- Advertisement -

Бағдарламаның ақшасын ала салып, қайтадан қалаға қашпайық

103

- Advertisement -

 «Дипломмен – ауылға» – 

еш елде жоқ жоба

Әр аптаның аяқталуын асыға күтіп, демалыста ауылға асығамын. Сондайда сағынып барған ауылдан сыр шертісер қатар құрбымды таппай көңілім су сепкендей басылады.
Көретінің – тіршіліктен қолы босамай жатқан жұрт. Жастар қалаға кеткен. Қолында «қолақпандай» дипломы бары да, жоғы да ауыл десе ат тонын ала қашатын болған бүгінде. Қаладан жақсы жұмысты тапса мейлі, құр сандалып, ауылдан әке-шешенің жіберген ақшасына шалқып жүре беретіндер де бар. Онысын өздері ұят санамайды. Елбасымыздың өзі: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, дағдарыс жағдайында бізді асырайтын – ауыл, ауылда жұмыс болу үшін, қаланы асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет», – деді емес пе?! Ендеше ауылға барып, неге еңбек етпеске?
Президент бастамасымен қолға алынған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастар үшін тиімді жоба. Ол еш елде жоқ. Нағыз «іздегенге – сұраған» десе болады. Жұмысты да тауып береді, әлеуметтік қолдау да көрсетеді. Берілетін бір реттік қаржылай көмекке қызықты ма, бастапқыда жастар ауылға қарай ағылған. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім қызметкері Жасұлан Құрманбековтің айтуынша, жоба бойынша 2009-2015 жылдары аралығында ауылға 2332 маман аттаныпты. Оларға жасалған жағдай да жақсы. Дипломмен ауылға барған барлық маманға 392,4 миллион теңге әлеуметтік көмек ретінде берілген. 2053,7 миллион теңге көлемінде несие беріліп, 875 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Тарқатып айтсақ, 1412 жас мұғалімге, 632 медицина қызметкеріне, әлеуметтік қамсыздандыру саласының – 4, мәдениеттің – 73, спорттың – 68 және агроөнеркәсіптік кешендерде еңбек етемін деген – 143 маманға әлеуметтік қолдау көрсетілген. Бірақ ауылда көңілге кірбің түсірер жағдайлар әлі де болса жетіп артылады.
Жобаның көмегіне жүгінетіндердің
көздегені не?

