- Advertisement -

Түтініміз түзу ұшсын

147

- Advertisement -

Еліміздегі діни ахуал соның ішінде діни экстремизм мен терроризм тақырыбы бүгінгі қоғам үшін таңсық емес. Көп ұлтты мемлекетіміздің ұлтаралық татулығы мен мызғымас достығы өзге мемлекеттерге үлгі. Алайда, діни экстремизм мен терроризм мәселесі біздің елге де өз салқынын тигізбей қалмауда. Бұл – ғаламдық мәселе. Ең асыл дініміз исламның ішіне іріткі салып атын жамылған экстремистер мен лаңкестер қаншама бейбіт елдің берекесін қашырды, тыныштығын бұзды. «Террор» және «терроризм» терминдері «қорқыту, үрейлендіру, шошыту, қаймықтыру» деген мағынаны білдірсе, Ислам сөзі араб тіліндегі «салам», «тыныштық», «бейбітшілік» деген ұғымдарды білдіреді.Тіпті ислам дінінде адам тағдырымен ойнауды былай қойғанда, мұсылман мұсылманға қатқыл дауыс шығарып сөйлемеген. Өйткені ислам діні адамзатты татулық пен келісімге, ынтымақ пен ізгілікке, бейбітшілік пен әділдікке, тәртіп пен тазалыққа, бір сөзбен айтқанда Алланың ақ жолымен жүруге үндейді. Бұл жерде қай жолдың тура екенін ажыратудың еш қиындығы да жоқ. Мұны, әсіресе, жастар жағы дұрыс түсінсе деймін. Сондай-ақ, ұлттық дәстүріміздің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті онымен үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Сонымен қатар, елімізде діни сауатсыздықтан туған дінге қатысы жоқ діни емес ағымдардың жылдам таралып, көбейіп жатқанын көріп отырмыз. Мысалы «саентология мен дианетика» діни ағымы жайлы кітап жазған АҚШ азаматы Рональд Хаббард: «Егер кімде-кім бай болғысы келсе, жаңадан дін ойлап тауып ашсын» деген. Яғни, бұл экстремизм мен терроризм де діннің атын бүркемелеген діни сауатсыздықтан туған ағымдардың әрекеті екені белгілі. Мұндай жат ағымның жетегіне түсіп жатқандардың дені жастар дейміз. Ал сол жастарды жат жолға түсіруге біз неге мүмкіндік беруіміз керек. Жастар – ұлт болашағы. Сондықтан ұлт тағдыры, ұлт болашағы жолында түйткілді мәселеге айналған терроризм мен экстремизмге қарсы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, күресуіміз қажет. Асыл дінімізді ұстанған бабалар дәстүрін жалғастырып, халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлікті барынша нығайтып, өскелең ұрпақты сол жолға түсіруіміз керек. Сонда ғана діни экстремизм мен терроризмнің қаупі сейіліп, дауылы басылар еді.
Бұл тақырыпта сөз қозғағанда айта өтетін тағы бір мәселе бар. Ол – әлеуметтік желі. Бүгінгі қоғамда интернет желісінің жылдамдығы желден жүйрік. Жастардың көбі сол интернет арқылы жат діни ағымдарды насихаттаушылардың уағызына сеніп, шырмауынан шыға алмай қалады.Сол үшін ғаламтордағы бағыты мен танымы бөлектеу сайттардан сақтануымыз қажет.
Мемлекет экстремистер, радикалистер, террористерге қарсы күресудің бірқатар жолдарын тауып, оларға қарсы күрес жүргізуде. Біз де мемлекетке көмек көрсетуіміз қажет. Ол үшін еліміздегі әр отбасы балаға жастайынан уақытты көбірек бөліп дұрыс тәрбиелеу керек. Тәрбие дұрысталса, тәртіп түзеледі. Ал тәртіпті елдің түтіні қисық шықпаған. Біздің жастар сонда ғана жат ағымдарға мойын бұрмай оларға мойынсұнбайтын ұрпақ болар еді.

Манарбек Көшкімбаев,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support