- Advertisement -

Қариясы бар үй қашанда қадірлі

116

- Advertisement -

Әйгілі жаһангер, ұлы қаған Шыңғысхан «Өз отбасын дұрыс басқарған адамға мемлекет билігін сеніп тапсыруға болады» деген екен. Расында, әрбір отбасындағы ұйыған ынтымақ мемлекеттің тұғыры десек қателеспейміз. Осындай берік берекелі әулет, ордалы отбасылар баршылық. Соның бірі – жамбылдық Төлепбергеновтер шаңырағы. Сексеннің сеңгіріне иек артқан Әшірбай ата мен Қуан апа – әулеттің алтын діңгегі. Бір шаңырақ астында ақсақалдың ұлы мен келіні және немересі мен оның жұбайы, былайша айтқанда, ата-бала-немере әулеті бірлігі жарасып, берекелі ғұмыр кешуде…

Табалдырығынан аттағанымызда алдымыздан апамыз өзі күтіп алды. Немерелері «апа-апалап» шапқылап жүр. Амандық-саулықтан соң, әңгімеміз бірден жарасып кетті. Бүгінгі бейбіт заманына шүкіршілік айтып, сөзін бастаған атамыз:
– Отбасының берекесі – жер бетінің жұмағы. Шаңырақтың шырайы кетпесін десең, ісің әділ, сөзің адал болсын! Ата болып, әулет басқару да үлкен мәртебе, – дейді ол.
«Қартың болса – қазынаң». Елдігіміз бен егемендігіміздің, бірлігіміз бен берекеміздің бір ұйытқысы қазыналы қарттарымыз бен көпті көрген асыл аналарымыз десек, қателесе қоймаспыз. Солардың бірі – Қуан Қасымқұлқызы. Ол кісінің ең үлкен бақыты мен мәртебесі – он бір баланың ардақты анасы, үлгілі отбасының ұйытқысы. Кеңестік кезеңнің «Батыр анасы», тәуелсіз еліміздің «Алтын алқа» иесі – 37 немере мен 40 шөберенің әжесі. Елі құрметтеп, аймағы ардақтаған көп балалы ана – бүгінде Қызылдихан ауылының тұрғыны. Кенже ұлы Мұхтардың қолында тұрады. Күнделікті күйбең тірлікті өзі атқарады, балалары мен немерелеріне масыл емес. Жүзіндегі терең қатпарлы әжімдер қарт ананың тағдыр тауқыметін талай тартқан-дығын айғақтайды. Уәлі әңгімесінен кешегі қиын-қыстау күндерді көзімен көргенін, машақаты мол жылдар апаның басынан айналып өтпегенін байқатады.
– Қарақтарым, біз не көрмедік?! Ол заман басқа болды. Өзім Ақыртөбе ауылының Жамбыл колхозында дүниеге келдім. Сол жерде мектепті бітіргеннен соң, жеңгемнің айттыруымен тұрмысқа шықтым. Ол кезде қыз баланың жоғары оқу орнында оқығанын ұят деп санайтын», – дейді Қуан апа. – Содан алғаш келін болып түскенде, шыны керек, жас кезімде ештеңе істеп көрмеген маған қиын болды. Бағыма орай, енем қара жұмыстың қасынан табылатын өте еңбекқор жан еді. Қасында жүріп, қолыма кетпен алып картоп, сарымсақ, пияз ектік. Таңертең ерте тұрып, шөп шабуға кететінбіз. Кешегі көрген құқайлардың бәрі бүгін түс секілді, – деген ана күлімсіреп, осы күнге шүкіршілік айтты. Зерделі келін енесінің тәлімін көріп, тұрмыстық кәсіпті жылдам меңгереді. Бүгінде ол шұлық тоқу, құрт қайнату, ірімшік пісірудің шебері.
Аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдаған қарт ана әлі 18-ге толып үлгермеген жас келінін босағаны аттаған күннен бастап аналық қамқорлығына алды. Ұлдарын көргенді отбасының қызына үйлендіріп, көңілдері жайланған Әшірбай ата мен Қуан апа үйіне бақ пен ырыс ала келген жас келінді Тәңірдің сыйындай қабылдады. Алғашқы нәрестесін дүниеге әкелген Майра келіні ата-енесінің ықпалымен оқуды бітірген соң, мектепке жұмысқа орналасады. «Балалар жас, жұмыстан келген соң, үйдің шаруасын жүгіріп жүріп атқарамын. Сиыр сауамын, сүт тартамын, бау-бақшаны күтемін, кішкен-тайлардың кір-қоңын жуамын. Әйтеуір тыным жоқ. Күн ұзақ балаларды қарайтын енем екі қолын артына салып, менің соңымнан жүріп әңгімесін айтады», – дейді Майра енесі жайлы жылы лебізін білдіріп.
…Қуан апа да келін боп түскеннен кейін көп уақыт өтпей педучилищені оқып бітірген екен. «Оқуды бітірісімен ауылдағы Чкалов атындағы мектепте бастауыш сыныптарға сабақ бердім. Ол кезде қазіргідей бала босануға байланысты демалыста 1-2 жыл емес, 4 айдан кейін жұмысқа шығып кететінбіз. Себебі, басшылық тарапынан сондай тәртіп бар етін. Енем Жұмакүл – құрақ құраудың нағыз шебері. Жұмыстан шаршап келгенде, үйдің күйбең тіршілігінен соң, түнімен отырып құрақ құрауды үйрететін. Енемнен көріп үйренгеннен соң, өз келіндерімді машықтандырдым. Оларға үнемі басымнан өткен бейнетті айтып отырамын. Өмір болған соң, қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Сол үшін оларды бауырмалдыққа, еңбекқорлыққа, төзімділікке баулыдым. Бірінің үйінде азғантай қуаныш болса, балаларымның бәрі бір дастарқанда бас қосып, бала-шағаларымен абыр-сабыр той болады. Мұны көріп іштей Аллаға сансыз шүкірлік айтамын. Отбасы бақыты деген – осы. Бақыттың кілті – дүниеде емес, бірлікте», – деп, көпті көрген ана өнегелі ойымен бөлісті.
Шынында, Қуан әженің еңбекке ерте араласып, үй ішіндегі тірліктерді тынбай істегені, жұмыстан бас тартуды білмейтіндігі бүгінгілерге үлгі-өнеге боларлық-ақ. Педагогикалық салада 30 жылға жуық еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосқан қарт ананың шәкірттері мен немерелері оқу озаттарының «Құрмет тақтасынан» орын алды. Шәкірт те оқытып, тұрмыстың күйкі тірлігін де тындырып, ең бастысы, өмірге 11 ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп, шаңырақтың шаттығын жарастырған Қуан апаның ісі – кез-келгенге үлгі, өнеге.
Ойлап қарасаңыз, өмір – көзді ашып-жұмғанша өте шығатын қысқа кезең. Осы өмірді мәнді өткізіп, қарттыққа абыроймен жету екінің бірінің пешенесіне жазылмаған. Айналасындағы адамдардан «айналайын» деген жылы сөзін аямай, мейірімі мен шарапатын төккен ата-әжейді немерелері мақтан тұтады. Қарт ана уақыт салған өрнектен тек қуаныштың іздерін көре біледі. Анамыз сонысымен де бақытты.

Шынар АСАНҚЫЗЫ,
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support