- Advertisement -

Алуан, алуан гүл бар

177

- Advertisement -

Гүлдің адам баласына әсер ететін ғажайып қасиеті бар. Содан болар, құлпырған хош иісті гүлдер бағында біреумен біреудің жанжалдасып, адамдардың бейәдеп қылық танытып, ашуланып, дөрекі мінез көрсетіп жатқанын кездестірмейсіз. Ал егер сіздің әр күніңіз осы гүл бағында өтсе, қандай күйде болар едіңіз? Бұл сұрақтың жауабын соңғы жылдары кәсібін гүл өсірумен байланыстыра дамытқан Жұмагүл Омаровадан сұрауды жөн көрдік.

Кейіпкеріміз – Тараз қаласындағы «Жасұлан Флора» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қалаушы. Оның иелігінде 60 шақты жылыжай, гүл дүкендері және тараздықтарды тамсандырған «Қысқы бақ» жылыжайы бар. Танымал кәсіпкердің негізгі мамандығы – фармацевт. Еңбек жолын дәріханада технолог қызметінен бастап, кейіннен жеке дәріханасын ашқан. Ал гүл өсіру оның қарапайым «хоббиі»» болатын. Қазір елімізде кенжелеп қалған бұл салаға білек сыбана кірісіп, қала мен даланы қызыл ала кілеммен көмкеруге мықтап кіріскен жайы бар. Жұмагүл Сағынбекқызының сөзінен байқағанымыз, «хоббиін» табысты кәсіпке айналдыруға оған деген айрықша қызығушылығы түрткі болған сияқты. Жұмыс барысымен шетелдерге жиі шығып жүргенде, Еуропа елдерінің гүл қаптаған қалалары талай көзінің жауын алған. Қазақстан да дәл осылай құлпыра түссе екен деген арман, қиялға да жиі бой алдыратын. Ал ел аумағын гүлдендіруді кім қолға алуы тиіс? Іштей оның жауабын жұптап, бұл орайда жүктелер міндет пен талап тізімін де түзіп шығады. «Алдымен, бұл бизнесті бастайтын кәсіпкер гүлді жақсы көруі керек, екіншіден, тәуекелі көп бизнес болғандықтан, ақшалы болуы шарт. Үшіншіден, патриот болуы тиіс деп топшыладым. Себебі, жерін сүймеген адам ақшасын жинап алып, шетелде тұрып-ақ сұлулықты тамашалай беруі мүмкін. Қарап отырсам, осы талаптарға басқа емес, өзім сайма-сай келіп тұр екенмін. Оның үстіне, бір істің кемеліне келгенде, адам жаны жаңа нәрсені іздей бастайды. Менде де сондай сезім болды», – дейді ол.
Осы кәсіпті бастауға тәуекел еткен кәсіпкер алғашында Қытайға барып, «шырайгүлдің» 3 миллион ұрығын Шымкентке әкеледі. Кез-келген кәсіп шығынсыз болмайтыны анық. Отырғызған ұрықтан 1 миллион гүл ғана өніп шығып, сол өскіндердің өзімен-ақ Шымқаланың шырайы кіріп қалады. Айтуға оңай болғанмен, өте нәзік өсімдікті егу, өсіру, жерсіндіру, күтіп-баптаудың қыр-сыры көп. Сан түрлі технологияны қолданып көріп, ақырында голландиялық әдістің ең үздік екеніне көз жеткізеді. Тәжірибе алмасу мақсатында, «қызғалдақтар отанына» мамандарын жіберіп отырады. Мекеме көбінесе дала гүлдерін өсірумен айналысады. Қала көшелерін гүлзарларға толтырып, оның жаз бойғы күтімі мен күз мезгілінде жинап алу жұмыстарын да өз мойындарына алған. Кәсіпорын әр жылдарда Тараз, Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Алматы, Павлодар, Орал, Ақтөбе қалаларын гүлдендірумен айналысқан. Биыл Атырау мен Астана қалаларын гүлмен көмкеруді жоспарлап отыр. Мұнда науқан барысында 250-дей адам жұмыспен қамтылады.
Гүл ұрықтары Алмания мен Чехословакиядан жеткізіледі. Жылыжайда 30 шақты гүл түрінің 20-30 шақты сұрыптары өсіріледі екен. Таңдау көбіне «шырайгүл», «тагетес», «алиссум», «пеларгония» сынды гүлдерге түскен. Арасында бөлме гүлдері де бапталады. Бірақ, оларды дайын қалпында Голландиядан алып келетін көрінді.
Жұмагүл Омарова демеушілік шараларынан да ешқашан шеттеп қалған емес. Мәселен, 2011 жылы Қызылорда облысының 300 гектар аумағына өз қаражаты есебінен 520 мың дана сексеуіл егіп берсе, сол жылы өңіріміздегі Айша бибі кесенесі төңірегін абаттандыруға бір миллион доллардай қаражат жұмсаған екен.

Қарлығаш есбергенова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support