- Advertisement -

Кеудем кейде мұңдылау ән салады

331

- Advertisement -

Тынышбай РАҚЫМ.

Жамбыл десем…

(Ән)

Арқаланып кетемін Жамбыл десем,
Өлең сөзге болған ол даңғыл көсем.
Ғасыр соқса жүрегің жырын толғап,
Етер едің мың тәубе тағдырға сен, халайық!

Жамбыл десем – Алатау жаңғырады,
Етегінде күмбірлеп бал бұлағы,
Бізге дәстүр қашаннан ата салты,
Алдырады қолыңа домбыраны, халайық!

Жамбыл десем – пірі бар Сүйінбайдай,
Жыр нөсері селдетіп құйылғандай.
Арқа, Алтай, Нарыннан елі-жұртым
Жетісудың төріне жиылғандай, халайық!

Жамбыл десем – қазағым мақтанады,
Мақтанышын жар салып ақтарады.
Жыр өзені Жәкеңнің елімен бір
Ғасырларға болашақ аттанады, халайық!

Дарқан думанды елде,
Жамбыл туған жерде
Шабыт құсы биік самғайды.
Шалқып көгімде нұр,
Балқып төрімде гүл,
Халқым ақ батасын арнайды!

Шәмші ағаны аңсау

Кеудем кейде мұңдылау ән салады,
іздеймін кеп сондайда Шәмші ағаны.
Сол ағама алдымен тыңдатуға
жетсем деймін, жеткізбес болса-дағы…

Ай көрінбей қалғандай айна көктен,
менің жайсаң жан ағам қайда кеткен?..
Сыры нәзік жандарды сағындырып,
жылдар өткен, соңынан айлар өткен…

Кездер елес –
жайнайтын жанар жаздай,
қаңқылдап кеп көліне қонар қаздай
әсем сазды,
әсерлі,
ерке назды,
жүр неліктен Шәмші ағам жаңа ән жазбай?..

Ұқтырады тек әнмен сырын ғашық,
сезімдердің жұлдызы жымыңдасып…
Жан балқытар әуенді төкпей ме енді
қайран Шәкең күйсандық тілін басып?..

Бар еді онда айрықша дарын-шабыт,
аптыққан жоқ бірақ та барын салып.
…Сағынған кей сәтімде отырам мен
жайлап қана Шәмшінің әнін салып…

Асқар Сүлейменов рухына

Асқар да асқар, асқар тау,
Асқардан биік тау болмас!
Шалкиіз.
Озуға туған – озбайды деме,
мұхиты барда – тозбайды кеме.
Ботасы өлген бозінгендей боп,
Ықылас-қобыз боздайды неге?..

Қыл ішек – мұңдас, күй – қайғыласым,
азалы сазды жырлайды басым.
Құм болып менің жігерім неге,
жүрегім неге тыймайды жасын?..

Асқар – Тау биік, құлайды деме,
мүжілер, шөгер былайғы дене…
Қаратау жақтан күңіренгендей
Сүгірдің күйі жылайды неге?..

Күй сырын кейде өлеңнен сұра,
егіл де төгіл.., дегенмен, шыда.
Қартаймас болар қариялар тегін,
ортаймас болар тереңдер, сірә!

Озады, озған құла қасқалар,
ұнар да, бірде ұнамас та олар.
Асқар да асқар, асқар тауларым,
мұнар басқанмен, құламас болар!..

Бақ пен сор

Неге біздер қызыл гүлді – қыз дейміз?..
Сол қызыл гүл жатса солып – күз дейміз…
Бірімізді біріміз кеш ұққандай, –
неге келіп өлгеннен соң іздейміз?..

Уысына түсіп кейде ірінің,
үзілуге тақау қалды жұлыным…
Талай рет «өлтірсе де» талай қырт,
қасарысқан мен әлі күн тірімін!

Тірілерді жатқан жоқпын күндеп мен,
бірге келем сол баяғы дүрмекпен.
Көрер күнім бар-ау деймін, өйткені,
құтылғам жоқ Ар жүктеген міндеттен!

