«Қайрат» суперкубок иесі

«Қайрат» суперкубок иесі
ашық дереккөз
«Қайрат» суперкубок иесі

Қазақстанның суперкубогі жолындағы ойында былтырғы жылғы премьер-лига чемпиондары елордалық «Астана» мен ел кубогінің күміс жүлдегері Алматының «Қайраты» шеберлік байқасты. Жылдың маусымашар ойынын футболсүйер қауым әдеттегідей көгілдір экраннан тікелей эфирде тамашалады. Былтырғы жылы «Қайрат» клубы елордалық командаға әлденеше рет есе жіберген. Астаналықтар премьер-лигада да топ жарып, ел кубогін де еншілеп кеткен еді. Сондықтан, сыралғы қос команда алаңға тастүйін дайындықпен шықты. Ойынның алғашқы таймында құрамында Андрей Аршавин бар алматылықтардың шабуыл шебіндегі басымдығы байқалып тұрды. Алайда, олар Эрич қорғаған қақпадан саңылау таба алған жоқ. Астаналық клубтың сұрмергендері Твумаси, Кабанангалардың да қарымта шабуылдары нәтиже берген жоқ. Екінші таймда да «Қайраттың» қарқыны үдеумен болды. Жиі-жиі шабуылдап, Эричтің есін кетірді. Сондай қарқынды шабуылдардың бірінде Бауыржан Исламханның айып алаңынан әуелете берген пасын қорғаушы Сезара Арзо әдемі голға айналдырды. Бұл ойынның 77-ші минуты болатын. Мұнан соң астаналықтар қарсы шабуылға шыққанымен, «Қайрат» қорғаушылары өз орындарынан табылды. Төреші қосқан 3 минуттың ішінде алматылық Исламбек Қуат мергендігімен танылып, есепті 2:0-ге ұлғайтты. «Қайрат» осымен екі жыл қатарынан суперкубок иегері атанды.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар