- Advertisement -

Көп салада көш бастап тұр

118

- Advertisement -

DSC_0020

Аудан жұртшылығы алдындағы Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековтің былтырғы жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы ауқымды міндеттерді саралаған жиынға облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қатысты.
Ауданның өнеркәсіп саласындағы өнімі мен көрсетілген қызмет көлемі 2015 жылы 16 миллиард теңге болса, 2016 жылы 33,4 миллиард теңгені құрады. Тиісінше, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп саласындағы көрсеткіш 32,3 пайызға өсіп, облыс деңгейінде 1-орын алуы соның айғағы.
Ауданда 2016 жылы индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша өткен жылдың 6 сәуір айында жалпы құны 664 миллион теңгені құрайтын «ЦАСК» ЖШС Меркі филиалы – «Шырын тазалайтын цехты қайта жаңғырту» инвестициялық жобасы іске қосылып, 18 жаңа жұмыс орындары ашылған. Сонымен қатар, қант зауытының қуаттылығы 650 тоннадан 700 тоннаға дейін артып, 2016 жылдың қорытындысы бойынша зауыт 141 мың 947 тонна немесе 30 миллиард 814 миллион теңгенің құмшекерін өндіріпті. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында өткен жылы 16 кәсіпкер 598,9 миллион теңге көлемінде 12,5 және 19 пайыз аралықтарында несие алған, оның 10 пайызы мемлекет тарапынан, яғни, «Даму» кәсіпкерлекті қолдау қоры» АҚ арқылы субсидияланғанын айта кету абзал.
Ал ауданның ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 20,4 миллиард теңгені құрап, бұл ретте меркіліктер облыс бойынша алдыңғы орыннан көрініп отыр. Атап айтқанда, өткен жылы 34 мың гектар дәнді масақты дақылдан 85 мың 590 тонна астық жиналған. Яғни, өнім 25,2 центнерді құраған. Қант қызылшасына ерекше тоқталған аудан әкімі Мейірхан Азатұлы: «Ауданда биыл 746 гектар қант қызылшасы өсіріліп, 23695 тонна балтамыр қант зауытына өткізілді. Өткен жылы қант қызылшасын сепкен 14 шаруа қожалықтың 7 шаруа қожалығы 450-900 центнер аралығында өнім алып, жоғары көрсеткішке қол жеткізді», – деп атап өтті.
Аудан әкімінің баяндамасына сүйенсек, өткен жылы Меркіде мал шаруашылығы саласы бойынша төрт түліктің саны арта түскен. Меркіліктер ауыл шаруашылығы бағдарламаларының орындалуы бойынша да жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Айталық, «Сыбаға» 120,8 пайызға, «Алтын асық» 607 пайызға, «Құлан» 162 пайызға, «Жайылымды суландыру» бағдарламасы 200 пайызға орындалған.
Аудан әкімінің есепті баяндамасында жолдың жайы да назардан тыс қалмады. Жол экономикамыздың күретамыры деп бекер айтылмаса керек. Бұл тұрғыда өткен жылы аудан бойынша 23 көше орташа, 12 көше ағымды жөндеуден өтіпті. Ал биылғы жылы автокөлік жолдарын орташа, ағымды жөндеу жұмыстарына 665,1 миллион теңге қаржы бөлініп отыр екен. Оның ішінде, облыстық маңызы бар «Андас батыр-Аспара» автожолын орташа жөндеу үшін 198,0 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілетіні туралы ақпарат шұрық тесік жолдың азабын әбден тартып, мезі болған жергілікті тұрғындарды бір қуантып тастады.
Жарыссөзге шыққан Нұрсұлтан Жәнібеков балалар кітапханасына күрделі жөндеу жұмысы қашан жүргізілетінін сұраса, Есен қажы Ниязбек қария Қазақдихан ауылына орта мектеп салу қажеттігін мәселе етіп көтерді. Ал зейнеткер Нышан Тоқбаева Меркі шипажайы бағытындағы қоғамдық көліктің тоқтап қалғаны қиындық тудырып жүргенін жеткізсе, аудан тұрғыны Иса Қошан ағымдағы жылы ауданның табысы бұдан да жоғары болуына тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ, аудан әкімі жазбаша түскен сұрақтарға да жауап беріп отырды. Мәселен, кезекте тұрғандарға жер телімі қашан беріледі? Көше жолдарын жөндеу, қаңғыбас иттерді аулау сынды мәселелер бойынша тиісті мекеме басшыларына тапсырма берілді.
Мейірхан Азатұлы есепті жиынды қорытындылай келіп: «Ауылдық округтер әкімдерімен бірлесіп 14 ауылдық округтің орталығында өткен тұрғындармен кездесуде 194 сұрақ пен ұсыныс айтылды. Ол сұрақтардың ішінде 20-сы қайталанғанын ескере отырып, бүгінде 174 сұрақтың шешілу жолдары қарастырылуда. Біз өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтадық, – деді.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қорытындылап, аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, алда атқаратын ауқымды жұмыстарды жүктеді.

Нұрболат Әлдибеков,
«Ақ жол».

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support