Арым барда – барым бар деп есептеп,
келем әлі,
қосылса да жас ептеп.
Біреулер жүр тірлігімді көп көріп,
біреулер жүр амалы жоқ, өсектеп…

Деп өзіме: «Сен де әліптің түбін күт,
еленбей-ақ қойғаныңмен бүгін түк…
Мен өлсем де, аман болсын Ел мынау,
керек болсаң – алады өзі-ақ тірілтіп».

Осылайша өзімді өзім жұбатам,
келеді атып кешегідей құба таң.
Мен бағымды болашақтан іздетіп,
ал, сорымды… өткен күннен сұратам!..

Есімде сол вальс…

«Жамбылдық жастар вальсін»
бір шырқап,
жасыл белесте
қызылша терген танысым,
аласың ба екен мені еске?..

Баяншы жігіт құлашын
кең жазып тартқан вальстің
ырғағымен сыр ашып,
өзіңмен
есте, – таныстым…

Түседі бәрі есіме,
үзгендей едім күзден гүл…
Қыркүйектің сол кеші де
билейтін шалқып бізбен бір.

Жастықтың жайсаң бал түні,
төкпейтін көктен Айы мұң…
Тербейтін вальс толқыны
біз жүзген сезім қайығын…

Зымырап қанша жыл өтті,
көбейтіп шаштың ақтарын?..
Қартаймас мәңгі жүректі
қарайлата ма бақтағы үн?..

Өмірдің алуан сазы үдеп,
шақырып шалғай қыр анау,
Ән салсаң – даусың нәзік ед, –
өзгеріп кеткен шығар-ау?..

Жырымды оқып газеттен,
тыңдасаң кейде әнімді, –
сезімнің ұяң назы ептеп
мазалап жүр ме жаныңды?..

Есіңе түссем – несі мін.
дәуренді сол бір сағынам.
Естілген кезде есімім –
демесең болды: «таныман…»

«Жамбылдық жастар вальсі»
шырқалып,
қыздар билесе, –
қиялдың құсы тағы ұшып,
кешемін сырлы күй неше?!.

Күтпесе-дағы күліп төр,
жолықпасақ та төс қағып,
жүрсекші қыздар, жігіттер,
бір-бірімізді еске алып…
Ғашық болып
қалдым ба?..

Сырласым да мұңдасым – өлең еді,
саған ұшты көңілдің көбелегі…
Сен от болсаң – қанатым шарпылады-ау,
үйіріп ап барасың неге мені?..

Менің өтіп кетсе де балғын айым,
сенің өтіп кетсе де балғын айың,
үйіріп ап барасың мені, әйтеуір,
күйдірейін дейсің бе, жандырайын!..

Жандырайын дейсің бе, күйдірейін,
қаңдырайын дейсің бе, сүйдірейін?..
Сынап-күндер сырғиды ұстатпастан,
кеше алмаспыз осынау күйді кейін.

Кешіккенмен кезіккен жан ардағым
өзің бе едің, –
қондырма жанарға мұң.
Ессіз кезім қапыда қайта оралып,
ғашық болып қалдым ба саған, жаным?..

Солай десем – күлесің мөлдір үнмен,
басқа күйді бастадым мен бүгіннен.
Көз алдымнан ойда жоқ ғайып болсаң –
сол бір үнді естимін енді кімнен?..

Күлші, қалқам, жайнасын жан сарайым,
сенің нұрлы жүзіңді таң санайын.
Сенің кәусар күлкіңе қанайын да,
сенің шәрбат ерніңнен бал сорайын…

Іздеу

Жүрек байғұс толды тағы мұң-шерге,
аямадың, ауырарын білсең де.
Шарасы жоқ шала-жансар жаныммен
сені іздеймін жер түбінде жүрсең де.

