- Advertisement -

Қазақстаным – қара шаңырағым

259

- Advertisement -

Кемел ҰЛТАМБАЕВ,
еңбек ардагері.

Қазақ – ата жұртын, қара шаңырағын ерекше қадірлейтін халық. Өткен тарихымызды шола қарасақ, халқымыздың басына не келіп, не кетпеді? Сонау бір аумалы-төкпелі үркіншілік жылдары ұрпағының қамын ойлап, шілдің қиындай тозып, шетелдерге қоныс аударуға мәжбүр болған қандастарымыздың бәрінің санасын сарытап етіп сарғайтқан сағыныштың аты ата жұрт аңсары еді. Қара орман, қара шаңырағы – Қазақстанына қайта алмай, өмірден өксіп өткендері қаншама?! Ұрпақтарының да ата жұрты ой-санасынан кетпей, жат жұрттарда «Отаным» деп еміренумен жүр қазір де.
Жалпы, еліміз Тәуелсіздігіне қол жеткізісімен-ақ тағдыр тәлкегімен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды бауырына тарта бастағаны баршаға мәлім. Елбасымыздың 1991 жылдың 31 желтоқсанында шетжұрттық ағайындарымызды елге қайтуға шақырған сөзі ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деп алаңдаумен жүрген шеркөкірек қандастарымыздың талайының көкірегінде үміт отын жағып, ала-бөле қуанышқа кенелткені сірә да ұмытылар ма?! Исі қазақ келесі 1992 жылы қыркүйектің 29-ы күні Алматыда дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өткізілгенде ауызбен айтып жеткізгісіз керемет күндерді бастан өткеріскен. Шеттегілеріміз «Отанымызға ораламыз» деп, ал жергілікті жерде тұратындарымыз «Қазақ көбейетін болдық» деп қуаныстық.
Мен сол тұста облыстық еңбек басқармасы жанынан құрылған көші-қон бөлімінің жұмысын үйлестіріп, оның қалыптасып, дамуына септігім тигенін өзіме мәртебе деп санаймын. Кейін аталмыш бөлімнің негізінде облыстық көші-қон басқармасы құрылғанда, оның басшысының орынбасары қызметін атқардым. Әлі есімде, Жамбыл жерінде шетжұрттық қандастарымыздың 1993 жылғы күз айында алғаш ата жұрттарына табаны тиді. Сол жолғы көшпен Ираннан жеткен қандастарымызды пойыздан түсер-түспесте сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Кеңес Әубәкіров, Тараз қаласының әкімі Алдияр Түсіпов бастаған қала, аудан басшылары, жұртшылық өкілдері ыстық ықыласпен гүл шоқтарын ұсынып қарсы алысты. Көркемөнерпаздарымыз концерттік бағдарлама қойып берді. Осындағы үлкен залда оралман ағайындарымызға арналып дәм ұйымдастырылып, тиісінше сый-сияпат жасалды.
Әсіресе, шет жұрттан келген қандастарымыздың Әулиеата жеріне алғаш табандары тиіп, ауасымен тыныстап, топырағын уыстап көрген сәттегі қуаныштарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Үлкенінің де, кішісінің де жерді құшақтай етпеттеп, егіле жылағанын көргенде, менің де көзімнен еріксіз жас шығып кеткенін байқамай қалдым. Шынында да, айрықша толқынысқа, тебіреніске толы тарихи сәт қой! Олар өздерінің ата-бабалары кіндік кесіп, кір жуып өскен, бір келуді армандаумен өткен ата қоныстарының топырағына табандары тигеніне тәубе дескен. Басым дені бүгінде Байзақ ауданында тұрып жатыр. Өмірлері шат, тұрмыстары бақуатты. Көрген жерде ықыластана амандық-саулық сұрасамыз. Біздер бір туған бауырдай болып кеткелі қаш-шан!
Ол күндер де тарих қойнауына енді. Ең бастысы, қандастарымыздың Отанға, елге деген аңсар-сағынышы ғаламат тұғын. Осыған орайлас бір жайт, 1998 жылы Ауғанстанда орын алған қақтығыс-жанжалдан қашқан бірқатар қандастарымыз Пәкістанның шекарасына өтіп кеткені ел есінде. Босқын ретінде тіркелген сол ауғанстандық ағайындарымыздан «Кімсіңдер? Қайдансыңдар?» деп сұраса, бәрі де бірауыздан «Қазақстанға барамыз! Президентіміз – Назарбаев!» дейтін көрінеді. Қазақ елінің аты жаһанға енді танылып жатқан кезі ғой. Олардың «қазақпыз» дегенін түсінбегенмен, «Назарбаев» атын естігенде, полицейлер де елеңдесіп, бір жағы таңғалысып, босатып еріктеріне жіберген екен. Қандастарымыздың ниеттері қабыл болып, көп өтпей Елбасының пәрменімен Пәкістаннан арнайы ұшақпен тікелей елімізге жеткізілген-ді. Сол тұста түркі тектес халықтар өкілдері болып келетін өзге босқындардың «Іздейтін ел-жұрт, Елбасыларың, Отандарың бар сендер қандай бақыттысыңдар!» деп, бір жағы қызығып, бір жағынан қапа болып, жылап қалысқан екен. Мұны этникалық қандастарымыздың өз аузынан естігенмін.
Президентіміз 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған терактіге байланысты барлық әуежайлар жабылып қалған күнде де бірқатар мемлекет басшыларымен келісім жасасып, халықаралық әуе дәлізі ашылуына қол жеткізіп, алып әуе лайнерінің екі рет қатынап, Пәкістаннан қандастарымыздың үлкен тобы ата жұрттарына аман-сау жеткізілуіне ықпал еткен болатын.
Елбасымыздың «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол тәуелсіз Қазақстан» деп айтқанындай, біздің барымыз да, бағымыз да Отанымыз. Сол Отанымыздың шаңырағын биік, босағасын берік, керегесін кең ету ісіне жұмыла кірісудеміз. Оған оралман ағайындарымыздың да сан салада қосып отырған үлестері қомақты-ақ. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде елімізге Иран, Ауғанстан, Пәкістан, Қытай, Моңғолия, Түркия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғыз, Ресей секілді алыс және жақын шетелдерден миллионға жуық қазақ көшіп келген екен. Ал өңірімізге осы аралықта жүз мыңға жуық қандасымыз қоныс теуіп, шаңырағын тіктеген.
Ел аман, жұрт тыныш болса, ата жұртқа әлі талай көштің беті бұрылар!

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support