- Advertisement -

Құлантауда ит-құс көбейіп кет ті

197

- Advertisement -

Биыл қыстың ызғары анау айтқандай қатты сезілмегенмен, қараша-желтоқсан айларында Құланның тауына қар қалың түсті. Содан болар, тіпті таулы өңірдегі қора-жайларға да қасқыр шауып, малшылар қауымын қып-қызыл шығынға ұшыратуда. Ит-құстың қаптап кеткені соншалық, тауда жекеменшіктің малын бағатын Абай ауылының тұрғыны Есен Шайықов деген азамат өрісте жүріп үйірімен 12 қасқыр көргенін айтады. Тек желтоқсан айының өзінде өрістен алдырғаны бар, қораға түскені бар оның бағымындағы ұзын-ырғасы 20 шақты қойын, 1 тайы мен танасын ит-құс тартып кетіпті.
Ал аудандық мәслихаттың депутаты, «Қайқы» шаруа қожалығының басшысы Сәтжан Мамырбаев ит-құстың малға қараша айынан бері тыным бермей, жаудай төніп тұрғанын айтады.
– Биылғы қыста қар ерте түскендіктен бе, қасқыр да қараша айының орта тұсынан бастап құтырып кетті. Қойшыларым күн аралатып бірді-екілі қойды ит-құсқа алдырып қояды. Өзімде мылтық бар, бірақ оны қойшыларыма бере алмаймын. Ол үшін арнайы рұқсат керек. Шаруашылығымыздың жанынан Құлан ауыл шаруашылық колледжімен бірлесіп, дуалды оқыту жүйесі бойынша мал емдеу кешенін іске қосқанбыз. Сол жерде малдың түрлі ауруларын емдеумен қатар, қасқыр тартып кеткен малға да ота жасалады. Осы орталықта жасалған отаның нәтижесінде қасқыр тартқан қойлардың біразы оңалып, қайта отарға қосылды. Кеше ғана түз тағысы жәукемдеп кеткен тағы үш қойға ем-домымызды жасап, өріске жібердік, – дейді ол.
Бұл тұрғыда Луговой ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі аңшылық саласының маманы Ғ.Омаров:
– Жалпы, өңіріміздегі зиянкес жыртқыш аңдардың санын реттеу жөніндегі облыс, аудан басшыларының қаулылары негізінде тиісті жұмыстарды жүзеге асырудамыз. Аудан аумағындағы зиянды жыртқыш аңдардың санын реттеу бойынша құрамында ормандар және жануарлар дүниесін қорғау және экология бөлімдерінің мамандары бар арнайы комиссия құрылған. Комиссия бекіткен талап бойынша және бөлінген қаржыға сәйкес зиянды жыртқыш аңдар жойылады. Мәселен, 2015 жылы 15 ересек қасқыр мен 11 шиебөрі ауланса, өткен 2016 жылы 22 ересек қасқыр, 5 бөлтірік және 10 шиебөрі жойылды. Аудан аумағындағы аң-құстардың санын реттеу бойынша біздің мамандардың жүргізген есебінше, бүгінгі таңда жоспар бойынша 81 қасқыр, 64 шиебөрі бар, – деген ақпаратты алдымызға тартты.
Біздің Абай ауылының тұрғыны Е. Шайықовтың таудағы қыстауы маңынан көрген қасқыр үйіріне қатысты сұрағымызға Ғани Әділжанұлы:
–Луговой ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің қарамағына 45388 гектар жер қарайды. Оның көбі – құмды аймақтар. Нақты айтар болсам, 42368 гектары құмды аймаққа жатады. Таулы аймақтар биылдан бастап бізге өтіп жатыр. Сондықтан таулы аймақтағы қазіргі жағдайға біз жауап бере алмаймыз, – деп жалтарды.
Әрине, қасқыр – қорамыздағы малымыз емес. Сондықтан аудан аумағында нақты 81 қасқыр, 64 шиебөрі бар деп кесіп айту да мүмкін емес. Оның үстіне бұл санақ 2016 жылдың наурыз айында жүргізілген екен. Ал зиянды жыртқыштардың санын реттеу бойынша жүргізілетін ендігі жұмыс наурыз айына жоспарланып отыр. Оған дейін Құлан тауы қойнауларындағы ит-құс малшы ағайынның алдында тігерге тұяқ қалдырмай, ерте көктемде-ақ таяқтарын ұстап қалмасына кім кепіл?! Бұл ретте тиісті мекемелер аңшылармен бірлесе отырып, таулы аймақтағы түз тағыларының санын реттеу жұмысын жеделдетіп қолға алады деп сенеміз.

Нұрболат Әлдибеков,
«Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support