- Advertisement -

Алып тұлға байсалды

212

- Advertisement -

Облыс жұртшылығы Дінмұхамед Қонаевты еске алды

12 қаңтар – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Республикамызды кеңестік кезеңде ұзақ жылдар бойы басқарған тұлғаның өмірге келгеніне биыл 105 жыл толып отыр.

Осыған орай тау тұлғаның Тараз қаласындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары және қоғам белсенділері қатысты. Жұртшылық елінің асыл перзентін сағынышпен еске алды.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен соң жиналғандар ескерткіш маңындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына барып, тұлға туралы кітап көрмесімен танысты. Көрмеге Д.Қонаевтың өмірінен сыр шертетін түрлі естелік фотосуреттер мен тағылымды дүниелерге толы кітаптар қойылыпты.
Сондай-ақ, осы күні «Бақ сарайы» мейрамханасында дастарқан жайылып, тұлға әруағына бағышталып құран оқылды. Дастарқанға жиналған көпшілік алдында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың елеулі еңбегі, тұлғалық болмысы, адами қасиеттері хақында тұшымды естеліктер, келелі пікірлер айтылды. Халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалының төрағасы Аманкелді Карентаев саналы өмірінің жарты ғасырын мемлекетіміздің дамуына, өркендеуіне арнаған Дінмұхамед Ахметұлының ерен еңбегі мен өмір жолына қысқаша тоқталып, қайраткердің рухына тағзым жасау алдыңғы буынның азаматтық парызы екенін айтты. Ол, сондай-ақ, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына жуырда тұлға есімі берілетінін, қазір құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.
Салтанатты шарада тұлғаның 105 жылдығына орай жарық көрген «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» атты кітаптың тұсауы кесіліп, жиналғандарға үлестірілді. Облыстың Құрметті азаматтары Баттал Жаңабаев пен Арғынбай Бекбосын халқының адал перзенті бола білген Қонаевтың биіктігі, құрметі мен қадір-қасиеті туралы орамды ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, қаламгер Арғынбай Бекбосын «Қонаев қорының» ұйымдастыруымен өткен облыстық жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысын жариялап, жеңімпаздарды марапаттады. Мүшәйра қорытындысы бойынша «Димаш ата рухына» өлеңімен таластық ақын Үміт Битенова бірінші орынды, жамбылдық жас талант, мектеп оқушысы Ақмарал Әбдіқұлова «Аңыз ата» өлеңімен екінші орынды жеңіп алса, ақын Баймаханбет Ахмет «Айналайын атамекен, ақ мекен» шығармасымен жүлделі үшінші орыннан көрінді. Өзге де шығармалары жақсы деп бағаланған қатысушылар ынталандыру сыйлығына ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтарды қазылар алқасының мүшелері, облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мен халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің редакторы Жаңабай Миллионов және халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалының төрағасы Аманкелді Карентаев тапсырды.
Көрнекті тұлғаның туған күніне орай өткен шара барысында жыр оқылып, ән де айтылып, жақсы тілектер мен әдемі естеліктердің тиегі ағытылды.

Жанғазы АХМЕТ,

«Ақ жол».

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support