- Advertisement -

Әкім шықты алаңға теңбіл доппен

115

- Advertisement -

Облыс әкімдігі спорт және дене шынықтыру басқармасының ұйымдастыруымен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналып шағын футболдан облыстық турнир өтті. Облыс әкімдігі және құқық қорғау органдарының мемлекеттік қызметкерлері арасында өткен турнирге 6 команда қатысып, олар екі топқа бөлініп жүлде жолында тер төкті.
«А» тобында облыс әкімдігі мен ішкі істер департаменті қызметкерлері кездесіп, терезесі тең өнер көрсетті. Аса тартысты өткен ойында 3:4 есебімен полейцейлер құрамасы жеңіске жетті. Келесі ойында тыныштық күзетшілерінен құралған команда облыстық сот құрамасының қақпасына жауапсыз үш гол соғып, шешуші ойынға қатысуға мүмкіндік алды. Ал облыс әкімдігінің құрамасы облыстық сот қызметкерлерін 4:0 есебімен айқын ұтты. Облыс әкімдігі командасы сапында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өнер көрсеткенін айта кетейік. Облыс басшысы алаңға шығып қана қойған жоқ, бір рет ұтымды пас шығарып, бір рет гол соқты.
«Б» тобында Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаменті қызметкерлері әуелі облыстық прокуратура өкілдерін 5:0 есебімен айқын ұтып, келесі ойында облыстық кірістер департаменті қызметкерлерінің қақпасына үш гол соқты. Ал кірістер департаменті қызметкерлері прокуратура өкілдерін 8:3 есебімен ұтты. Бұл топтан ҰҚД қызметкерлері шешуші ойынға жолдама алды.
Облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері шешуші ойында Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаменті өкілдерін 2:1 есебімен ұтып, турнир жеңімпазы атанды. Ал үшінші жүлде үшін таласта облыс әкімдігі құрамасы мен облыстық кірістер департаменті кездесті. Бұл жолы облыс әкімдігі құрамасында Бекболат Орынбеков, Махамбет Дүйсембаев сәтті өнер көрсетті. Олар аса тартысты өткен ойында 4:3 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің үшінші орын иегері атанды.
Турнирдің жабылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін кубок, диплом, медальдармен марапаттады.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support