- Advertisement -

«Қалсын қимас бауырлар, ескерер дос!»

333

- Advertisement -

Сарыкемер ауылында айтыс ақыны Әзімбек Жанқұлиевтың рухына арналған айтыс өтті

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп хакім Абай жырлағандай, қамшының сабындай қысқа ғұмырда үлкен жетістіктерімен есте қалатын адамдар болады. Солардың бірі әрі бірегейі байзақтық айтыскер ақын, Ауған соғысының ардагері Әзімбек Жанқұлиев еді. «Өмір деген, меніңше, ештеңе емес, өмір, өмір – өзінше көшкен елес, қай шамада жалт берсін өкінбеймін, қалсын қимас бауырлар, ескерер дос!» деген Әзекең бар болғаны 41 жыл ғана ғұмыр кешкенмен, өмірдің қысқалығын жалғыз шумаққа сыйдырып кеткен сөз зергері. Ол ағайынға ардақты, досқа қадірлі азамат, талантын алты алаш мойындаған дарын еді, көңілінен сезім тулаған ақын еді.
Келте ғұмыр кешсе де Әзімбек – бақытты ақын. Бақытты болатыны өзі өмірден озса да, артында мәңгілік жалғасатын екінші өмірі қалғандығында. Өзі айтқандай, қимас дос, бауырларының, жерлестерінің, қалың қазақ елі – тыңдарманының жүрегінен өшпестей орын алғаны оның талантты болғанын айғақтай түседі. Уақыт өткен сайын Әзімбекті сағынатындар көп. Жылдар жылыстаса да, Әзекең жұртының жадынан өшкен емес.
Сарыкемердегі Әл-Фараби атындағы аудандық Мәдениет үйінде Әзімбек Жанқұлиевті еске алуға арналған «Алты алашқа танылған ақын еді…» атты облыстық ақындар айтысы облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізуімен басталды. Дүйсенәлі Бықыбаев өткен жылдарға шегініс жасап. аяулы ақын Әзімбектің азаматтық биік қырларына, айтыскерлік шеберліктеріне тоқталып өтті. Осынау өмірден аққан жұлдыздай өте шыққан ақын рухына арналып Байзақ ауданында екі жыл сайын айтыс өткізу қалыпты жағдайға айналғанын, 16 айтыскер осы додада бақ сынайтынын айтты. Мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеұлы Жанқұлиевтің озық айтыстарына тоқталып, адамгершілік қасиеттерін толғана сөз етті.
Айтысты аудан әкімі Мұратхан Шүкеев ашып, Әзімбек ақынның өмір жолына, өнердегі жетістіктеріне тоқталып, айтыскерлерге сәттілік тіледі. Аудан басшысы Әзімбектің анасы Күләндаға, ағасы Алтынбек Жанқұлиевқа жиналған көпшіліктің алдында құрмет көрсетті. Мұнан соң байзақтық жас айтыскер Сәбит Ысқақов арнау айтып, құнарлы топырақтан шыққан өнерлі өрен екенін таныта білді.
Содан кейін ақындар айтысы басталып кетті. Алғашқы жұпқа шыққан байзақтық Ертай Тазабеков біраз жыл айтыс сахнасынан көрінбей кеткеніне қарамастан, қарсыласын терең ой, әдемі әзілге жетелеп отырды. Бұл сөз додасы қай айтыскердің болса да ел есінде қаларлық шумақтар айта білуімен ерекшеленді. Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов та байзақтық жас өрен Рай Дөңбаймен өнер жарыстырды. Нұрлыбек бүгінгі күннің шуақты болуы ел Тәуелсіздігінің жемісі, Елбасының ерен еңбегі екенін өлең тілімен шебер жеткізсе, Райдың: «Ұмытпай Әзімбектей текті ағаны, береміз біздер биік тек бағаны, Байзақ елі батыр, ақын, тұлғалармен, жерлестерімен ерекше мақтанады, дария қаншалықты терең болса, балығы соншалықты көп болады», – деп ойды образға орап жеткізді. Қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен жуалылық Қанат Мырзахан арасындағы сөз додасынан әпке мен іні арасындағы сыйластықтың үлгісін көрдік. Жамбыл ауданының ақыны Айтмұхамбет Исақов пен шулық Базарбай Асқаровтың сөз сайысы да көрерменін жалықтыра қойған жоқ.
Сарысулық Алик Бекмұсаевпен сөз сайысына түскен Алтынкүл Қасымбекованың Тәуелсіздігіміздің баянды болғаны жөніндегі шымыр шумақтары, Әзімбек Жанқұлиевқа арнаған толғаныстары әр жүректі шымырлатты. Алтынкүлдің «Тамырлы қазақ түгілі, тамырсыз таста тарих бар» дегені оның үлкен деңгейдің ақыны екенін байқатты. Таластық Ербол Қамбатыров Байзақтың жас жүйрігі Дархан Әбдіманатпен әдемі айтыс өрнегін жасады. «Ағайын, бұл айтысқа келіп тұрған, Ерболдан басқалары үмітсізбіз» деген Дарханға қаратаулық Ербол: «Дархан інім, ол Үміт – жыр кенім ғой, сол Үмітпен өркендеп, гүлдедім ғой. Менің алған бас жүлдем айтыстағы, Әзімбекпен бір жүрген күндерім ғой», – деп, сағынышты көңілден сыр ақтарды. Тараздық Дидар Апбасов пен Ернұр Бейсен, байзақтық Бақытжан Әкімбаев пен Дидар Басығараев арасындағы айтыстың да тыңдармандары аз болған жоқ.
Сонымен, қазылар алқасының шешімен байзақтық ақын Алтынкүл Қасымбекова бас жүлдені иеленіп, 500 мың теңгені олжалады. Жүлделі бірінші орын (300 мың теңге) қордайлық Күміскүл Сәрсенбаеваға бұйырды. Екінші орынға жуалылық Қанат Мырзахан мен Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов (әрқайсысы 150 мың теңгеден) лайық деп танылды. Таластық Ербол Қамбатыров, Жамбыл ауданынан Айтмұхамбет Исақов, байзақтық Дархан Әбдіманат үшінші жүлдеден (әрқайсысы 150 мың теңгеден) көрінсе, Әзімбек Жанқұлиев атындағы арнайы жүлде (90 мың теңге) осы жолдардың авторына берілді.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support