- Advertisement -

Бір шаңырақтың астында

89

- Advertisement -

Біз бірлігі жарасқан, халқының тұрмысы жақсы, бейбітшілікті ту еткен елде тұрып жатқанымызды мақтан етеміз. Аудан аумағында қазақ, орыс, түрік, әзірбайжан, қырғыз, татар, башқұрт, шешен, ингуш, күрділермен өзара ынтымақтасып дүнгендер де тату-тәтті өмір сүруде. Мұның барлығы табиғатынан жерді емген ұлтымыздың алаңсыз еңбек етіп, өз игілігін өзі еселеуіне елімізде барлық ұлтқа бірдей жағдай жасал­ғандығының арқасы екені даусыз.
Аудандағы әртүрлі ұлттардың басын біріктіретін алты этномәдени орталықтарының ішінде дүнген бірлестігі 1998 жылы құрылған болатын. Біздің этномәдени орталығымыз ұлтымыз тығыз топтасқан Сортөбе ауылындағы №17 орта мектепте орналасқан. Сортөбе және іргелес Масаншы ауылдық округтеріндегі қырық бес мыңға тарта тұрғындардың дені дүнгендер. Көршілес Ауқатты, Қарасу ауылдарына және аудан орталығына қоныстанып жатқан қандастарымыз да аз емес. Орталықтың ұйытқы болуымен жылма-жыл тілімізді, мәдениет, дәстүр-салтымызды насихаттап, жергілікті халықпен бауырластық байланысты нығайта отырып, мемлекет саясатын жүргізуге белсене атсалысудың сан-салалы шаралары атқарылып келеді.
Мәселен, өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына, Қазақстан Конституциясы күніне арнап ауылдық кітапханаларының атсалысуымен «Өткеннен болашаққа бір шаңырақ астында» тақырыбында конференция өткізілді. Мақсаты – елімізді мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың ынтымағына негізделген қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу болып табылатын іс-шараға ҚР дүнгендер қауымдастығының президенті Хусей Дауров және барлығы бес жүзден аса адам қатысты. Сондай-ақ, «Рухани келісім – татулық кепілі» тақырыбында өткізілген «дөңгелек үстел» басқосуында да халықтар арасындағы достық пен ынтымақ әңгіме өзегіне айналды. Жаз айларында колледждер студенттерін қатыстыра өткізілген «Толеранттық сабағы. Болашақты бірге құрамыз», «Бейбітшілік пен келісім жағдайындағы 20 жыл» тағы да басқа іс-шаралар мен фестивальдарда да қазақстандық патриотизмді нығайту мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар, әйелдер мерекесі, Наурыз мейрамы, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні, Балаларды қорғау күні тәрізді дәстүрлі мерекелерде де ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін бар қырынан жарқырата көрсетуге, бір шаңырақтың астында бірге мекендейтін барша халықпен ынтымағын нығайтуға бағытталған шаралар ұйымдастырылады. Біздің этномәдени орталығымыз бүкіл аудандағы дүнгендердің ұлттық құндылықтарын сақтау мен үйлестіруге зор еңбек сіңіруде.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына ынтымағымыз жарасып, басымыз аман, бауырымыз бүтін мол табыспен келіп отырмыз. Алда да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының арқасында көп ұлтты қазақстандықтармен бірге жақсы өмір сүреріміз кәміл.

Салима Вансинвин,
дүнген этномәдени орталығының жетекшісі, Қордай ауданының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support