Дегенмен еңбек жолын елді мекеннен бастағандардың өзі ауылда тұрақтап қалғысы жоқ. Ал «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы – уақыт өткізе тұру сияқты. Жобамен жұмысқа кіруін кіріп алып, келісім шарттан бас тартып жататындар да бар. Дерекке сүйенсек, көтерме ақшаны алып, заңды белден басып жүргендер саны облысымыз бойынша 66-ға жетіпті. Кейінгі кездері «Кәсібін нәсіп етсін, ауылды көркейтсін» деген ұл-қыздарымыз мемлекеттің берген ақшасы қолдарына тиген соң, ауылдан тайып отыратын оқиғалар жиілеп кетті. Облыс орталығына жақын аудандарға бағдарламамен барған мамандардың статистикасын зерделегенде осыған көз жеткіздік. Жамбыл ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманәлі Құрбановтың айтуынша, 2015 жылы 20 маман жұмыспен қамтылып, әрқайсысы 138 740 теңге көтерме жәрдемақы алған. Ал 15 маманға тұрғын үй алу үшін 2 973 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріліпті. 2016 жылы 15 маманға 148 470 теңге көтерме жәрдемақы берілсе, 8 адам 3 181 500 теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.
Жастарға сенім артып, қолдау көрсетілгені жақсы-ақ. Алайда олар сол үдеден шығып жүр ме? Мәселе сонда. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы қолға алынғалы бері көтерме жәрдемақы алған 11 маман келісімшартты бұзып, ауылдан кетіп қалған.
Мұндай дерек басқа аудандарда да кездеседі. Мәселен, Байзақ ауданы бойынша 2016 жылы 15 маманға 148 470 теңгеден барлығы 2 227 050 теңге көтерме жәрдемақы, 15 маманға 3 181 500 теңгеден жалпы 47 722 000 теңге тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие берілген. Ал келісімшарттан бас тартқандар саны – 6 адам. Жуалы ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рахымғазы Куниязовтың есебі бойынша былтыр 40 маман жұмыспен қамтамасыз етіліп, әрқайсысына 138 740 теңге көтерме жәрдемақы берілген. 2009-2016 жылдар аралығында 13 адам келісімшарттан бас тартқан. Себеп – қаладан жақсы жұмысқа шақырту алған. Қыздардың басым көпшілігі тұрмыс құрып, жұмыстың жайын ұмытқан. Олардың ісі бүгінде сотқа өтіп, берілген қаржыны бірі қайтарса, бірі қайтара алмай сан соғып жүр.
Жел сөз жерде жата ма? Жұрт кейбір өңірлерде жергілікті билік өкілдері заңды белшесінен басып, жас мамандарды жұмысқа алдық деген желеумен, бұрыннан ауылда жүргендерді қызметке алады деседі. Айтылмай жатқанымен, кім білсін, кей жерлерде осындай сорақылықтар орын алуы мүмкін ғой. Ал бұл өз кезегінде бағдарлама арқылы шалғай елді мекендерге барып, еңбек еткісі келген жастардың жұмысқа орналасып, мемлекеттің тиісті көмегін алу кезінде кедергісін тигізеді. Оған жастардың жоба ережелерін түсінбегендігі мен жергілікті билік өкілдерінің жұмысты дұрыс жүргізбеуі әсер етеді. Мамандардың құжатын қарап жатырмыз деп көтерме жәрдемақыларды 5-6 айға, не жылға созып бермейтіндер де кездеседі.

Ауыл мен
қала арасы…

Рас, ауылымды өркендетіп, көркейтуге өз үлесімді қосамын деп жүрген патриот ұл-қыздарымыз да жоқ емес. «Ауылым – алтын бесігім» деп келгендер елді мекендегілердің таза ауызсуға зәру екенін көргенде маңдайы тасқа тигендей болады. Жолы қырық жамау, білім беру деңгейі төмен, мәдени ошақтары мүлдем жұмыс істемейді. Тек малдың артында, күнкөріс қамымен жүргендер қаншама.
Жас мамандардың ауылға тұрақтамауы салдарынан шалғай елді мекендерде математика, физика, химия, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушылары жетіспейді. Сол себепті бұл пәннің жүктемесі басқа мұғалімдерге беріледі. Осыдан кейін терең білім қайдан болсын? Медицина мамандары да солай. Қазір зейнетке шыққан дәрігерлердің орнын басар кадр жоқ. Соның салдарынан жергілікті ауруханаларда анестезиолог, психиатр, нарколог, неонатолог, акушер және басқа да мамандар тапшы. Ең қынжылтары – жобадан бас тартып жатқан жастарды ауылда қалдырудың амалын жасайтын ауыл басшысының жоқтығы. Олардың айтары – жастар ауылға келмейді деген сылтау ғана.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылға жастарды тартудың бір жолы – елді мекенді көркейту. Елбасы өзiнiң жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында жастарды қоғамдық өмiрге белсене араласуға шақыруда. Себебi, жастар – елiмiздiң болашағы. Еліміздің өркендеуіне үлес қосқымыз келсе, бірінші ауылдың әл-ауқатын жақсартуымыз керек. Мемлекеттiң қолдауына сүйенiп, елiмiздiң алтын қазығы саналатын ауылдың өркендеуiне атсалыссақ, ұлтымыздың ұтары көп. «Үйрек-қазсыз көл жетім» демекші, көшесінде күліп-ойнап жастары жүрмесе, ауылдың ажары да кірмейді.

Фариза АЙТБЕК,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support