- Advertisement -

Ең қастерлі құжат

70

- Advertisement -

Қай кезде де тәртіп алғашқы орында тұрады. «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп батыр Бауыржан Момышұлы бекер айтпаса керек. Әр мемлекеттің тәртібін, жүрер жолын жүйелеп тұратын құжаты – Ата Заңы.
Біздің мемлекеттің де өз жолы, өз Ата Заңы бар. Ата Заңымыз – біздің бағдаршамымыз. 1995 жылы қабылданған ел Конституциясы, мінеки, 21 жылдан бері мемлекетіміздің мәртебесін биіктетуге, барлық қазақстандықтардың құндылықтарын, құқықтарын қорғауға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Себебі, Ата Заңымыздың бірінші бабында «Мемлекеттің басты факторы – адам» деп көрсетілген. Әрбір қазақстандық осы құжатқа сенеді, Ата Заң баптарына сәйкес әділдікке жүгіне алады.
Құқық қорғау саласының қызметкерлері де осы Ата Заң аясында жәбірленушінің құқықтарын қорғауға, дауды әділдікпен шешуге күш салады. Сондағы бір байқағанымыз, Ата Заңымыз әділдік пен адамшылық болмысты қастерлеуге құралған. Бұл құжат барлық қазақстандықтарды бірлікке, достыққа, татулыққа үндейді. Ел халқының құқықтары нәсіліне қарамастан, бірдей қорғалады. Әр ұлт өкіліне тілін, ділін, салтын сақтауға, құрметтеуге мүмкіндік береді. Әрине, мемлекеттік тілді құрметтеу, мемлекетіміздің рәміздерін бағалау – баршамызға бірдей парыз.
Ата Заңым – айбыным, таусылмайтын байлығым. Осы сөзді елімнің партиот азаматы ретінде мың мәрте қайталай бергім келеді. Себебі, барлық алға басқан әр қадамымыз Ата Заңмен асқақ, рәміздермен айбынды. Өз Отанымда, өзімнің тәуелсіз мемлекетімде ғұмыр кешіп жатқаным – қандай бақыт. Екіншіден, сол тәуелсіз мемлекетімнің адамның құқықтары мен бостандықтары жан-жақты қамтылған, кез-келген азаматтың құқығын қорғауға құралған Ата Заңымның болғаны қандай ғанибет.
Ел Конституциясы қабылданғаны талай-талай оқиғалар, өрлеу, өркендеулер, сын сағаттар да болды. Сондай сәттердің барлығында Ата Заңымыздың пәрменділігі көмекке келді. Сондықтан болар, «Ата Заңым – айбыным, байлығым» деп әрбір жас отаншылдықпен тебіренсе, ақындарымыз Конституцияны жырға қосты. Ата Заңның құрметіне өрелі өлеңдерін арнады. Ол өміршең өлеңдер барша көпшіліктің көңілінен шықты.
Мемлекет үшін маңызды құжаттың жан-жақтылығын жұмыс барысында да сезініп жүрміз. Әр бабы мемлекеттің тұтастығын сақтауға, болашағын бекітуге негізделіп құрылған деп нық сеніммен айта аламын. Оған құқық саласының маманы ретінде көзіміз талай мәрте жеткен.
Ата Заңымыз – ең қастерлі құжат. Қастерлі құжатты қадірлеу баршамыздың міндетіміз.

Марат Үркімбаев,
Тараз қалалық сотының судьясы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support