- Advertisement -

Бөрі байлауға көнбес

198

- Advertisement -

Қыс ортасы. Бірқатар аумақтарда ит-құстың салған ылаңы жайлы әңгімелер құлағымызға шалынып қалады. Облысымыздың таулы аймақтарында жағдай күрделілеу. Аталмыш аумақтарда қасқырлар қанша күрессең де, өздерінің қасқырлығын істеп үлгеруде, сөйтіп шаруа қожалықтарының қораларындағы мал басы кемуіне де «үлестерін қосуда». Ал жыртқыштарға жем болған малын жоқтап ашынған ағайын кімнен көмек сұрарын білмей дал. Шынында да мұндайда кімнен көмек күтіледі?
Задында, өте өсімтал, бір дегенде 12-ге дейін күшіктейтін осынау жыртқыш аң түрін кейбір жағдайларда ғана болмаса, бей-берекет аулап, қырып-жоя беруге де болмайды. Алайда, табиғаттың арасалмағын теңестіріп қоймасаң, олардан келер залал аз емес. Ата-бабаларымыз кезінде осы қағидатты ұстанып тірлік кешкен. Түз жыртқыштарын қақпан, тор құрып та, құс салып та аулаған. Әккі аңшыларымыз ересектерін аяусыз қырғанмен, бөлтіріктеріне келгенде аяушылық танытып, олардың тек артқы тірсегін қиып кетіп отырған. Ертеңгі күні өсіп жетілген соң адамға, малға аса қаупі жоқ күйде, жаман-жәутік мал мен өлексені талғажау етіп қана күн кешуі үшін. Қазір бұрынғыдай емес, ел ішінде аң аулаудың қыр-сырын жетік меңгерген кәнігі аңшылар некен-саяқ. Осынау аңшылық өнерді өшіріп алмауға да тиіспіз.
Тағы бір айта кетерлік жай, қасқырдай өжет те ақылды, сақ та айлалы аң некен-саяқ. Басқа аңнан айырмашылығы – олар қанша жаны қиналса да қыңсыламайды, ызалы дыбыс шығарып қана қояды. Жараланса, өзіңе шабады. Иіс сезгіштігі, қырағылығы мен саққұлақтығы ерекше. Сондықтан, оны аулауда айласын асыратын мықты аңшы керек-ақ. Малшылардың қиналатынындайы да бар, екінің бірінің ит-құсты уысына түсіруге әлеуеті жете қоймайды әрі уақыттары да жоқ. Олар ендігі жерде не істеуі керек? Қасқыр атуға кіріспекке қаруларын сайлап, алақандарын ысқылап, әлекедей жаланып отырған аңшылар тобының жолына қарап, текке қол қусырып отыра беруі керек пе? Аңшылар арасындағы шын жеңімпаздарын анықтайтын тендер өткізіле ме, өзі?
– Облыста шалғай, үйі аз ауылдар бар. Қазір қыс мезгілі. Даладан азық таппаған аш-құрсақ қасқырлар осындай ауылдарға кіріп, мал мен адамға шабуы мүмкін. Сондықтан, өңірде жануарлар дүниесін, соның ішінде тұрғындар денсаулығын қорғау және құтырма ауруының алдын алу мақсатында қасқыр ату жұмыстарына биыл да облыстық бюджеттен 5 миллион 48 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді. Оның жартысы мамыр айына дейін, екінші жартысы қыркүйек-қаңтар айлары аралығында игеріледі деп күтілуде. Ал көктем, жаз айларында қасқырлар күшіктейтіндіктен, оларды атуға тыйым салынады. Бұл кезеңде өрт қауіпсіздігін сақтау да қаперге алынады. Осы аптада облыс бойынша әр ауданның ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемелерінде тендер ойнатылып, өңір аңшылары жеңімпаз деп танылған заңды тұлғамен келісімшартқа отыру арқылы өз жұмыстарын бастайды деп күтілуде, – дейді облыс әкімдігі табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Сапарбек Сыдықов.
