- Advertisement -

Туған өлкесімен тынысы бір өрендер

73

- Advertisement -

Отан-Анаға деген махаббат кім-кімнің болса да жүрегін тербеп, жанына жылылық ұялататыны анық. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған патриоттық «25 жұлдызды күн» аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар туған жер, өскен өлке, аяулы мекенге деген ыстық ықыласын жеткізуге мүмкіндік алды. Олар облыстық «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған «Менің өлкеммен тынысым бір» атты байқауға қатысып, Отанына деген риясыз сезімін қылқалам құдіретімен жеткізуге тырысты.
– Бұл шара мүмкіндігі шектеулі жастардың қоғам өміріне белсене араласуына жол ашады, – дейді облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Сандуғаш Байқошқарова. Расымен де, бұл байқау қатысушылардың ынтасын оятты. Олардың салған туындыларынан осы айқын көрініп тұрды.
Қылқалам құдіретімен туған жерге деген сезімін жеткізуге тырысқан ерекше жандар арасында өзге ұлт өкілдері де болды. Әсіресе, орыс қызы Яна Сибирякованың салған суретінен қазақ жеріне, кең даласына деген ілтипаты мен қазақ ұлтына деген құрметі айқын сезіледі екен.
Арнат Амалбековтің картинасы да тілсіз сөйлеп тұрғандай. Гүл жайнаған Астананы бетке алған әке ту көтерген ұлын арқалап алған. Қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған әкелі-бала – Тәуелсіз елдің ұландары. Айна Набатова есімді жас суретші де байқауға ұсынған еңбегі арқылы ойы ұшқыр, қиялы биік екенін бірден аңғартты. Ол өзінің композициясын екі тақырыпқа бөліпті. Қазақ тарихының кешегісі мен бүгіні бейнеленген туындының оң бұрышында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» атты мүсін орын алған. Қызғалдағы жайқалған дала, алқызыл алмалар уылжи піскен бақ, киіз үй маңында асыр салған балалар бейнеленген. Ал екінші жартысында Астананың «Хан шатыр», «Бәйтерек» ғимараттары менмұндалайды. Көгінде күн күлімдеген көк сеңгірге домбыра ілініп, сардалада арғымақ шауып бара жатқанын суреттеген. Картина көрген жанды баурап алады.
Байқауда қазылар алқасының төрағасы ҚР Суретшілер одағының мүшесі Айдархан Сихаев барлық қатысушының суреттерін саралап, үздік туындыларды айқындауға атсалысты. Конкурс қорытындысында 1-орынға Айна Набатова лайық деп танылса, 2-орынды Арнат Амалбеков қанжығасына байлады. Ал 3-орынды Бақытжан Кабираев иеленді.

Наурызбек САРША

«Ақ жол»

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support