- Advertisement -

Ел керегін түгендеген

95

- Advertisement -

IMG_0720Мойынқұм – облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Табиғаты көркем, жерінің асты-үсті байлыққа толы өңірді көруге қызығатындар көп-ақ. Сондықтан, сан тараптан ат арытып жетер меймандардың жатын орнын қамдастыру да қажет іс.
Келушілерді көптеп қабылдауға ауданмен бірге жасасып келе жатқан жалғыз қонақ үйдің шамасы да жоқ. Осыған байланысты кәсіпкер Өмірзақ Жолдыбаев мемлекеттік несиелеу бағдарламасы бойынша алған 3 миллион теңгеге өзінің қаражатын қосып, аудан орталығынан заман талабына сай қонақ үй тұрғызған-ды. Жалпы, нысан құрылысына 9 миллион теңге қаражат жұмсалған. Бүгінде ел оның игілігін көріп отыр.
Өмірзақ әу баста жеке кәсіпкер боламын деп тіпті де ойламаған. Еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастапты. 2005 жылы аудан әкімі аппаратында кеңсе бас маманы, 2011-2014 жылдары Жамбыл ауылының әкімі қызметтерін атқарған. Алайда, бертінде әкімдікті қойып, жеке кәсіпкерлікке бет бұруды ойлайды. Бастапқыда оның бұл шешіміне отбасы қарсы шығыпты. Дегенмен өзінің мүмкіндігіне, күшіне сенген адам қайда да болсын жол таба біледі ғой. Өмірзақ та алған бетінен қайтпайды, қалайда өзінің көздеген мақсатына жетуді ойлап, бір адым да кері шегінбейді.
Бүгінде мейманхана бизнесі қызып-ақ тұр. Мұнда да әжептәуір бәсекелестік орта бар. Ал Мойынқұмдағы мейманхана сондай талапқа сай ма, несімен ерекшеленеді? Бұған көз жеткізу үшін оны арнайы барып аралап, көруімізге тура келді. Алты бөлмелі, 13 адамға арналған қонақ үй сырттан келгендер үшін өте қолайлы әрі бағасы да қолжетімді екен. Әр бөлмесінде екі орыннан бар, теледидар, интернет, тоңазытқыш, салқындатқыш құрылғы орналастырылған, ыстық-суық суы, дәретханасы ішінде. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» десек те, бұл күнге дейін мұнда келушілер тарапынан ешқандай шағым түспепті. Тіпті, ауданға алыстан ат басын бұратындар екі-үш күн бұрын телефон арқылы тапсырыс беріп, орын дайындатып қоятын көрінеді. «Кейде бос орын да табылмай жатады», – дейді Өмірзақ. Әзірге үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта ол кәсіпкерлік желісін кеңейтуді де ойластыруда. Кәсіпкер осы кәсіппен айналысқанына еш өкінбейді. Өйткені, істің көзін тапты деген осы.

Мойынқұм ауданы.

Уалихан Жайлау,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support