- Advertisement -

Тұлпарлар тұяғы дүбірде қызады

196

- Advertisement -

Ат спортынан жастар арасындағы аламанда
жамбылдықтар дес бермеді

2Алты күн бойы атшабарға ат спортына аңсары ауған жұртшылық ағылды. Көкпар десе қаны қызатын қазақ ат спорты түрлерінен жастар арасында өткен ел біріншілігін тамашалағанда делебесі қозғаны анық.
Аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, көкпар секілді ұлттық спорт түрлерінің көрігі қызған ел чемпионатында жамбылдықтар кезекті мәрте қарсыластарын қапы қалдырып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. 12 команда, 240 спортшы топқа түскен дүбірлі додада топ жару әсте оңай болмаса керек.
Алдымен аударыспақ бойынша күш сынасқан саңлақтарға тоқталсақ. Сом білекті, жау жүрек жігіттер бес салмақ дәрежесі бойынша өзара кім мықтыны анықтады. 50 келі салмақ дәрежесінде жамбылдық Айдос Асылхановқа күміс жүлде бұйырды. Алтын жүлде Ақтөбе облысының спортшысының қанжығасында кетсе, қола медаль оңтүстікқазақстандық спортшының еншісіне жазылды. 60 келі салмақта топқа түскен Серік Бейбітов үздік үштіктен көрінсе, 70 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарына дес бермеген Дәулет Ережепбаев жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Теңге ілу спортында ақтөбелік Әліхан Бәшембаев жеңімпаз атанса, оңтүстікқазақстандық Мағжан Сапарбек біріншіліктің күміс, маңғыстаулық Ерлан Дүйсенбай қола жүлдесін мойындарына ілді. Ал жамбы атудан сынға түскен саңлақтар арасында оңтүстікқазақстандық Сарыбай Айтбекке ешкім шақ келмеді. Күміс жүлде жерлесіміз Абзал Төлебековке бұйырса, маңғыстаулық Жасұлан Қуанышұлы үздік үштікті қорытындылады.
Көкпар десе «біздің команда жеңеді» деген ой әбден санамызға сіңісті болғаны рас. Ересектер арасында тоғыз мәрте топ жарған «Әулиеата» көкпаршылар клубының ізбасарлары да сол сенім үдесінен шықты. Тұлпардың тұяғы дүбірде қызатыны белгілі. Бұған айтулы аламанда тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ә, дегенде жамбылдық жастар қарсыластарын қоғадай жапырды. Қызылордадан келген құрдастарын 12:0, Ақмола облысының үмітін арқалаған өрендерді 15:0, Алматы облысынан келген сайыпқырандарды 6:2 есептерімен ойсырата ұтқан өрендерімізден ақтық сында да жарқын жеңіс күткенбіз. Алайда, маңғыстаулық жігіттер жігерлі екен. Алғашқы кезеңде жергілікті жанкүйерлерді қобалжытып тастады. Ә, дегеннен олар екі мәрте салым салып, есепте алға шықты. Құрманбек Тұрғанбек секілді аттың құлағында ойнайтын шабандозы бар жамбылдық өрендер есепті теңестірді. Қарсыластар тағы да 2:3 есебімен ұзай түсті. Құрманбектің кезекті салымы қайтадан таразы басын тең қылды. Бірінші кезең 4:4 есебімен аяқталған тұста «жеңіс қолдан сусып кетпес пе екен?» деген ойдың жетегінде отырдық. Жоқ, жігіттеріміз ерледі. Екінші кезеңде жауапсыз төрт салым салған біздің команда 8:4 есебімен жеңісті жұлып алды. Әсіресе, Құрманбек Тұрғанбектің шеберлігіне тәнті болдық. 6 салым салған шабандозымыз қарсылас команда көкпаршылары жабыла кеп қорғанса да, дер кезінде аттың басын қайыра біліп, алдап соққаны көңілге қонды. Сонымен, көкпаршы өрендеріміз көпшілік күткендей бірінші орынды жеңіп алса, маңғыстаулықтар екінші, Алматы қаласының командасын 8:2 есебімен жеңген Алматы облысының сайыпқырандары үшінші орынды иеленді. Жалпы жарыс қорытындысында да жамбылдықтардың қарсыластарынан мерейі үстем болды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support