Оның айтуынша, бір қасқырды ату шамамен 15 мың теңгеге түседі. Бұл қаржы жанар-жағармай, техникаға, яғни, жол шығынына, оқ-дәріге жұмсалады екен. Қасқыр атумен мемлекеттік сатып алу байқауына қатысып, жеңімпаз атанған заңды тұлғалар айналысады. Ал оларға – 3-5 адамдық аңшылар топтарына зиянкес жыртқыш аңдарды аулауға рұқсат құрамында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, экология департаменті, обаға қарсы күрес стансасы зертханасы мен ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мекемелерінің өкілдері бар жануарлар санын реттеу комиссиясының шешімімен белгіленген тәртіпке сәйкес беріледі. Өлтірілген жыртқыштардың терілерін тапсыру кезінде аңшыларға берілетін сыйақылар мөлшері қасқырдың аталығына – 12 000, аналығына (ұрғашысы) – 19200, бөлтірігіне – 6000, шиебөріге – 4800 теңге көлемінде белгіленіп отыр. Аңшылар ақшаны бірден алмайды, терілерді аңшылар қоғамының мамандары растап, қалалық қоқыс орны пешінде өртелгеннен кейін жасалған актінің негізінде бағдарлама операторы – облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ақша аударады. Ал оған дейін мердігер аңшылармен өз қаражаты есебінен есеп айырысады.
– Облыс көлемінде биыл 825 қасқыр, 752 шиебөрі бары тіркелген. Олардың 26,7 пайызы, яғни 421 қасқыр мен шиебөрі аулануға тиіс. Аңшылардың мердігермен жасасқан келісімшартпен қоса міндетті түрде аңшы куәлігі мен аңшы мылтығын сақтау, алып жүру рұқсатының көшірмелері де болуы тиіс. Бұған рұқсатты біздің мекемемізден алады. Былтыр 18 рұқсат 41 аңшыға берілген-ді. Аулау мерзімі біткен соң олардың аң аулаған-ауламағаны жөніндегі есебі қоса тапсырылуы тиіс. Ал қасқыр, шиебөрі аулануына аңшылық маусымның рұқсат етілген мерзімінде ғана рұқсат етіледі, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Баймахан Қошқарбаев.
Қысқасы, қасқыр аулаушыларымыз қаруларын сайлап-ақ отыр. Оның үстіне былтырғы қыркүйектен бастап елімізде күзгі-қысқы аң аулау маусымы ашылғаны баршаға мәлім. Аң аулауға рұқсат беретін құжаттар тізімі онша көп емес. Ең бастысы, аңшы куәлігі мен аң аулауға рұқсат беретін жолдама, сонымен қатар, қаруды сақтау мен пайдалануға рұқсат беретін ішкі істер органдарынан анықтама қағазын және аң аулайтын иттер мен жыртқыш құстарға берілетін құжаттар болуы керек. Өңірімізде аңшыларды республикалық «Қансонар» аңшылық қауымдастығының облыстық филиалы оқытып, даярлайды екен. Болашақ сала мамандары алған білімдерінің нәтижесін көрсету үшін тест те тапсырады. Содан кейін ғана барып оларға аңшы куәлігі табыс етіледі. Куәліктің мерзімі шектеулі. Әр он жыл сайын ауыстырылып отыруы тиіс.
Сондай-ақ, аңшылық ісін жүзеге асыру барысында назарда болар бір жайт, олар өрт қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз етіп, аңшылық алқаптардың тұрмыстық, кәсіптік қалдықтармен ластануына жол бермеуге де тиіс. «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңы мен Қазақстан аумағында аң аулау ережелерінің талаптарын орындамаған азаматтар еліміздің қылмыстық және әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодекстері бойынша жауапкершілікке тартылады.
