Лазурь жағалауындағы ««жұмақ»»

Лазурь жағалауындағы ««жұмақ»»
ашық дереккөз
Лазурь жағалауындағы ««жұмақ»»

Ницца. Айседора Дункан мен Никколо Паганинидің соңғы күндері өткен шаһар. Біз мінген «EasyJet» ұшағы «Лазурь жағалауы Ницца» әуежайына қонуға бет алғанда әйгілі скрипкашының құйқылжытып нақышына келтіре орындағанын, ал әйдік бишінің сол музыкаға мың бұрала билегенін ойша елестетіп көрдім. Екеуі екі бөлек дәуірде өмір сүрмегенде жап-жақсы дуэт шығар ма еді, кім білсін?!

Абай Отар.

Әуежай мен қаланың арасы жап-жақын екен. Автобус «Көгілдір жағалаудың» бойымен шаһарға жеткенше табиғаттың кереметіне тамсанумен талмадық. Мөп-мөлдір көк теңіз көз ұшына дейін созылып жатыр. Осынша жерді алып жатқан су емес, құдды көгілдір інжу-маржанды шашып жіберіп, «қане, жинап ал» дегендей кейіп танытады. Көк теңіздің ортасында катерлер, көкжиекте лайнерлер көзге шалынады. Тастақты жағалау суға шомылған адамдарға толы. Жерорта теңізінен асыға жеткен толқындар өз миссиясын орындауға асыққандай жағаға жармасады да, жайылып жоқ болады. Оның артынан басқасы кезек күтіп тұр. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Көк аспан мен көк теңіз көкжиекке жеткенде бір-бірімен бітісіп, аспан мен жер жалғасып кеткендей әсер қалдырады. Телефонымның роумингін қоспағанымды Ниццаға жеткенде аңғардым. Англиядағы тегін тарифім Еуропадағы кез келген елде пайдалануға жарайды. Интернетім қосылып, көзім ашылып қалғанын несіне жасырайын. Соның арқасында қонақ үйімізді тауып алдық. Мұнда мұсылмандар жеткілікті, халал тамақ табу қиынға түспеді. Шаһардың орталық көшесі Жан Медсеннің бойында мұсылмандарға арналған дәмханалар қаздай тізілген. Қалада жалғыз KFC бар. Біздің түстігіміз сол жерден бұйырыпты. Француздар «Кентукидің қуырылған тауықтарын» дәмді етіп әзірлепті. Қазақстаннан кеткелі әлі күнге тіл үйіретін KFC жемеген едім. Ниццада ішегіміз шұрылдамады. «Лазурь жағалауындағы» шаһарда көптеген сұлу қыздарды кезіктірдім. Қазақ қыздарының әдемілігімен бір таласса, еуропалықтардың ішінде ниццалықтардың ғана шамасы жетер, сірә?! Римдіктер салтанатқа құмарлығымен есте қалса, мұндағылар әдемілікті жаны сүйетіні байқалады. Тұрғындары стильді киінген, мамыражай өмір кешіп жатыр. Үйлері төртбұрыштана, әдемі нақышпен көмкерілген. Аспанмен таласқан зәулім ғимараттар көзге шалынбады. Қайда қарасаң да өсіп тұрған пальма ағашын, не жап-жасыл алаңқайды байқайсың. Түс ауа «Көгілдір жағалауға» қарай ылдиладық. Суға шомылып, күнге қыздырынып жатқан көпшіліктің қарасы азая қоймаған. Теңізден жеткен толқындар тастақты жағаға соғылады да, бір-бірінен қашқандай кері қарай шегінеді. Ниццаның әуежайына қонуға бет алған ұшақтар көк жүзінен көзге жиі шалынады. Жағалаудың оң жағы мүйіс, ал сол жағында үлкен дөң тұр. Бұл – «Касл-Хилл» деп аталатын шоқы. Оның төбесінен қала алақандағыдай көрінеді. Шоқының басында бес метрлік жасанды сарқырама орын тепкен. Теңіз суын кешіп көргеннен кейін аталған төбеге бет алдық. Касл-Хиллға шығатын екі жол бар. Бірі – баспалдақтармен тіке өрлесе, екіншісі – төбені айнала жүретін