- Advertisement -

Қарулы қарақшылық жасаудың жазасы ауыр

93

- Advertisement -

2015 жылы 28 желтоқсанда сағат 09.00 шамасында алдын ала келіскендей Ж. мен А. бір топ адаммен бірге Тараз қаласы Дүйсебаев көшесінде орналасқан үйді тонайды. Ұрлаған заттары өте қомақты.
Тергеу барысында анықталғандай, Ж. мен А. бөтеннің ірі мөлшерде мүлкін жымқыру үшін бір-бірімен келісіп, Тараз қаласы Дүйсебаев көшесі №13 «а» мекен-жайда орналасқан С-нің үйіне ұрлыққа түседі. Беттеріне қара түсті бетперде киген ұрылар аулаға кіріп, жәбірленушіні қолындағы (тергеу барысында анықталмады) тапаншамен қорқытып, күш қолданып, үйіне басып кіреді. Содан барлық бөлмелерді аралап, ақша іздеген. Сөйтіп жүріп екінші қабаттағы жатын бөлмеден суырманың ішінен үй иесі С-ға тиесілі құны 200 000 теңгені құрайтын қол сағатын жымқырған. Ал бірінші қабаттан еш нәрсе таппаған А. жәбірленушінің қолындағы құны 70 000 теңге тұратын бриллиант сақинасын және құны 50 000 теңге тұратын алтын сақинасын тартып алып, бой тасалайды.
А.-ның жасаған қылмысы бір бұл емес. Ол 2016 жылы 28 қаңтарда сағат 15.15 шамасында тағы бір топ адаммен алдын ала келісіп тапаншамен, пышақпен қаруланып (тергеу барысында анықталмады) Тараз қаласы Қазыбек би көшесінде орналасқан, «IMaxi» ұялы телефондарын сататын дүкенінен 19 «іРhone» маркалы ұялы телефондарын жымқырған.
Сот үкімімен А. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 191-бабының 3-бөлігі (тонау) және 192-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (қарақшылық) бойынша кінәлі деп танылып, Қылмыстық Кодекстің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы меншігіндегі заңсыз жолмен табылған не заңсыз жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленіп, 11 (он бір) жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскер жазасын түзеу колониясының қатаң режімінде өтейтін болады.
Ал Ж. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 191-бабының 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, меншігіндегі заңсыз жолмен табылған не заңсыз жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленді. Осы бап бойынша қылмыскер 8 (сегіз) жыл мерзiмге бас бостандығынан айырылып, жазасын түзеу колониясының қатаң режімінде өтемек. Қылмыстық Кодекстің 14-бабы 1-бөлігіне сай, сотталған Ж.-ның іс-әрекетінде де қылмыстардың қайталануы анықталды.
Енді сотталушылардан жәбірленушілердің пайдасына материалдық залал өндірілді. Көп асқанға бір тоқсан деген осы.

Гүлмира Рысбаева,
облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының
бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support