- Advertisement -

«Келші, айым»

464

- Advertisement -

немесе композитор Мэлс Өзбековтің мақамын сағынып жүрміз

Қарт Алатау бөктері мен ежелгі Жібек жолы бойындағы Құлан өңірінен түлеп ұшқан өнер саңлақтары көп. Жалпы, Құлан өңірі, оның ішінде Көкдөнен ауылы әр алуан өнердің қайнар бастауы десе де болады. Сонау 50-60 жылдары Көкдөнендегі өнерпаз өрендер бәйшешектей гүлдеп, жайқалып өскені баршамызға мәлім. Талай талант келешек ұрпаққа сиқырлы саз, әсем ән қалдырып, аққан жұлдыздай өмірден өтті десек, солардың бірегейі композитор Мэлс Өзбеков еді. Ол өмірге, адамзат баласының асыл қасиеттеріне, табиғаттың сиқырлы үніне ғашық асыл жан болатын.
Ән өлкесінің адал перзенті Мэлс Өзбеков өнер аспанында өзіндік өшпес жұлдызын жағып қалдырған дарын екендігі даусыз. Осынау талант иесі көзі тірісінде жүрек төрін жарып шыққан жүздеген әсем әнді тыңдарманына ұсынса, сол шығармалары Мэлсті еліміздегі таңдаулы сазгерлердің санатына қосты.
Мэлс Өзбеков 1962 жылы Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищенің дирижерлік бөліміне оқуға түскен. Осы оқу орнының екінші курсында оқып жүріп-ақ күйсандық және скрипкаға қосып айтуға лайықты музыкалық пьесалар жаза бастады. Аталмыш училищені бітіргенше қазақтың қасиетті қара домбырасын қоспағанның өзінде күйсандық, соль гитара, бас гитара, баян, сырнай, аккардион және басқа да ұлттық аспаптарда ойнауды жіті меңгеріп алды. 1964 жылы П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінің композиторларды даярлау бөлімінде білімін жалғастырып, 1966 жылы Луговой аудандық Мәдениет үйіне қызмет етсе, 1981 жылы Меркі аудандық Мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып ауысты.
Ол әуезді әндерін күйсандық көмегімен шығарды. Ал домбыра­мен Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Тәттімбеттің «Қосалқа», «Саржайлау» одан өзге «Адай», «Кеңес», өзінің «Жігер» күйін нақышына келтіріп орындайтын. Сазгер кезінде Қазақстан Композиторлар одағы жастар комиссиясының мүшесі бола жүріп, жас таланттарды ұлттық өнерге баулуға да үлес қосқанын біреу білсе, біреу білмес.
Ең алғашқы әндерінің бірі – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевқа арнап шығарған «Жазылбекшілер маршы» әні Мэлстің атағын шығарып, бағын арттырды. Осы әнімен ол жас композиторлардың ән конкурсына түсіп, жүлделі орынға ие болған еді.
Осыдан кейін композитор небір шұрайлы әндер жазып, ел ықыласына бөленді. Басқасын былай қойғанда, «Келші, айым», «Ақ тамақ қарлығаштар» атты әндері танымал әншілердің шырқауында халыққа кеңінен тарады.
«Келші Құланға», «Тобылғы сай», «Мойынқұмда ауылым», «Сұлутөр аруы», «Нәзігім» секілді әндерін композитор дүниелерінің інжу-маржаны деуге болады. Мэлстің қай әнін алсаңыз да өз тарихы бар. Айтса жырдай ағытылады. Мэлс әндерін Роза Бағланова бастаған белгілі жезтаңдай әншілердің орындағаны да оның шығармаларының бағасының биік екендігін байқатады.
Ақын Әдібай Табылдиевтің сценарийіне «Жайнаған жасыл толқындар» атты оперетта, Кәрім Баялиевтің «Көкқия мен Қарақыстақ» туралы шығармасындағы «Қызыл гүлдер, ақ гүлдерге» увертюра жазды. «Келші, айым» атты лирикалық әні деректі «Гауһартас» телефильмінде шофер жігіт рөліндегі Әскербектің орындауында Салтанатқа арнап айтылғанын көпшілік біле бермейді. Бұлардың барлығы да талантты сазгердің артында өлмейтін ән мұрасы қалғанының айғағы.
Ол – лирикалық ән жазудың шебері еді. Әр алуан тақырыптағы лирикалық әндерін көпшілікке кеңінен насихаттап, кейінгі жас ұрпаққа үйрету біздің абыройлы міндетіміз деп білемін.
Сазгердің бір топ лирикалық өлеңдері Қазақстан компози­тор­­ларының «Жастық шақ әуендері», «Кел шырқайық», «Ән – көңілдің ажары» сияқты ән жинақтарына енген.
Иә, Көкдөнен ауылының талантты түлегі Мэлс Өзбековтің өзінен кейінгі жас ұрпаққа қалдырған әсем әндері әнсүйер жұртшылықтың, жерлестерінің жүрегінде мәңгі жасайды. Бүгінде аудандық Мәдениет үйі «Мэлс Өзбеков атындағы Достық және Мәдениет үйі» болса, сондай-ақ Көкдөнен ауылындағы бір көше композитор атымен аталады. Мұны өнер адамына деген туған елінің зор құрметі деп білген жөн.

Райхан Омарова,
А. Байтұрсынов атындағы орта мектептің мұғалімі.

Көкдөнен ауылы,
Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support