жанама жол. Біз баспалдақпен көтерілуді жөн көрдік. Шоқының басына шыққанша қаланың әдемілігі мен жағалаудың сұлулығына тамсанумен болдық. Қызара батқан күн алауланып, жағажайдың батыс жақ бетін әсем бір күйге бөлейді. Касл-Хиллдың ең биік нүктесіне жеткенде қас қарайып, күн ұясына батты. Түнгі Ницца лала гүлі жайқалған көктемгі белестей құлпырды. Жағалауды бойлай жылжыған көліктердің шамдары ерекше жымыңдайды. Шоқы таңғы 9-дан кешкі 7-ге дейін ғана туристерді қабылдайды. Біз төбеге көтерілгенде сағат тілі жеті жарымды көрсетіп тұрған. Артымыздан мотоцикл мінген полицей қуып жетті. Французша мен ағылшынша араластыра сөйлеген сөзінен төменге түсу керектігін ұқтық. Полицейдің мәдениеттілігі сол бізге төменге қиналмай түсу үшін қол шамының жарығын қосып, төте жолды нұсқады. Жалпы француздар италиялықтарға қарағанда ағылшын тілін жақсы біледі екен. Апенин түбегінде ойымызды жеткізе алмай қиналсақ, «үш жолақтылар» елінде саксонша ежіктейтіндер жеткілікті болып шықты. Ги де Мопассанның тілі құлағымызды әбден жауыр қылғаны соншалық, ағылшынша сөйлегендерді кезіктіргенде жылышырай таныттық. Франциядағы екінші күнімізді Монте-Карлоны көруге жұмсадық. Шаһар – Монако патшалығының орталығы. Тағы бір ергежейлі мемлекетке ат басын тіредік. Монте-Карло мен Ниццаның арасы жап-жақын, небәрі 15 шақырым. Екі қаланың арасында автобус пен пойыз зырылдап тұр. Билеттің бағасы да қымбат емес. Құны – 8 еуро (1600 теңге). Вокзалдан шыға сала байқағанымыз – қала таудың арасында орналасыпты. Үйлер ойлы-қырлы жерлерге жапсарлана қоныс тепкен. Шаһардың шығыс жағында теңізге шығатын порт орналасса, батыс жағында биік қыраттар. Порт жағалай тұрған катерлерге толы. Анандай жерден Монако ханзадасының резиденциясы көзге шалынды. Ең әуелі князь Ренье III-нің тарихи көліктер мұражайын аралауды жоспарлап, солай қарай тартып кеттік. Мұражайға кіру құны – 6 еуро. Студенттерге – 3 еуро. Керек болып қалар деп алып шыққан студент билеттеріміз кәдеге асты. Кіреберісте формула 1 жарысына арналған көлік тұр. Ішкі жақта дәл төрде қазіргі машиналардың атасы – күймелер жайғасыпты. Көліктер сол жақтан бастап жылнама бойынша тізілген. Әнебір жерде XX ғасырдың басында құрастырылған алғашқы «өкілдері» тұр. Сол дәуірдегі байлықтың белгісі саналған Ролс-Ройс, Кадилак, Линкольн, Форд секілді брендтер осы жақтан табылады. Кейбір марканың атын танымадым. Коллекцияның арасында Францияның полюсті зерттеуге барған жол таңдамайтын көлігі де қойылыпты. Биіктен қараған адам мұражайдағы машиналарды ұқыпты баланың жинап қойған ойыншықтарына ұқсатар. Енді ше, кез келген коллекционер мұншалықты бірегей брендтерді топтастыра алмасы анық. Князь Ренье III-нің мұражайынан шыққаннан кейін Монако ханзадасының резиденциясына бет алдық. Ескі қала биік шоқының үстіне салынған. Солтүстік бетінде жоғары көтерілетін жаяу жол бар. Қыраттың төбесінде өткен заманның белгісі іспетті зеңбіректер мен ядролардың макеттері қойылыпты. Төбеден қала алақандағыдай көрінеді. Төменге қарап тұрып алда-жалда қанат біте қалса, күндіз мамыражай өмір сүретін, кеш