- Advertisement -

Ел керегін түгендеген жобалар

56

- Advertisement -

Елімізде, оның ішінде өңірімізде де өндірістің қарқынды дамуымен қатар, жаңа нарық, жаңа кәсіпорындар пайда болуда. Мұны күнде өз көзімізбен көріп, естіп те жүрміз. Жаңа технологиялар экономикамыздың қалыптасуына және одан әрі дамуына ықпал етеді. Ал өңдеуші өнеркәсіптің өңірлік мамандануын қалыптастыру арқылы елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын нақты іс жүзіне асыруға жаңа инвестициялық жобалар тарту біз үшін де басты мақсат болып отыр.

Бұл тұрғыда ауданымызда үстіміздегі жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсiп кәсiпорындары 4255,5 миллион теңгенiң өнiмдерiн өндiріп, өнеркәсiп өнiмдерiнiң физикалық көлем индексi өткен жылмен салыстырғанда 38,1 пайызға артқан. Оның 91,2 пайызы негізінен тау-кен байыту саласының үлесінде. Жалпы, бұл жұмыстар тау-кен өндіру, карьерлерді қазу, өңдеу өнеркәсіптері, электрмен жабдықтау, бу беру мен ауа баптау, сумен жабдықтау, кәріз жүйесін жүргізу салаларында жүзеге асырылғанын атап өту ләзім.
Негізгі қорға салынған инвестициялардың жалпы көлемі осы мерзім ішінде 7112,4 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімінен 1,2 есеге артты. Инвестицияларды қаржыландыру көздері бойынша сараптасақ, жеке қаржы – 576,7, жергілікті бюджет қаржысы – 12,0, шетел қаражаты 6523,7 миллион теңгені құрайды.
Өңдеуші өнеркәсіпті әртараптандыруды және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды ынталандыру бойынша жалпы ішкі өнімді арттыруға мүмкіндігі бар жобалар облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасымен келісіле отырып іске асырылуда. Атап айтқанда, «Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асфальт-бетон зауыты Өңірлік индустрияландыру картасына 2015 жылы енгізілген. Негізгі қорға салынатын инвестициялық қаржының көлемі – 250,0 миллион теңге. Бұл зауытта жылына 600,0 миллион теңгенің өнімін өндіру жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру мақсатында қала сыртынан 1,2 шақырым қашықтықтан 5,0 гектар жер телімі ұзақ мерзімді уақытша жалға берілді. Онда 50 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Аталған нысанның өндірістік базасында құрылыс-құрастыру жұмыстары толығымен аяқталған, бүгінгі күнге дейін зауыт электр қуатын өндіретін дизель қондырғысы көмегімен 1500 тонна асфальт пен 3000 тонна қиыршық тас өндірді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында зауытқа электр желісін тарту жұмыстарының құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамасы алынды.
Бағдарламаның екінші бесжылдығында, сондай-ақ йодталған ас тұзын дайындайтын, құны 690,0 миллион теңгені құрайтын «Солянная компания «Асыл Тұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жаңатас қаласынан жаңа зауыттың құрылысын бастады. Ол толық қуатында жұмыс істеген кезде 75 жаңа жұмыс орны ашылып, мұнда жылына 50 мың тонна ас тұзын өндіруге қол жеткізілмек. Жобаны Өңірлік индустрияландыру картасына ұсыну үшін тиісті құжаттары әзірлену үстінде. Зауыт құрылысын жүргізу үшін темір жол тұйығына жақын жерден аумағы 1 гектар жер аукцион арқылы және 3,31 гектар жер ұзақ мерзімге жалдық пайдалануға берілді.
Осы ретте айта кетерлік бір жай, зауыт құрылысына қажетті қаражаттар мен қондырғылар алу мен жоба құнының 50 пайызға дейінгі мөлшерін қаржыландыруға облыстық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қосымша қолдау көрсетілуі қажет-ақ. Жобаны «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша несиелендіруге арнайы банк филиалдарына ұсыныстар жасалған. Алдағы уақытта өзге де ықтимал қаржы көздерін іздестіре отырып, ас тұзын өндіретін жаңа өндірістік жобаны жыл соңына дейін іске асыру ойластырылуда.
Тек осы жұмыстармен ғана шектеліп қалмай, аудан экономикасын ілгері бастыруға ықпал ететін басқа да инвестициялық жобалар іздестіріп, оларды өндіріске енгізу ісін жалғастырудамыз. Соның бірі – Жаңатас қаласынан ашылуы жоспарланған «SODIUM» ЖШС-на қарасты зауыт. Серіктестік өздеріне қала аумағынан берілген жер телімінде биылғы ақпан айынан бастап құрылыс жұмыстарын қолға алды. Бұл жобаның құны 262 миллион теңгені құрайды. Тағы бір отандық инвесторымыз Н. Қазыбеков натрийдің гидроксидi тұрмыста каустикалық сода деп аталатын күштi сiлтi, сабын жасау, құбырларды тазалау суларын дайындау, металдық алюминийді алу, мұнай өңдейтiн өнеркәсiпке қажетті заттар шығару және де тағы басқа салаларда қолданатын заттар шығару жобасын қолға алуға ниеттеніп отыр. Ауданда аталған жобалармен қатар халықты азық-түлік өнімдерімен қамту, жұмысшыларға арнайы киім тігу, көлік-логистика және басқа да қызмет түрлері қарқынды дамитын болады.
Сонымен қатар, «Central Asia Green Power» және «Жаңатас ВЭС» ЖШС-тары бірлесіп жел электр стансасы құрылысын салу жобасын іске асыруда. Құны 150 миллион долларды құрайтын бұл стансаның қуаттылығы 100 МВт электр қуатын өндіруге есептелінген. Бүгінгі күні нысан құрылысын салу үшін Түркістан ауылдық округі аумағынан 233,45 гектар жер телімі жалдық пайдалануға босатылып берілді. Жел электр стансасының қосымша мемлекеттік актісі жасалып, техникалық экономикалық негіздемесі әзірленген. Бүгінде тиісті қондырғылары мен жабдықтарын сатып алу үшін шетелдік өндіріс орындарымен келіссөздер жүргізілуде. Өндірістік құрылыс орындарына бұл қондырғыларды орнату ісі 2015 жылы басталуы тиіс болатын. Алайда, нарықтағы баға өзгерістеріне байланысты құрылыс жұмыстары кестеден кешіктірілуде. Жоба аясында 105 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Өңірімізде «Жасыл экономика» бағдарламасы жемісті жүзеге асырылуына «НАР» өнер-өндірістік фирмасы» ЖШС да айрықша құлшыныс танытуда. Серіктестік Түркістан ауылдық округі аумағынан құны 420 миллион АҚШ долларын құрайтын, 210 МВт электр қуатын өндіру әлеуетіне ие «Бәйдібек-1» жел электр стансасын іске қоспақ. Мұнда ашылатын жұмыс орны 60 адамды құрап отыр.
Сондай-ақ, «Метиндустрия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңатас қаласында экстрималды туризмді дамыту бойынша ұсынып отырған жобасының құны 766 миллион теңгені құрайды. Аталған компания бағдарламаның экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жүктеуші тетіктеріне сәйкес мүйізді ірі қара малын өсіруді де қатар жүргізуге ниеттеніп отыр.
Алдағы уақытта ауданда индустрияландыру басты назарда ұсталынып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба беретін болады.

Cарысу-акими-Бейбит

Бейбітбек ЖАЙЛЫБАЕВ,
аудан әкімі.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support