- Advertisement -

Еліктірген, желіктірген әлеумет тік желі

227

- Advertisement -

немесе «Инстаграмда» қор болған уақыт

Бүгінде әлеуметтік желілер ішінде «Инстаграмның» әлеуеті тым жоғары. Бұл аудиторияда жастар тым белсенді. Және қай жерде жүрмесін «Инстаграм» парақшасын парақтап тұрғаны. Сондағы тамашалайтыны – әлдекімнің жүктеген суреті немесе бейнеролигі. Қалай десек те, олар әлеуметтік желіде жарнама жасаудың жаңа тәсілін тапқандай. Әйтеуір, желі қолданушылары өздерін жарнамалап отырудан еш жалықпайды. Жүктелген суреттерінен сәт сайын қай жерде не істеп жатқанын, қандай киім киіп, нендей тамақ жеп отырғанына дейін біліп отыруға болады. Бірақ, ешқайсысы осы ісіміз дұрыс па деп ойланып көрген емес.
Жастардың өздерінен сұрасаң, «қызық қой» дейді. Олардың сөздеріне қарасаң, өмірін «Инстаграм» үшін қызықты етіп өткізуге тырысатын секілді. Яғни, бір күн дүкен араласа, келесі күні мейрамханаға барып, одан кейін саябақта серуендеп, әйтеуір «Инстаграм» парақшасына өз қатарынан ерекшеленіп тұратын сурет салып, көрсеткісі келеді. Жастар – тым еліктегіш. Әншілердің «Инстаграм» әлемін бір шолып өтсең, бұл бәсекесінің қайдан шыққанын көресің. Әр күнін сәні келіскен мейрамханаларда өткізетін, дәмі тіл үйірер тамақтың түр-түрін жеп, сатып алған заттарын санамалап салып отыратын әншілердің өміріне еліктеген жастар «Инстаграмның» әлеміне шырмалып қалды.
Бұл – қоғам дерті. Себебі, жастар материалдық жағдайдың дамуын бірінші орынға қойып, рухани байлыққа бас ауыртпайтын болды. Оның үстіне тамағы тоқ, көйлегі көк азаматтың табақ-табақ тамағының суреті аста-төкке мүмкіндігі жоқ екінші адамның көңіліне қаяу түсіріп, әлеуметтік теңсіздік тудырады. Әйтеуір күн сайын жаңалап сурет салуды әдетке айналдырған жастар үшін бірте-бірте қазақы болмысымызға жат көріністерді де қымсынбай жүктеу қалыпты жағдайға айналып барады. Сорақысы сол, қазақтың аяғы ауыр жас аналары құрсақтағы баласын «ұстап», «бізге мынанша ай болды» деп жазып, көпшілікке суреттерін жариялайды. Бұрын қазақ қыздары тұрмысқа шыққан соң, аяғы ауыр кезінде елден жасырынып, тіпті ата-анасына көрінуге ұялатын. Лажы болса білдірмеуге тырысатын. Ал бүгінде «Инстаграм» арқылы дүйім жұртқа жар салудан тартынбайды. Шерханша айтсақ, «Айтуға ұят, айтпасаң қиянат». Екінші жағынан, осылайша жүріп-тұрғанын желіге жөнсіз жүктеп отыру қаншама алтын уақытты өлтіреді десеңізші.
«Кешегі күн өтіп кетті, ертеңгі күн белгісіз, сондықтан бүгінгі күннің құны мен қадірін біл» деген қанатты сөз бар. Жастық шақ – күш-қайраттың тасып тұратын кезі. Сондықтан, өмірдің нақ осы кезінде әрбір сәтті арзан ойын-күлкіге қор қылмай, келешегіне пайдасын беретін игі іспен шұғылданса қане! Не десек те, күн артына ай салып, ай артына жыл салып, жата-жастанып сананы еріксіз жаулап алған «Инстаграмды» парақтап отыратын жастардың қатары көбеюде.

Шынар асанқызы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support