бата қымбат көліктеріне отырып казиноға тартатын тұрғындары бар қаланың үстінен ұшып жүре беруді армандайсың. Патша ордасы біз барған уақытта жабық болғандықтан, ескі қаланың қалған бөлігін араладық. Көшелердің бірінен 0001 және 0002 деген нөмірі бар бірегей екі көлікті көрдік. Біріншісі Мерседес CL 500 маркалы машина. Сұрай қоятын ешкім табылмағандықтан, бұлар князьға тиесілі шығар деп долбарлауға тура келді. Монте-Карлоға келген әрбір турист атақты казиноларды ең болмаса сыртынан көріп кетуі тиіс. Біз онда жетеміз дегенше күн осынау керемет қаланы қимай-қимай өз ұясына қонды. Жалпы шаһарда қоғамдық көлік бар. Әйтсе де, қаланың әдемілігімен жақсылап танысу үшін казиноға дейін жаяу баруды жөн санадық. Қаланың казинолар орналасқан тұсына жақындаған сайын жанымыздан өткен көліктердің санымен бірге құны да арта түсті. Бұл жаққа екінің бірі аттап баса бермейтіні айтпаса да түсінікті еді. Қолымызға туымызды, моноподымыз бен фотоаппаратымызды ұстап біз де ойын-сауық орталықтарына жақындадық. Қасымыздан өткен адамдардың да киімдері бірден өзгере бастады. Ара-тұра туристер де кездесіп қалады. Дегенмен, мұндағы смокинг кигендердің басым бөлігі құмар ойындар үшін келетіні анық. Монте-Карло казиносы алдында суретке түскеннен кейін досым Жасұлан екеуміз ішке кіргіміз келді. Ғимараттың іші алтынмен жалатылғандай жылтырап тұр. Түкпіргі есікке кіретін жерде фейс-контроль бар. Есік алдына тоқтап жатқан көліктердің бағасына сан жетпейді. Ниццаға қайтатын соңғы пойыз 9-да жүретіндіктен, казино жақта көп тұрақтай алмадық. Бір жағынан қол жете бермейтін, қол жетсе да өмір сүру стиліме келмейтін тұстан тезірек аулақтаған дұрыс шығар. Қайтар жолда «дүниеміз асып-тасып жатса, құмар ойын ойнауға келер ме едік» деген тақырыпта пікір өрбіттік. Ғайыптан байлыққа белшемнен батсам да, казиноға келген «қарынбайлар» секілді болмас едім деген шешімге келдім. Франциядағы үшінші күніміз Канн қаласында өтті. Кино фестивалімен аты шыққан қала мен Ниццаның арасы 30 шақырымдай. Соған сәйкес билет құны Монакомен араға қарағанда екі есе қымбат. Пойыздан түсе сала бірден Канн фестивалі өтетін жерге бардық. Атағы жер жарады демесеңіз, ғимараттың басқалардан ерекшелігі шамалы. Мұнда көп тұрақтамай, жағажайды бойлай «8 мамыр» саябағына қарай бет алдық. Күн жексенбі болғандықтан шығар, шаһардағы көп орын жабық екен. Канндағы жағажайдың ерекшелігі жағалауы құмды. Ал Ниццадағы жаға тастақты еді. Мұнда да катерлер мен суға түскен адамдар легі көп. Теңіз бетінде серфинг жасап жүргендер де көрінеді. Каннда көп тұрақтағанымыз жоқ. Барселонаға баратын ұшағымыз кешкі 7-де ұшатындықтан, 6-ға дейін әуежайға жетуіміз керек еді. Түс ауа Ниццаға қайтып кеттік. Ұшақ бірте-бірте жылдамдық алып, көкке қарай көтеріле бастады. Төменде жымың-жымың етіп, қала оттары қалып барады. Түнерген, қабағы ашылмайтын Англиядан кейін Ницца жердегі жұмақ секілді көрінген-ді. Ұшақ аспанға көтерілгенде осы бір керемет шаһарға жол түссе тағы бір ораламын деп өзіме уәде бердім.

(Жалғасы бар).

Тараз – Лондон – Ницца – Тараз.

Ұқсас жаңалықтар