- Advertisement -

ЖОЛ АЗАБЫН ЖҮРГЕН БІЛЕДІ

111

- Advertisement -

«Қыс қыспайды деме» деген халық нақылы «кәрі құдаңыздың» әйтеуір бір қиғылық салатынынан хабар берсе керек. Осыған орай жұрт «қыс шанасын жаз сайлап», күні бұрын отын-су мен өзге қорды толықтырып алуға қам жасалатыны белгілі. Сондай-ақ, қысқы маусымда жолдарды тазалау мен оны күтіп ұстау жұмыстарына дайындық та үлкен мәнге ие екені даусыз. Сондықтан болар, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, үнемі назарда ұстап отырады. Қыркүйек, қазан айларында-ақ арнайы жиын барысында тиісті мекеме басшылары мен аудан әкімдеріне қысқы маусымға сақадай-сай болуды тапсырып, қатаң тапсырма да берген болатын. Алайда, берілген тапсырманың тиянақты орындалмай жатқаны алғашқы қар мен одан кейінгі уақыттарда білініп қалып жатқаны жасырын емес.

Еске салсақ, қазан айында облыс әкімі аппараттық кеңес отырысында дәл осы жол тазалау жұмыстарын өзекті мәселе ретінде күн тәртібіне шығарып, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын айтқан болатын. Сол кезде қажетті техниканың Сарысу ауданында тек – 12,5, Қордай ауданында – 27,5, Шу ауданында – 57, Мойынқұм ауданында – 22,2, Жуалы ауданында – 54,5, Байзақ ауданында – 50, Жамбыл ауданында – 30,5 және Талас ауданында 11,1 пайызы ғана дайын еді. Тіпті, жол тазалаумен айналысатын мердігер компанияны әлі анықтамаған аудандар да болған. Тиянақты тірлікті талап ететін жұмысты ертеңге қалдыра берудің соңы жақсылыққа алып бармайтынын қатаң ескерткен ол атқарылып жатқан жұмыстарға: «Барлық ауданда қараша-желтоқсан айларында қаржы қалмайды. Неге осы мәселе алдын ала дұрыс жолға қойылмайды? Егер қандай да бір төтенше жағдай орын ала қалса жағдай қалай болмақ? Біздің дайындығымыз осындай кезде білінеді. Ал біз үнемі түрлі жағдайға дайын болуымыз қажет. Бүгінде қысқа аудандардың бәрі де дайын емес» деген бағасын берген болатын. Сондай-ақ, облыс басшысы аудан әкімдеріне және «Қазавтожолдың» облыстық филиалы басшыларына міндетті түрде облыстық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жол тазалау бойынша атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндап отыруды да тапсырған. Алайда, қыс ортасынан ауғанмен әлі күнге дейін бір де бір аудан әкімінің және жол мекемелерінің басшыларының облыстың бас басылымы «Ақ жол» газетінің өзіне тапсырмаға сай атқарған жұмыстарын жазып жібергенін көргеніміз жоқ.
Айта кетейік, 2015 жылдан бастап әр аудан аумағымен өтетін барлық жергілікті маңыздағы автожолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу мен қадағалау аудан әкімдіктері құзырына берілген және бұл жұмыстарға жылына орта есеппен әр ауданға 15 миллион теңге бөлінеді.
Жалпы, жол тазалауға бөлініп жатқан бюджет қаржысының аз мөлшерде емес екенін айта кетейік. Бүгінде облыс көлемінде көліктер жүріп тұрған жол желісінің жалпы ұзындығы 5187 шақырым болса, оның 1237 шақырымы республикалық мәндегі, 1943 шақырымы облыстық мәндегі және 2007 шақырымы аудандық мәндегі жолдар. Жергілікті маңызы бар жолдарды қыс мезгілінде тазалауға бөлінген қаржы көлемі жыл санап артып отыр. Мысалы, 2013 жылы бұл бағытқа 85,2 миллион теңге бөлінсе, 2016-2017 жылдардағы қысқы маусымға 153,1 миллион теңге қарастырылған екен. Яғни, бөлінген қаржы 44,4 пайызға артты деген сөз. Ал осыған сай жолаушылардың қауіпсіздігі де артып отыр ма? Олай дей алмайсыз. 2016 жылдың қараша мен желтоқсан айларындағы жол-көлік оқиғаларына назар аударсақ, көрсеткіштің көңіл көншітпейтініне көз жеткізесіз.
