- Advertisement -

ТОЙХАНАЛАР АҚЫСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

363

- Advertisement -

баттал-агаБаттал ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ардагер журналист.

Біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба, қазақтың өмірін тойсыз елестету мүмкін емес. Ысырапқорлық, бекер мал шашпақ деп жатамыз, бәрібір айналып келіп әр отбасының қуанышына ағайын болып, жекжат-жұрат, жолдас-жора болып жиналып ортақтастығымызды білдіреміз. Олай болмаған жағдайда «оның несі ағайын, жақындығы қайсы» деп сын садағына аламыз. Ал енді өмір бар жерде қаза бар, қазақ өмірден қайтқан адамына да жаназасы бар, жетісі, қырық күндік, жылдық асы бар марқұмның атын атап, ел жұртты жинап құран бағыштап жатады.
Заман бұрынғыдай емес, елден ыдыс-аяқ жинап, есіктің алдына шатыр құрып, дастархан жаятын. Бүгінде ірі кәсіпкерлер ауылыңызда да, қалаңызда да көше жағалатып, кілең ханның сарайындай тойханалар салып тастаған. Есігін айқара ашып, жиын өткізем, той өткізем дегендерге ыдыс-аяғы мен ас мәзірімен дайын тұр. Өткенде бір тойда пысықай бір асаба жігіт бір Тараздың өзінде 300-ге жуық тойхана мен мейрамхана бар деп санамалап берді. Қанша тойхана бар екендігін мен санай қойған жоқпын, сол асабаның сөзінде шындық бар екендігіне кепіл бола аламын. Бос тұрған біреуін көрмейсің. Аптаның қай күнінде болмасын думандатып жатады. Ал түс кезінде берілетін ас, құдайы тамақтардың жөні бір бөлек. Қазіргі кезде құда күту, сыйлы меймандарға дастархан жаю сол тойханалардың кіші залдарында өтетін болды.
IMG_2220Бұның барлығын мен неге айтып отырмын. Адам болғаннан кейін олардың ішінде еңбегіне қарай, кәсібіне қарай, Алла берген несібесіне қарай байлары болады, тұрмысы орташалары болады, жоқ-жітік кедейлер де аз емес. Бірақ, тойды бәрі жасау керек, әруақтарға арнап асты бәрі де беруге тиіс. Ал енді осы қаптап жатқан тойханалардың бағасына келетін болсақ, кісі шошырлық. Амал жоқ қазақта намыс деген болады, «Күнде болып жатқан жоқ қой», «Отбасымның қуанышы ғой» деп қазекең қалтасына қарамай көп саудаласпайды. Содан барып той өткізген талай қазақ отбасының қарызға батып қалып жатқанын көріп жүрміз.
Біздің де аз-кем оқыған-тоқығанымыз бар, көрген-білгеніміз бар, бажайлап жүреміз ғой. Бәсекелестік бар жерде баға төмендеп жатады дейді, нарық заңдылығы. Қарасаң қаптап жатқан мейрамхана, тойхана. Солар көбейгеннен кейін баға төмен түсуі керек емес пе? Жоқ, олай емес. Керісінше тойханаларыңда ас мәзірінің және тойхананы жалға берудің бағасы уақыт өткен сайын өршіп барады. Бұл жалғыз менің пікірім емес.
Балалы-шағалы, тұрмысы төмен отбасыларына да той жасау керек қой. Жаманшылықтан аулақ, ол жағын айтпай-ақ қояйық. Ұлына, үкілеп өсірген қызына бір той жасап беру әр қазақтың арманы. Жағдайы көтеретіндер барын шашып мақтанады, жоқ-жітіктер қарызға батып, қалтасын қағып жатады.
Нарыққа бұйрық жүрмейді. Кәсіпкерлердің еріктері өздерінде, олардың ішкі ісіне қарапайым біз түгіл, бүгінде құқық қорғау органдарының, басқа да уәкілетті мекемелердің өздері де араласа алмайды. Оны мен жақсы білемін.
Адамдық жолына келетін болсақ, көпшіліктің тіршілігіне келгенде сол кәсіп иелері елмен санасса деген тілегіміз бар. Олар халықтың тойы, қуанышы, реніші арқылы нәсіптерін тауып отыр. Халықта бар болса, олар да бар. Қазақта «Қанағат қарын тойғызады» деген әдемі сөз бар. Сондықтан, кәсіпкер бауырларыма, тойхана ұстап отырған ағайындарымызға кішкене болса да тізгінді тарта ұстағандарың жөн-ау деген тілек айтқым келеді.
Тойхана иелері жергілікті бюджетке тиісті салықтарын тұрақты төлей ме? Тараздағы мейрамханалардан бюджетке қанша ақша түсіп жатыр? Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық мекемесі мамандары бұл бағыттағы бағаны «бұғалықтауға» неге араласпайды? Көңілде сұрақ та, күмән де көп.
Бұл біздің оларға деген өкпеміз емес – өтінішіміз, тапсырмамыз емес – тілегіміз. Көппен санасқанның табысы көл-көсір болады, сауабы одан да зор болады. Осыны естен шығармаса екен деймін.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support