- Advertisement -

Ямайкадан келген ұстаздар

161

- Advertisement -

Ямайканың қайда екенін білесіз бе? Бұл – Кариб теңізіндегі оймақтай арал-мемлекет. Қай шетіне шықсаңыз да етегін су шайып жатқан ел. Ұшар басында селдір жапырағы жалбыраған пальма ағаштары сән беріп тұрған шетсіз-шексіз жағажай. Бамбук қайығынан еңкейіп қарасаңыз су түбіндегі жауһар тастар анық көрінетін мөп-мөлдір айдынды мекен. Мұның бәрін қайдан біліп алды деп отырсаңыз, айтайын. Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Ямайка азаматтары ағылшын тілінен сабақ беріп жүр. Жуырда солардан сұхбат алу сәті түсті. Келинг Смолл (Keeling SmalL) – Дебора Ватсон-Смоллдың (Deborah Watsan-Small) күйеуі. Ямайкалық ерлі-зайыптылардың балалары іргедегі «Інжу» мектеп-балабақшасында оқып жүр. Екі тараптың
14808749_17940656408660880868_554360616_oсұрақ-жауабын Англияда оқып келген Жамбыл Асанов ағылшын тілінен аударып отырды.

– Келинг мырза, Ямайка қандай ел? Әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Окей! Ямайка, теңіз «құшағында» жатқан мемлекет. Біз Испания, содан соң Британияның отарында болдық. 1962 жылы Британиядан егемендігімізді алдық. Ямайка – көп ұлтты мемлекет. Қанша жерден көп ұлтты ел болсақ та, бізде ұлтаралық қақтығыс болмаған. Ямайкалықтардың басын біріктіріп тұрған нәрсе – ол ағылшын тілі. Халқымыздың саны үш миллионнан асады. Астанамыз – Кингстон. Арал теңіз арқылы Куба, Гаити және Колумбиямен шекараласады. Өткен ғасырда жұмыс күші ретінде тартылғандықтан, аралда үндістер мен қытайлықтар баршылық.
– Дебора, сіз де әңгімеге араласып отырыңыз. Қазақстанға келмей тұрып басқа қай елде жұмыс істедіңіздер? Біздің елге қандай бағдарлама аясында жолдама алдыңыздар?
– Хеллоу. Турист болып қайда бармадық. Есесіне Қазақстаннан басқа жерде жұмыс жасаған емеспіз. Күйеуім екеуміз мұғалімбіз. Өзімізді шетелде сынап көру үшін британиялық «ТІС» деген бағдарламаға құжаттарымызды жинап өткіздік. Содан олар педагогикалық жетістіктерімізді бағалап бізге Қазақстанды ұсынды. Ең алғаш рет Астанадағы әуежайға келіп қондық. Қазақстанда жүргенімізге үш жыл толды. Келингтің жасы қырық бесте, мен отыз бестемін. Бір ұл, бір қызымыз бар. Ұлым орыс сыныбында оқиды, қызым балабақшадағы қазақ тілді топқа барады.
– Келинг мырза, қай қалада ержеттіңіз? Бала күнде тұрмыста әке-шешеге көмектесіп өскен шығарсыз?
– «Жунглиді» көз алдыңызға елестетпеңіз (тілмаш жігіт ішек-сілесі қатып күлді). Сент-Кантрин қалашығына жақын маңдағы инфрақұрылымы дамыған Редбуд ауылында ержеттім. Бізде қазба байлық аз. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Еуропа, Америка және Британия нарығындағы цитрусты жеміс-жидектің көбісін біз экспорттаймыз. Айтпағым – елімізде туризм дамыған. Есіме түсіп отырғаны – кішкентай кезімде туристерге банан, кокос апарып сататынмын. Сөмкелерін көтерісуге көмектестім. Ағылшын тілін нашар білетіндерге «гид» болдым. Менің бір қулығым болды. Біздің ұлттық асханаға туристердің бейімделуі оңай емес. Көбіне қарны ашып жүрген туристерге піскен тауық етін сатып пайда табатынмын. Дебора болса Луайрез-Вил деп аталатын таулы аймақтың қызы. Ямайкалық жастардың көбісі плантацияларда жұмыс істейді.
– Өз елдеріңізге барған соң уақыт өте келе «Қазақстан» деген сөзді естігенде, ең бірінші ойларыңызға не түседі?
