- Advertisement -

Әкімі ақынын ұлықтаған елміз

101

- Advertisement -

Талантты ақындар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов пен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметованың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған поэзия кеші өтті

Біздің үйде тағы да бір ақын бар,
Ол да өзінше жанады жыр отында.
Ол да өзінше ғашық боп баптар әнін,
Мен де өзімше сырымды ақтарамын,
Жыр жазамыз жарысып таң атқанша…
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ақын Қайырбек Асанов осылай жырлайды. Оның бұл жүрекжарды жырында айтып отырған үйіндегі ақыны – өмірлік серігі, белгілі ақын, Қазақстан Жастар одағының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметова. Қос талантты ақынның сезімдері селбесіп, тағдырлары бір арнада тоғысып, бір шаңырақта шат-шадыман ғұмыр кешіп келе жатқандарына жарты ғасырдай уақыт өтсе де, олардың бір-біріне деген нәзік те ғазиз сезімдері суыған емес. Қайта осынау уақыт ішінде кемеліне келіп, арнасынан тасқындағандай әсер қалдырады.
Бір шаңырақ астында ерлі-зайыпты болып күн кешіп, қазақ поэзиясының дамуына өлшеусіз үлестерін қосып, өлеңдегі өзгелерден өзгеше дара жолдарын сала білген қос ақын Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова бүгінде жетпіс жасқа толып отыр. Ақындардың мерейлі жасы Тараз төрінде зор құрметпен аталып өтілді. Сән-салтанатпен ұйымдастырылған мерейтой облыстық қазақ драма театрының ғимаратында өлеңсүйер қауымды үлкен әсерге бөледі. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, сондай-ақ еліміздің әр түкпірінен келген оқырмандары мен тараздық жырсүйер жұртшылық қатысты.
14611157_1311176015581859_3544945327427679914_n img_3116Әдеби кеш басталмас бұрын үлкен экран арқылы қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларының мерейтой иелерінің шығармашылығы туралы пікірлері, естелік суреттер берілді. Бұдан соң шағын театрландырылған поэтикалық көрініс қойылды. Көрініс картинасында театр актерлерінің қатысуымен ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованың жас кезі, студент шағы бейнеленіп, олардың алғаш таныстығы, араларындағы іңкәрлік сезімдерінің оянған сәті әдемі суреттелген. Олардың екеуара сырға толы диалогі өлең арқылы өрілгені де сәтті шықты.
Игі шара барысында мерейтой иелеріне деген ақ тілектер ақтарылды. Ең алғаш болып сахнаға көтерілген облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қос ақынның әдебиеттегі ұзақ жылдар бойғы еңбегін, еліміздің, облысымыздың руханиятын көтеруге қосқан үлесін ескеріп өтіп, жетпіс жылдық мерейтойларымен құттықтады. Облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлының ыстық ықыласын жеткізген ол мерейтой иелеріне қазақы дәстүрмен шапан мен қамзол жауып, сый-сияпат жасады. Астанадан ат арытып келген құрметті қонақ, Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ақындар шығармашылығы туралы өзінің әдемі де әсерлі ой-пікірлерімен бөлісті.
– Қадірлі әулиеаталықтар, аса қымбатты бауырларым, менің жақсы көретін жерлестерім! Бүгін міне, барлығымыздың ортақ қуанышымызға себеп болып отырған қос ақынның жыр кеші, мерейтойы құтты болсын! Осы сәтте өткенге сәл орала кеткенді жөн көріп отырмын. 1968 жылдары белгілі ақын Өкім Жайлауов екі қызды жетектеп келіп маған табыстаған еді. Соның бірі – бүгінгі той иесі – Күләш болатын. Сонда Өкім: «Күләштан жақсы ақын шығады, Мырзаш, сен осыған қамқор болшы!» – деген еді. Күләш сондағы бірегей жоғары оқу орны Алматыдағы ҚазҰУ-ға түсіп, онда үздік студенттердің бірі атанды. Озат шәкірттердің қатарында Қайырбек те болды. Бірі Таластан, бірі Сыр елінен келген қос талантты жас өлеңде де, өмірде де бірге жетіліп, бірге өсті. Қатар аққан Талас пен Сырдария өзендерінің арасын жалғап, бір жүректен гүлдеген сезімдерін жыр ғып өрген екеуі бәрімізді қуантып келеді. Күләш – аяулы ақын, сүйікті жар, мейірімді ана, ақылды қарындас. Оның жанының нәзіктігі, сыршылдығы, мейірімділігі өлеңдерінен де төгіліп тұрады. Поэзиясы тұнып тұрған адамгершілік, инабаттылық, кісілік, парасаттылық. Жырларынан кейде Қожа Хафиздің, Сағдидың үні естілсе, енді бірде Абаймен тілдескендей болатын Күләш – періште ақын. Сол үшін оны бәріміз жақсы көреміз. Күләштің туған жер, өскен өлкені жырлауы ақиық ақын Мұқағалимен үндеседі. Қазақта бұл тақырыпты Мұқағали мен Күләштан артық жырлаған ешкім жоқ, меніңше. Біздің Күләшты аялап, алақанында ұстап келе жатқан Қайырбектің де сонау Сырдағы жыршылық ортаның қайнарынан шыққан тасқын талант екенін бәріміз білеміз. Оның да өнерінің бағасы биікте екенін айта аламыз, – деген Мырзатай Жолдасбеков қаламгерлерге арнайы жолдаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың Құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар, мерейтой иелеріне Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның, Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсахожаеваның Құттықтау хаттарын табыс етті. Ол ғана емес, Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ақын Жадыра Дәрібаевалар өздерінің құттықтау хаттарын жолдаса, кейбірі сый-сияпатын қоса жіберіпті.
Кеш барысында екі ақынның сөздеріне жазылған әндері шырқалып, отты жырлары оқылды. Думанды салтанатты шараны жүргізген астаналық ақын Қалқаман Сарин шара соңында мерейтой иелеріне арнап жазған өлеңін тебірене оқып берді. Осылайша, қазақ поэзиясының ақ гүлі атанған Күләш Ахметова мен ақын Қайырбек Асановтың жемісті жетпіс жасына арналған әдеби кеш ерлі-зайыпты қаламгердің мерейін тасытып, абыройын тағы бір асқақтата түсті. Мерейтой ақ дастарқан басындағы думанмен жалғасты. Мұнда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мерейтой иелеріне автокөлік сыйлады.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support