- Advertisement -

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТҰЛҒА

111

- Advertisement -

Сәруархан Зәуірбекұлы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасарлығынан Шу аудандық агроөндірістік комитетінің төрағасы, аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне 1983 жылы ауысып келді. Содан бері ол кісімен қоян-қолтық араласып, кейде сырласып жүріп жатқан жағдайымыз бар. Ол кезде аудандық ауыл шаруашылық басқармасының айы оңынан туып, жұлдыздары жоғарыдан жарқырап тұрғанын көнекөздер жақсы біледі. Ұжымшар, кеңшар басшылары мен мамандары басқарма табалдырығын күнделікті тоздырып жатады десек, артық айтқандық емес. Олар еріккеннен келмейді. Ел мүддесін ойлағандықтан сапырылысып жататын. Сондай шақта басшылық тізгінді мығым ұстаған Сәкең сенім биігінен көрініп, ауыл тіршілігінің қазанында қайнап, қалыптасты. Бұл өзі айта берсе, ұзақ сонар үлкен әңгіменің басы ғана.
Тоғыз жыл бойы осы басқармада табандылықпен тер төкті. Сол тұста шулық еңбеккерлер жүз мың гектардан аса егін даласына дән септі. Жиырма мыңнан аса сауын сиырдан сүт өндірді. Он мың гектардан аса қант қызылшасын күтіп-баптап, тәтті түбірден тау тұрғызды. Жүз мыңдап ақтылы қой өсіріп, төл өргізді. Басқа шаруалар да бастан асып жатты. Осының бәрін ауыл өмірін тербеткен бір үлкен оркестрдің құрамы десек, Сәруархан аға сол оркестрдің дирижері іспетті ізгілік нұрын таратты. Содан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқын ала берді.
Бір жолы «Дружба» кеңшарына бірге бардық. Бұл аудандағы қант қызылшасын ең көп өсіретін шаруашылық еді. Бәлкім содан болар, осы ауылдың нақты көрсеткіші аудан көрсеткішіне әсері мол болатын. Осы жайды көкейіне түйгендіктен, Сәкеңнің көңілінде алаңдаушылық та жоқ емес еді. Егістікке сәске түсте табан тіредік. Төбесі қамыспен жабылған күркешенің көлеңкесінде қол қусырып отырған сушыларды көрдік. Күн болса күйіп тұрған.
– Жігіттер-ау, мына отырыстарыңа береке берсін. Су қайда? – деді қабағын шытып.
– Ағай, таңға жуық бас арық­тың жағасын су жырып кетіпті…
– Ондай болады. Ешбір әрекетсіз отырғандарың қалай?
– Ертеңгісін трактор кетіпті деп естідік…
– Сонымен… «Сол қыз байға тиіпті, некесін орыс қиыпты» – деп отыра бересіңдер ме?
– Кешікпей су да келіп қалар…
– Кешіріңіздер мені, сіздерде ұят бар ма?! – деді ол. Басқа біреулердей балағаттаған жоқ. Бар батырып айтқаны осы. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» екенін аңғартқандай.
Біз басшылармен жолығуға бет түзедік. Діттеген жерімізге келген соң жырылған арықтың қайта жамалғанын көрдік. Су өз арнасымен ағып жатты. Көңілі біраз орнына түссе де, Сәкең бас гидротехникке: «Тал түске дейін суға шамаларың жетпегені ұят болған екен», – деп тағы да айтып салды. Ол кісінің біреуге ренжіген кезде: «Сізде ұят бар ма?» – деп кейіс білдіретінін талай байқағанмын. Бұл жолы да осы үрдіс жалғасын тапты. Шаруашылықтың қызылша алқабын аралап шығып, ауылға қайта бағыт ұстадық.
Жол-жөнекей жол қысқарсын деген ниетпен Сәруархан ағаны сөзге тартып:
– Ұят болмасын деген сөзді көп қолданады екенсіз. Соның сыры неде? – деп сауал қойдым.
– Оның ешбір құпиясы жоқ, – деді басшы аға сәл үнсіздіктен кейін. – Адамға қасиет алдымен өз ата-анасынан дариды. Көрші жатқан Айдарлы ауылының отымен кіріп, күлімен шыққан әкеміз Зәуірбек пен анамыз Тәжібала бізді жастайымыздан «Өлімнен ұят күшті» деп тәрбиеледі. Үлкендерге сәлем бермесең, жасы ұлғайғандардың алдын кесіп өтсең, біреулерге былапыт сөз айтсаң, туған-туыс пен ағайынның көңілін қалдырсаң және тағы басқа да жат әрекеттерге бой алдырсаң, ұят болады деп құлағымызға құйып отыратын. Біз соны жадымызда сақтап өстік. Атам қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегені ақиқаттың айнасы іспетті екен…