– Байқоңыр! Сіздерде Байқоныр ғарыш айлағы бар. Әлемде ең бірінші рет адам баласы осы қазақ даласынан ғарышқа ұшты. Соны неге өздеріңіз игермейсіздер? Әлемдік алпауыт мемлекеттер келіп сіздерден зымырандарын ұшырады. Жергілікті халық оны теледидардан ғана көріп отыр. Дүниежүзіндегі ең керемет нүкте – ол Байқоныр ғарыш айлағы. Мен соған қызығамын және сіздерге ғарышты игеруге тілектеспін.
– Дебора, ағылшын тілі ана тіліңіз емес шығар. Ямайка тілінде сөйлеңіздерші…
– Біз ағылшын тілінде сөйлейміз! Мектепте де, жұмыста да ағылшын тілін қолданамыз. Бізде «сынған» ағылшын тілі, «бұрылған» ағылшын тілі бар… Үнді тілінде «Ямайка» сөзі «Бұлақ аралы» деген мағынаны білдіреді.
– Теңіз қоршаған Ямайкада қар жауа ма?
– Қар? (Келингтің ішек-сілесі қатып күліп алды). Бізде жыл – он екі ай жаз болып тұрады. Күн ең қатты ысыған кезде +28-30 C0 градусқа көтеріледі, ал ең қатты салқындағанда
+15-17 C0 градусқа дейін түседі. Ұмытпасам, 2013 жылы Таразда +45C0 градусқа дейін күн ысыды. Сол күндері шелектеп су ішсем де, шөлімді баса алмай қиналдым. Сол жылы күзде өмірімде бірінші рет қалтырап тұрып жаурадым.
– Қазақстанда Ямайканың елшілігі бар ма? Заң жүзінде мәселе туындап жатса, қалай шешесіздер?
– Ямайканың елшілігі Қазақстанда, Қазақстанның елшілігі Ямайкада жоқ. Біздің барлық құжатымыз Назарбаев зияткерлік мектебінің бас кеңсесінде тіркелген. Біз үшін көп мәселені солар шешеді. Заң бұзбаймыз. О баста Қазақстанға визаны қайдан аламыз деген сұрақ туғанда, білетіндер бізге көршілес Кубадағы елшілікке баруға кеңес берген болатын.
– Жиһанкез бір қазақтан «Ямайкаға бардым» дегенді естімеппін.
– Окей! Екі елдің билік арасындағы барыс-келіс, алыс-берісті мен өзім де көрмедім. Қазақстандық туристерді күндей шуақты Ямайкаға қызықтыру үшін екі тарапқа сауда-саттық, экономикалық, әлеуметтік байланыстар орнату керек сияқты. Сіз осы жақтан ол жаққа бір ұшаққа отырып жете алмайсыз. Отбасымды осында алып келген соң, достарыма хабарласып қайда жүргенімді айттым. Олар «қандай ел, қайда орналасқан?» деп таңғалды. Ал Қазақстан әлемде аумағы жағынан тоғызыншы орында тұрған ел болып шықты.
– Олимпиада да біз бокстан, ал Ямайка жүгіруден алдына жан салмайды. Жеңіл атлетика ол жақта қалай дамыған? Атақты жеңіл атлет Усэйн Болт жерлестеріңіз ғой?
– Жүгіру – ол біздің дәстүріміз. Қанымызда бар спорт түрі. Балабақшада кішкентай баланың қолына су құйылған қасық ұстатады да жүгіртеді. Суын төкпей мәреге жеткен бала жүлде алады. Бастауыш сынып оқушыларын жұптастарып, кокос қабығынан ширатылған жіппен екеуінің санын байлайды да қосақтатып жүгіртеді. Бірдей қозғалсаң ғана нәтижеге жетесің. Әйтпесе шалынып құлап қаласың. Қызық айтайын ба? Мынау Олимпиадада рекорд орнатып жүрген жеңіл атлеттердің көрсеткішін біздегі жоғары сынып оқушылары дене шынықтыру сабағында күнде көрсетіп жүреді. Бұл – шындық. Желаяқ Усэйн Болт – еліміздің мақтанышы.
– Дебора, Қазақстан сізді несімен таңғалдырды?
– Өткен жылғы қыс мені таңғалдырды. Қар аз жауды. Күн қатты суымады.
– Жергілікті газет, журналдарды оқисыздар ма? Арналардан қандай бағдарламаны көресіздер?
– Жақсы сұрақ. Қызым «Балапан» арнасын көреді. Ал Дебора екеуміз ақпаратты қайдан аламыз? Жергілікті жердің ақпаратын ағылшын тілінде насихаттап жүрген біреуді көрмедім. Ал орыс тілінде көп арна сөйлейді. Негізінде біз интернет арқылы Ямайканың газет, журналын оқимыз. Сізден бір нәрсені сұрайыншы. Тараз қаласында шетел азаматынан аудармашыға жүгінбей ағылшын тілінде сұхбаттасатын журналист бар ма? (Жауап: Тараз қаласында ағылшын тілді журналисті әзірге кездестірмедім).