Бар қызығым қалғандай-ақ іркіліп,
дүр қызғаныш мазалайды жұлқынып.
Тәтті сөздер мені есіңнен шығарып,
кеттің бе екен қызыл гүлдей құлпырып?..

Жүрер мезгіл болмаса да гүл теріп,
іңкәр сезім жата алмайды бүркеніп…
Мен сүйетін сенің бота көздерің
жан-жағына отыр ма екен нұр төгіп?..

Тамсандырып бал татитын сөздерің,
өзек өртін өршітті ме өзгенің?..
Жапандағы жатты өзіне тартатын
сенің бота көздерің ғой, көздерің…

Соны ойласам – көңіл нілдей бұзылып,
быт-шыт болды саған артқан жүз үміт.
Телефоның шыр-шыр ете қалғанда
кетті ме екен сыңғыр күлкің үзіліп?..

Жаным, бәлкім, азапты күн сүрмек кіл,
шабан тартты-ау уақыт та жүрдек бұл.
Телефоның шыр-шыр ете қалса егер –
шыр-шыр еткен менің байғұс жүрегім
жер түбінен өзіңді іздеп жүр деп біл.

Жабығу

Жабығып жүрсең сен кейде –
жабығып жүр деп мені ойла.
Жан дертің болса кеудеңде
айығу, сірә, оңай ма?!

Көз ілмей жатсаң түн ұзақ –
жатыр деп ояу мені еске ал.
Жанардан тамшы үзіп ап,
татарсың кермек, – емес бал.

Бейкөңіл тұрсаң төсектен –
селқос боп мені отыр де.
Жел жақтан жеткен өсекке
күйініп, босқа өкінбе.

Отырсаң кейбір ортада
өзің де, сөзің жараспай –
мән бермей ешбір қолқаға
отыр де мені жақ ашпай.
Өзіңмен күйге бөленер
еді ғой таңым арайлы-ақ,
түсіңде көрсең мені егер –
жүргеннен деп біл Сені ойлап!..

Ұғыну

Өзің жоқта басылып
Алатаудай нар еңсем,
кеш кездескен ғашығым,
сор болдың-ау маған сен.

Саған деген сезіммен
төсегімнен сан тұрып,
ұйқы қашып көзімнен,
сені іздедім шарқ ұрып.

Емес менің аңсарым
бір күн, яки бір-ақ түн…
Естен шықпай бал шағың,
сағындырдың, сынаттың…

Ғашық жүрек егілсін,
оның сырын мол ұқтым.
Бағым болсаң менің
шын –
неге кештеу жолықтың?..

Мынау жалған – өмірден
бір шындықты мен білсем:
тағдырыма телінген
нағыз сорым болдың сен!..

Қызғану

Жанымда менің арылмай жүрген сыз бардай,
жабыққан кезде жүрегім содан сыздардай.
Сезерсің мүмкін, сезбессің оны, бірақ мен
жүре алман сені, тұра алман жаным, қызғанбай…

Деп жүргенімде: жайымды сендей білер кім, –
жасытып алдым қайсарлау кезін жігердің.
Жабырқап қалар жанымды менің аямай,
қызғаныш отын лаулатып неге жібердің?..

Қызғанам сені сөзден де, бөгде көзден де,
ұқсаймын сол бір сезімнің уын езгенге…
Қас қағым сәтке көзімнен таса еткім жоқ,
етуге олай іңкәр жүрегім төзген бе?..

Кетпеші, жаным, сен менсіз сонау түзге алыс,
кетпесін десең, өтпесін десең мұздап іш…
Тек шыңға бітер шынардай асқақ махаббат, –
екенін білші мендегі асау қызғаныш!..

Жоқ бүгін
қарттар кешегі…

Ауылдың бұрынғыдан сәні кеткен,
тірліктің қатал еді заңы неткен?..
Бір атып насыбайдан,
басын қосып,
Қарттар жоқ сөз бастайтын әріректен…

Жиылып кешке таман қыр басына,
жүздесіп құрдасына, сырласына,
жарқылдап, қауқылдасып отырушы ед,
келсе де жатырқамай кім қасына.

