- Advertisement -

Қазанның қасиетін білесіз бе?

652

- Advertisement -

Жазда ауылға барып, туған-туысты аралап, марқұмдарға зиярат ету менің қашаннан қалыптасқан әдетім. Сонда байқағаным, ауылдағы көне зираттарда төңкерілген қазан жатады. Бірі – моланың ішінде, тағы бірі қабір шұңқыры үстінде. Әжем бұрын мәйіт басындағы төңкерілген қазан марқұмның артында тұяғы қалмады, оты өшті дегенді білдіреді дейтін. Иә, артында мирасқоры қалмаған соң, қара қазанын басына төңкеріп кетеді екен. Ата-әжелеріміздің «Қазанды төңкерме» деп ұрысатыны бекер емес екен…
Рас, қазақтың қазанға қатысты ырымдары көп. Қазақ қызға ешқашан қазан бермеген. Қайтыс болған адамның моласы бұзылса, түске кіріп мазаласа, басына қазан апарып қойған. Сол сияқты, қайтқан кісінің соңынан тұқымдары ауру-сырқаусыз, белгісіз себептермен өле берсе, Құран оқытып, басына қазан төңкерткен. Біздің елде қазанға қатысты тағы бір ырым бар. Суға батып кеткен адамды қазан арқылы табады. Адам суға кетсе, үйіндегі қазанын төңкеріп суға жібереді. Алланың құдіретін қараңызшы, әлгі қазан адам батқан жерді айнала жүзіп тұрады. Бала кезде мұндайдың талайын көріп, таңғалғанбыз.
Қазақтың таным-түсінігінде қазанның алатын орны ерекше. Мысалы, Түркістандағы тайқазанды алайықшы. Бұл тайқазан – берік дәстүрден тамыр алып, исламдық мәнмен астасқан көне мұрамыз. Бұл тайқазан – тұтастығымыздың, игілікті істердің символы. Тайқазан сонау 1399 жылы сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың қоспасынан құйылған. «Кімде-кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды» деген хадис бар. Соған қарағанда, бұл тайқазан кесененің бір бұрышына жай жәдігер ретінде қою үшін емес, осы хадиске амал ету үшін жасалған сияқты…
Негізінде, мұндай алып қазан жасау дәстүрі сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінде де болған екен. Қазақ береке мен бірліктің белгісі санағандықтан, мұндай алып қазанды билеушілер мен әскербасылардың қабіріне қойған. Зиярат етіп келген адам қазандағы суды ішіп шөлін басып, қабір иесіне дұға бағыштаған. Бейіт басындағы қазанға қарап, марқұмның жай адам емес, ел билеген көсем, жау жапырған батыр болғанын білген.
Бұрындары сақ елінің бірлігі бұзылып, ел ішін алауыздық жайлай бастапты. Сол кезде ел көсемдері халықтың басын біріктіру үшін үлкен қазан құюды бұйырады. Сақ сар-баздары жебелерінің мыс масағын жинап, балқытып, содан алып қазан құйған. Сол қазанға пісірілген тағамнан дәм татқан сақтар өкпе-наздарын ұмытып, қазан басында қайтадан татуласқан. Мұны тарих атасы Геродот: «Сақ патшасы Арриант жауынгерлерінің бүкіл жебесін бір жерге жинап балқытқызып, үлкен қазан құйдырған да, оны елден ерек қызметкерінің құзырына қаратқан» деп жазады. Қазан қазақтың қорғаны да болды. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында босқан халық бауырындағы баласын төңкерілген қазан астына жасырып аман алып қалған.
Қазақ ұғымында қазаннан айырылу құт-берекеден айырылумен бірдей. Сол сияқты, біреудің қазанын тартып алу масқарашылық болып саналған. Тарихта Олжабай бастаған батырлардың Ботаханды тірідей жерге көміп қазанын алып кететіні соның мысалы. Тағы бір мысал, Абылай хан Көкшетаудан көшкенде Бекболат бидің қуып келетінін біліп, өз қара қазанын жұртына тастап кетеді. Мұны Бекболат би дұрыс түсініп, атының басын кері бұрған. Міне, біздің бабалар қарапайым қазан арқылы үлкен философиялық ой-толғамдарды жеткізуші еді.
Қарғыстың да жаманын қазақ қазанмен байланыстырады. «Қазаның басыңа төңкерілсін», «қазаның қайнамасын» дейді. Сол сияқты, жақсы тілегіміз де қазанмен қатысты. «Қазаның ортаймасын», «ошағыңның оты өшпесін», «қазан толсын» деп тілейді. Бәрі де бекер емес екен-ау!
Қазан – қазақтың қуаты. Белгілі ақын Жанарбек Әшімжанның «Қара қазанда асылған аппақ көже қара ұлдың бойына қуат берді» деп келетін өлеңі бар. Қазанға байланысты салт-жоралғыларымыз да жеткілікті. Соның бірі – жарысқазан. Жас босанған келінге жасалатын салт. Негізі ислам дінінен алынған. Біздің қазақ келіншектері де жас ананың аман-есен босануы үшін Аллаға шын жүрекпен жалбарынып, жер-жерден қазан асқан. Осы дәстүрді қазақ «жарысқазан» деп атаған. Сол сияқты, бізде «қазан шегелеу» деген салт бар. Әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар бір-бірінің үйіне бас қосып барып, «осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді екен. Сондай үй иесі де әзілдеп: «Жақсы болды ғой, өзіміз де қазан шегелегіш шебер іздеп жүр едік» деп төрге шығарып, қонақжайлылық танытқан. Яғни, «қазан шегелеу» қонақ бола келдік дегенді білдірген.
Қазақта «айрылыс қазан» деген де салт бар. Ұзақ уақыт қоныстас, ауылдас болған адамдар басқа жаққа қоныс аударар алдында ел-жұртты шақырып ас берген. Міне, осы ас «айрылыс қазан» делінеді. Салтты айтамыз-ау, қазан қазақтың заңына да кіріп кеткенін айтсаңшы. Әз Тәукенің «Жеті жарғысында» өлім жазасына кесілген жанның жеті айып төлеп құтыла алатыны айтылады. Соның алғашқысы – қара қазан төлеу.
Міне, осыларды көріп тұрып, қазақ пен қазан ұғымын қалай егіз демессің! Өкінішке қарай, біз осы ұлттық құндылығымызды жоғалтып бара жатқандаймыз. Ауылда өскен қара баланы жетілдірген қара қазан еді. Рас қой, бәріміз де қазанның түбіндегі несібемен жетілдік.

Серікбол Хасан,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support