– Қазақтың бойындағы қандай ерекшелікті байқадыңыздар?
Дебора: – Сіздер бір нәрсені түсіндірсеңіздер, тыңдап отырған адам солай қабылдаса екен дейсіздер. Олай болмайды. Әркімнің тілі, діні, танымы, дәстүрі бөлек. Меніңше, біржақты болуға болмайды. Өз басым балалармен санасамын. Егер олар қаламаса, көнемін және олар не қалайтынын сұраймын. Ал сіздерде көбіне үлкендер «менікі дұрыс» дейді. Бала өз ойын айтқысы келсе, үлкендердің көзі бадырайып кетеді. Әр адамның өз қалауы, өз талғамы бар. Оған қайшы келу – әбестік. Ешкімнің мүмкіндігін шектеп қоюға болмайды.
Келинг: – Не айтсам да, бұл – менің жеке пікірім. Мен ешқандай дерекке сүйеніп отырған жоқпын. Көрген, естігенімді айтамын. Сіздердің бір артықшылықтарыңыз орыс тілін халықтың көбісі меңгерген. Орыс тілінде еркін сөйлеу – ол сіздердің артықшылықтарыңыз. Керісінше жағы – сіздер сол тілге қатты беріліп кетіпсіздер. Ал неге сіздер ағылшын тілін оқытуға қарсы боласыздар? Кейде қазақтардан «енді жетпегені ағылшын тілі еді» деген пікірді естіп қаламын. Тіл білген адамға география өзі ашылады.
– Сіздердің көзқарас­тарыңызда Қазақстан қанша­лықты демократиялы ел?
Дебора: – Қазақстан – жас мемлекет. Маған демократиялық жүйені қазақстандықтардың өзі алып кете алмай жүрген сияқты сезіледі. Жергілікті халық өзін еркін ұстай алмайды. Сөз бостандығы, ой еркіндігі төмен. Демократиялық жүйе сіздерде бар, неге екенін білмеймін, ол сөз жүзінде қалып қойған. Сіз сұрадыңыз, мен жауап бердім.
Келинг: – Сіздерде жүріп жатқан түрлі реформалардың жемісін көру үшін әлі де уақыт керек. Менің бір байқағаным, Қазақстан – отбасылық құндылық пен ата-дәстүрге берік азиаттық үлгідегі халық. Сіздерде әулеттің үлкені не айтса, сол Конституциядан да жоғары тұрады екен.
– Біз Қазақстанды шетелге танытуға, туристерді шақыру үшін түрлі мегашараларды өткіземіз. Бірақ солардың ең төменгі нәтижесіне ғана қол жеткізудеміз. Неге бұлай?
Келинг: – Біріншіден, Қырғыз, Өзбекстан, Ресей сіздер үшін «шетелге» жатпайды. Сіздер үшін шетел – ол Америка, Еуропа. Солай ғой?! Бішкектегі базарға барсаңыз, орыс тілінде сауда жасайсыз. Мысалға мен отбасымды алып Таразға келгенімде қиналдым. Үлкен дүкен қожайыны ең болмаса ағылшын тілін білетін бір сатушыны жұмысқа алса қайтеді? Сіздерде ол жоқ. Туристерге қолайсыздық туғызсаңыз, олар келмесе шетелге қайтіп таныласыз? Мен бір мысал келтірейін. Шетелге гастрөлдік сапармен барғанда көрерменге декорация, костюм, әртістің сымбаттылығын ғана көрсету жеткіліксіз. Барған жердің тілінде өз мәдениеттеріңізді ұсынып көріңіздер. Қысқасы, туризм – бұл бизнес. Бизнесте менікі ғана дұрыс деп қырсығу тұйыққа тірейді. Сіздер «менікі дұрыс, менің айтқаным болу керек» дегеннен арылсаңыздар, алға серпілесіздер. Одан кейін Қазақстан Қытаймен шекараласады да, бірақ сіздер тек қана Ресеймен ғана шекаралас мемлекет секілді өмір сүргілеріңіз келеді екен. Мен осыны түсіне алмадым.
Дебора: – Сіздер жастарыңызды сөз бостандығына, ой еркіндігіне көбірек тәрбиелесеңіздер, басқа адамға тартымды боласыздар. Менің не айтқым келгенін түсінген боларсыз.
– Әңгімелеріңізге рахмет!

Қанат тілепберген,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support