Біреулер әңгіме ғып жылқы жайын,
еске алып құлындаған былтырғы айын…
жатқанын үйірімен Қарасайда,
тастамай ауызынан бір құдайын.

Көңілім тұр-ау енді орталанып,
көзімнен ғайып болды алқа нағып?..
Бараққа күйеу,
жиен Дәуіміңе –
Дәужанды жұрт қажақтап, ортаға алып,

мәз болып отыратын қайран қарттар,
оларға бара қалсаң – жайраңдап бар.
Айтары сәлеміңе: «Дәу жігіт бол!»
дегені ол: «Дәуреніңде сайраңдап қал!..»

Әлекең сөз бастайтын Сапалайдан,
анық-ты Сапалайдың атағы айдан…
Жансейіт жаны жарқын, жайраң қақса –
сыр беріп Баймағамбет шатақ ойдан…
Өзінше бір төбе боп Ағәділім,
екенін ұқтыратын аға буын.
Соңында үш тазы бар,
жарау атпен
ойда жоқ сап ететін Шамаевың…

– Әй, Дәужан, Досым-алшын, қапы кетпе,
шыныңды айт кеткеніңше ақыретке,
білемін сенде қанша жылқы барын.., –
дегенде, – қалатын кеп Ахмет те…

– Ассалаумаликө-ө-өм! – деп, – бәріңізге,
майдалап, жорға сөзін салып ізге, –
ау, Жақа, басы артық мал қайдан болсын,
рас, тек қылқұйрықтың бары бізде…

Жатқанда қыр үстінде сыр бөлініп,
Байжұман үй жағынан бір көрініп,
келуге дәті бармай, қипалақтап,
сәлден соң жоқ болатын інге кіріп…

Ауылда өзгере қап әдеп бүгін,
ешкім де көрсетпейтін өжеттігін…
Бұл жұртта бие де бар, түйе де бар, –
Шамаев – салық жинар агент-тұғын…
– Төрт-бес күн бәріңді де аралаймын,
туыстық-жекжаттыққа қарамаймын…
…Бүгін бір көккөз келін шайын ішіп,
сырнайын сарнатайын Жаңабайдың…

Мені ұзап кетер дейсің сылтып қайда,
қонармын ертең кешке Ынтықбайға.
Дәужанмен, Дәулетбекпен болады ісім,
таппаса артық малын құртып пайда…

Деп жұртқа,
жүруші еді дара, саяқ,
Шамаев – атқа мінген ағашаяқ…
Арс ете қалатын бір қасқыр бет-ті,
жатпайтын ешкімді де оғаш аяп…

Даусы бір естілмейді со шалдардың,
соңғы рет ауылға осы қашан бардым?..
Көзіме ешқайсысы шалынбады-ау,
елеске, мұңды ойларға бос алдандым…
Елеске, мұңды ойларға батам ба деп,
шыққың да келмейтіндей сапарға көп…
Берер ем барып сәлем Жайылмаға, –
кәрия Бекет те жоқ, Шахан да жоқ…

Баяғы мәз ауылдың мәні кеткен,
қарттарым көз жұмған соң сәні кеткен.
Бәріне бата ғып бір қайтпай болмас,
сол парыз мазалап жүр мені көптен…

Ақын қазасы

Сағи Жиенбаевтың рухына

Таңғы аппақ гүлдердей арман-жыры
бақытым ба – бағымда қалғандығы?..
Оянғанда бозторғай сазын толғап
Ақын өлді… Алпысқа толған күні…

Аппақ таңға, ақ гүлге ғашық еді, –
неге өртемек өкініш жасы мені?..
Түн ауғанда көз ілсе – түс болды ғой,
оянбай ма өлеңнің асыл ері?..

Мұнша неге күңірентіп жатыр елді,
қара әріппен жазыпты-ау атын енді…
О, опасыз дүние-ай, толып тұрып,
тойлай алмай Алпысын ақын өлді.