Бұдан кейін де Сәруархан ағамен талай рет алыс сапарларда бірге болдым. Ташкентке барып, Төле би бабаның рухына тағзым жасадық. Сол жердегі Шымыр баба кесенесіне дұға оқыттық. Әулие бабалардың жамбасы тиген Түркістан төңірегін армансыз араладық. Астана барып, әсем қаланы шарладық. Тарихымыздың темірқазығы атанған ежелгі Тараз қаласын тамашаладық. Алматы асып, халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдыздары Дінмұхамед Қонаев мен Асанбай Асқаровқа сәлем бердік. Осындай ізгілікті сапарларымыздың қай-қайсысында болмасын, Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде Сәруархан Зәуірбекұлы ел сәлемін жеткізе білді. Ел мерейін асқақтатты. Мамандығы мал маманы болса да, сөзге шешен тіл маманындай мақал-мәтелдеп сөз сабақтайтыны өз алдына бір төбе әңгіме.
Жиырма бір жасында тың және тыңайған жерлерді игеруге қосқан үлесі үшін кеудесіне «Еңбектегі ерлігі үшін» мемлекет медалін таққан абзал ағаның еңбек жолдарынан сыр тартуды да жөн көрдім. Ол Көктерек аудандық комсомол комитетінде нұсқаушылық қызметке қабылданып, оның бірінші хатшылығына дейін көтерілген. Сол кездегі талап бойынша аупарткомның нұсқаушылығына ауыстырылған. Дәм тартып, Шу аудандық селолық партия комитетінің ұйымдастырушы-инспекторы қызметіне сайланған. Мойынқұм ауданы құрылғаннан кейін аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісінің тізгіні бұйырады. Төрт жыл бойы Мойынқұм аудандық халықтық бақылау комитетін басқарды. Өзі туып-өскен «Айдарлы» қой кеңшарына он шақты жыл директор болып, туған жерге туын тігеді. 1992-1996 жылдары Шу ауданындағы Жайсаң мал бордақылау кеңшарының тізгінін қолға алды. Бұл жайларды жіпке тізгендей баяндауымның мақсаты Сәкеңнің талай биіктерді бағындырғанының жарқын белестері тәрізді.
Жақында ол кісімен тағы да жолығып, өткен-кеткен жайлы әңгімелескен едік. Көргені мен түйгені көп Сәкең сөз арасында:
– Құдайға шүкір, біреуден кейін, біреуден ілгері тұрмыс құрып келеміз. Өткенімді ойласам, өкінетіндей еш нәрсе жоқ. Қандай жауапты қызмет атқарсам да абыройлы болдым. Бұл да болса, тура жолдан таймағанымды, ар-ұятымды сақтағанымды көрсетсе керек деп сыр бөлісті. Қандай оймен айтқанын өзі біледі. Бірақ, мен «Жігіттің алдынан арты таза болсын!» деген халық қағидасын еске салып тұр ма деп ой түйдім. Шын көңілден шыққан әңгімені өрбіте түсу мақсатында:
– Аға, ана жылы Көктерек ауылының күншығыс тұсында Биназар батыр бабамыздың еңселі ескерткіші ашылған кезде: «Әшейінде сен де кісі, мен де кісі, жау көргенде сен қай кісі, мен қай кісі» – деп ұран салған қайран бабам-ай деп, тереңінен тебіренгеніңіз әлі есімде…
– Ойпырмай-ә, ұмытпаған екенсіз. Бұл сөздің төркінінде де үлкен мән бар.
– Қалайша?
– Қолына қару алып, атқа қонған батырларымыздың қайсысы болса да елдің намысын қорғады. Бір сүйем жер үшін шыбын жанын аямады. Отқа да түсті, оққа да ұшты. Бес Франция сыйып кететін кең-байтақ қазақ даласын көзінің қарашығындай сақтай алды. Осындай ұлағатты рухты әр кезде дәйекті дәріптей білсек, болашағымыз баянды, келешегіміз кемел бола бермей ме? Ұрпақтар сабақтастығының өзі тарихымызды танып, білуден бастау алады. Бұл – өмірдегі басты құндылығымыз.
Бұл күндері Шу өңірінің ел-жұрты да «көгілдір отынның» пайдасын көре бастады. Осы газ мәселесі жөнінде де Сәруархан Зәуірбекұлы 2005 жылдан бастап қозғау салды. Астанадан, облыстан іссапармен келе қалған басшылардың қай-қайсына болсын: «Шуға қашан газ келеді?» – деп айтудан жалыққан емес. Парламент депутаттарына ардагерлердің атынан хат жолдаудан шаршап-шалдықпады. Елбасын сайлау жөніндегі саяси науқандарға да белсене қатысты. Сондай еңселі еңбектері еленіп, Мемлекет басшысының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен үш мәрте марапатталды. Қай кезде де жүрек сөзін айта білген әрі жеткізе білген аға өз тұғырынан тайып көрген емес.
Адам өмірінің биік белесі, көрікті көкжиегі 80 жасқа толып отырған Сәруархан Зәуірбекұлының өмірі өнегелі, ғұмыры ғанибет. Елдің өсіп-өркендеуіне сіңірген қажырлы ісі үшін «Құрмет белгісі» орденіне, мемлекеттік он екі медальға ие болды. Шу және Мойынқұм аудандарының Құрметті азаматы атанды. Үкілеп өсірген ұл-қыздарынан 16 немере, 12 шөбере сүйіп, жанұя жақсылығына бөленуде. Бұдан артық қуаныш бола ма?!

Ахметжан ҚОСАҚОВ,
Шу ауданының
Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support