Осы орайда айта кетейік, бүгінде қорасына түсіп, қойына шапқан қасқырдың көзін жоюға кез-келген малшыңыздың қауқары да, мүмкіндігі де әбден жетеді. Өйткені, шаруашылық иесі өз меншігіндегі малды қандай да жолмен болсын қорғап, сақтауы тиіс. Қасқырда кеткен есесін қайтару үшін аңшы жалдай ма, жоқ әлде, өзі ата ма, ол өзінің құқындағы шаруа. Бұл үшін тек аңшылық инспекциясына өтініш жазып, рұқсат алса, жеткілікті. Басқа да жеке азаматтардың өздері атып алған қасқыр, шиебөрі терілерін арнайы аңшылық топтары жетекшілеріне келісімді бағаға өткеруіне мүмкіндіктері бар.
Осы істің кәнігі шебері, жеке кәсіпкер Қырықбай Болмашевтың бай тәжірибесі – басқаға үлгі-өнеге. Ол өңіріміздегі қасқыр жатақтарын, санының аз-көптігін бес саусағындай жетік біледі десек, еш артықтығы жоқ. Түз жыртқыштарын аулау ісімен оның 40-50 аңшысы жыл бойы айналысады. Өзі секілді 3-4 жеке кәсіпкермен бірлесе жұмыс істейді. Айтпақшы, ол биыл өңірімізде шиебөрі жылдағы көлемінен азая түскенін айтады. Ал еліміздегі қасқырлар санын реттеу жөніндегі 2017 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығындағы кезеңге арналған биологиялық негіздемесінде олай деп тұрған жоқ. Онда, атап айтқанда, 2010 жылы елдегі қасқырлар саны 26 720, ал 2016 жылы 15 731-ді құрағаны, яғни, алты жыл ішінде шамамен 40 пайызға азайғаны атап көрсетіледі. Алайда, Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлеріне қарағанда, Орталық, Батыс және Оңтүстік Қазақстан аумақтарында түз жыртқыштарының тығыздығы жоғары деңгейде. 2015-2016 жылдары қасқырдың көптігі Алматы, Атырау және Қызылорда облыстарында байқалыпты. Аңшылардың бағалауынша, аталған аңның ықтимал саны экожүйенің тепе-теңдігі сақталуы үшін әбден жеткілікті, әрбір 1000 гектарға 0,05-тен келеді. Яғни, тұтастай еліміз бойынша жалпы аумағы 223 миллион гектарды құрайтын аңшылық жерлерінде сәйкесінше 11 200 қасқыр тіршілік етуі тиіс. Олардың еліміз бойынша қазіргі саны бұл көрсеткіштен шамамен 40 пайызға жоғары. Бір қызығы, міне, осындай жағдайдың өзінде Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан секілді бірқатар облыстардағы түз тағыларының саны қосымша шаралармен реттеуді қажет те етпейді. Ал еліміздің оңтүстік жартысында (демек, біздің облысымызда да) бұл көрсеткіш мейлінше жоғары әрі жыртқыш жануарлардың орналасу тығыздығы да ықтимал мөлшерден анағұрлым асып отыр. Сәйкесінше бұл, сөз жоқ, реттелінуге де жатады.
Өңір малшылары да аңшы ағайындарымыз түз тағылары шабуылына тегеурінді қарсылық танытады деп күтуде.

Бет қатталып жатқанда:
Осы мәселеге орай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына хабарласқанымызда, аталған мекеме мамандары тарапынан «Шалғай ауылдар тұрғындарына, әсіресе, малшыларға түз тағыларынан келер қауіп мол. Сондықтан да көктемде жабайы аңдарды балалауына байланысты мазаламау мақсатында облыс көлемінде қасқыр мен шиөберіні аулауға рұқсат беру мерзімін қосымша нақтылау ісі жануарлар санын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның шешімімен анықталатын болады» деген жауап алдық.

Баймаханбет АХМЕТ,
Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support