Неткен ауыр «өлді» деп айту маған,
қайран Сәке-ай, қанында ән тулаған.
Жібектей боп, қыздай боп біз үшін де,
жыр үшін де өзіңдей жан тумаған.

Сендей жанды іздесем табармын ба,
таппаймын-ау, жанарым толар мұңға.
Түн ұзаққа жыр жазып, енді бір сәт
мызғып кеткен бе едің сен таң алдында?..

Аппақ таңды сүюші ең – нұрын төкті,
жан едің ғой жақұттай жырың текті.
Күлім қағып ұйқыңнан тұрмайсың ба,
әлде аза бұлт бүркеді бүгін көкті?..
Арнамақ ем тойыңа ерек толғау,
ақ періште үлесі – жебеп, қолдау.
Ақындығың, болмысың бөлек еді –
өзгелерден қазаң да бөлек болды-ау!..

Табысу

Шын ләззат, шын махаббат кейпіне енсең:
«Сен барда ұйқым тәтті» дейтін ең сен.
Амалсыз төсегіңнен бей-жай тұрып,
басылып жүрді ме екен кей күні еңсең?..

Жөңкіліп күндер көшкен, түндер көшкен,
тандырмас бал татыса кімдерді естен?..
Өтірік күлген болып әзіліне,
жүрдің бе сырт көздерге сыр берместен?..

Ойлаймын терезеден Айды көріп,
жолықтым қайдан саған қайғы болып,
жолықтың қайдан маған қайғы болып?
Мен сорлы жүрді дейсің қай бір оңып?..

Сағынып келдім сені, асығып мен –
құшуға албырт сезім, жас үмітпен.
Ұмытшы, ұмыттыршы бәрі-бәрін,
құштарлық күйін сенен жасырып па ем?..

Сәл кештеу ашылғанмен жан гүліміз, –
ертеңге жалғассын де жаңғырып із.
Өмір жоқ бірімізсіз бірімізге, –
өйткені, ортақ біздің тағдырымыз!..

Сарылу

Өкпенің өрті – лебімде,
таппады маза жаным түк.
Сағына түссін дедің бе, –
күттірдің сонша сарылтып?..

Жолыңа жүрмін елеңдеп,
илантпай ешкім, ештеңе;
өзіңді күттім келер деп
таңертең,
түсте,
кешке де.

Мазасы кеткен ақынды
қинадың мұнша жарқыным,
үн-түнсіз ойға батырды
ұйқысыз өткен әр түнім.

Тудырып жұлдыз – шолпанды,
келеді атып таң еркін.
Түтінмен ыстап қолқамды,
ащымен бастым жан өртін.

Дәмі нәр болған таңдайға
сағынтты сенің бал ернің, –
жүрсең де қай бір шалғайда
жетпесең енді – өлермін!..

Тәңірге тәубе

Кім жек көрсін болмысы – пейілі кеңді,
шатастырма менімен кейбіреуді…
Менің шалқар байлығым – ән мен жырым, –
қуанышқа кенелтсем деймін Елді!

Кездерім жоқ кимелеп, өңмеңдеген,
жұдырықтап кеудемді, «мен, мен» деген.
Мен Елімнің жүзінен кірбің көрмей,
шын шаттыққа бөлесем деумен келем.

Таң ба,
Түс пе,
Кеш пе әлде…, қарамастан,
нұр сарықпай тұрғанда анау аспан,
қуанта алсаң Еліңді ұлан-асыр, –
бақыт бар ма адамға одан асқан!

Асыл ойға жұмсалса сана-күшің,
танытар да, таңдантар адал ісің.
Сенім артқан Еліңді жер қаратсаң, –
одан асқан сор жоқ қой адам үшін!..

Мақсат алға жанымды жетелерде
шалдықсам да, Ел үшін жетем өрге.
Қадірімді кетіріп тіршілікте,
о, Тәңірім, керексіз ете көрме!..

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support