусыз. Бұл іске тек ниет-ықылас, ынтымақ-бірлік, тәуекел ғана керек. Өмірдің бізден талап ететіні осы. Елбасына мың рахмет, жер дауына нүкте қойып, бес жылға мораторий жариялады. Енді, осы уақыт аралығында, жерімізді жалға беріп, текке қол қусырып қарап отырмай, жерімізге қожайындық көзқарас қалыптастырып, өнімін өзіміз жинап алуға тиіс емеспіз бе? Ол үшін ауыл кооперативтеріне бірігу арқылы қол жеткізген несиелік қаражаттарға техникалар алып, жайқалтып егін өсіргеніміз жөн. Бір атап өтерлігі, біздің егістік алқаптарымыздан ешқандай да минералдық тыңайтқыштар қолданылмай-ақ, экологиялық тұрғыда таза өнімдер алуға болады. Онымен азықтанған малдың еті де, сүті де таза болады емес пе?!
Біздің жасымыз келді, ендігі кезек жастардың үлесінде қалып тұр. Елбасының агроөнеркәсіпті дамытуға байланысты алға қойып отырған міндеті ауқымды. Биылғы Жолдауында белгіленген бес басымдық ауылды да, ауыл еңбеккерлерін де дамудың даңғыл жолына бастауда. Осы жолда жастар неге ұйымдасып, бірікпеске? Заманауи технологияларды меңгеру арқылы егін егіп, мал өсіріп, даламызды – дәулетке, ауылымызды – құтқа бөлейтін де солар ғой. Ертеңгі күні елге иелік те етеді.
Ендеше, ынтымақ пен бірлік танытып, ырыс-құтты еселер кез келді, ағайын!

Есейхан ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support