1 қараша мен 31 желтоқсан аралығында облыс автожолдарында жалпы саны 271 жол-көлік оқиғасы орын алған екен. Онда 31 адам қаза тауып, 442 адам жарақат алған. Оның ішінде, республикалық маңыздағы автожолдарда 55 жол-көлік оқиғасы орын алып, 17 адам қаза тапса, 102 адам жарақат алған. Ал жергілікті маңыздағы автожолдарда 51 жол-көлік оқиғасы орын алып, 7 адам қайтыс болған, 109-ы жарақат алған. Сондай-ақ, облыстағы елді мекендердегі жол-көше жүйесінде 165 жол-көлік оқиғасы орын алған, онда 7 адам қайтыс болып, 231 адам жарақат алған екен. Аз көрсеткіш емес. Әрине, көлік апатының барлығы жолдың тазаланбауы себепті орын алуда деуден аулақпыз. Алайда, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардағы тайғақтың салдарынан кептеліп қалған жүк көліктері мен апатқа ұшыраған азаматтар жайлы ақпаратты жұрт жиі естіп жатыр.
Мысалы, 2016 жылы, қараша айының 20-шы жұлдызында Қордай ауданы «Алматы-Ташкент» көлік жолының 240-шы шақырымында 2 «Сетра» автобусы жол шетіндегі қарға тіреліп тұрып қалған. Оларда барлығы 50 жолаушы болған. Дәл сол күні «Алматы-Ташкент» көлік жолының 165-191 шақырымында жол шетінде қар құрсауында 30 автокөлік қалған. Желтоқсан айының 23-ші жұлдызында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент» жолында автокөліктің барлық түрлеріне қозғалыс тоқтатылған. Осы күні Айша бибі ауылы жанындағы постта автокөліктер кептеліп қалған болатын. Онда 550 жолаушысы бар бірнеше рейстік автобус та діттеген жеріне жете алмай, жолда қалды. Осы күні түнгі сағат 22.00-дің шамасында шекарада шамамен 100-ге жуық жүк көлігі де жиналып қалған болатын. Автокөлік жүргізушілері жол тазалап жатқан ешкімнің жоқ екенін айтып, журналистерге шағымданған болатын. «Мына жақта жолға қарап жатқан ешкім жоқ. Жол тазалап жатқандар бар ма десек, бір техника жоқ дейді. Бір де бір техника жұмыс істеп жатқан жоқ. Автотұрақтар толы. Біз кеше келіп, мұнда жатып-жатып, қарнымыз ашты» деген «КамАЗ» жүк көлігі жүргізушісінің сөзін қоштағандар табылып жатты.
Абырой болғанда, бұл жағдайлардың барлығы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастап төтенше жағдайлар қызметі мен өзге де тиісті мекеме қызметкерлерінің араласуымен адам шығыны мен жарақатынсыз ретке келтірілді. Бірақ, осындай кептелістерді болдырмай, жолдарды алдын ала, дер кезінде тазалап қоюға мүмкіндік шын мәнінде болмайды ма деген сұрақ туындайды. Әрине табиғаттың тосын мінезін ешкім де біліп болмас. Дейтұрғанмен, немқұрайдылық танытпай, ширақ қимылдау, түрлі жағдайларға сақадай-сай дайын отыру керек-ақ.
Елімізде халық шаруашылығы жүктерінің 60 пайызы автомобиль жолдары арқылы тасымалданса, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі арқылы әлемнің ондаған елінен жүк және жолаушылар көлігі ағылып жатады.
Бір замандарда Ұлы Жібек жолы атауымен толассыз керуендер жүріп өтіп, қан-тамыр іспетті болған күретамыр жолдардың бүгінде, техника мен технологияның дамыған уақытында жолаушылар үшін өте алмас бөгет болуы ұят-ақ. Облыс аумағындағы небәрі 3 асуды тазалап ұстамау – жауапты адамдардың жұмысына үлкен сын.
Сәл күн суыса жолды жаба салып, сол арқылы төтенше жағдайды болдырмау, әрине, оңай. Алайда, нарықтық экономика жағдайында өмір сүріп, сапалы қызмет көрсетіп, әлемнің дамыған елдері қатарына қосылуды мақсат еткен еліміз үшін мұндай мәселе туындамауы керек.

Маржан РАҚАЙ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support