- Advertisement -

Бәсекеде қабілеттінің бағы жанады

56

- Advertisement -

«Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс және еліміздің аумағында жол жөндеумен шұғылданады. Бүгінде серіктестік облыстағы әлеуетті әрі ірі кәсіпорынның қатарынан саналады. Өмір – алмағайып. Сондықтан да біз өркениетті елдердегідей шаруашылығымызды көп салалы етіп құруға күш салудамыз. Егер сіз бір өнім түрін ғана өндірсеңіз, ертең оған сұраныс болмай, жабылып қалуыңыз мүмкін. Егер ол көп салалы болса, қиындыққа душар болмайсыз. Бұрын кәсіпорынға қажетті құрылыс материалдары сырттан сатып әкелінетін. Қазір олар өзімізде өндіріледі. Байзақ ауданының аумағында тас уататын, шағал, құм, қиыршық құм шығаратын карьеріміз бар. Асфальт – кәсіпорнымыздың ауласында өндіріледі. Жол жиегіне орнатылатын бордюр, пореврик өзімізде шығарылады. Мұның өзі жол жөндеуге жұмсалатын шығынды едәуір азайтуға мүмкіндік беруде.

Тапқан табысымызға жаңа техника алуға күш салудамыз. «Істің көзін тапқанға табыс көп» деген сөз текке айтылмаса керек. Қазір жолшыларымыздың саны 250-ден асты, 200 бірлік техникамыз бар. Олардың 90 пайызы жаңа. Жаңа техниканың қол жұмысын азайтып, еңбек өнімділігін еселеп арттыратыны айтпаса да түсінікті. Біз жыл сайын тапқан табысымыздан 200 миллион теңгені өндірістегі негізгі қорды жаңартуға жұмсаймыз. «Тараз көлік жолы» ЖШС өзі құрылған 15 жылдан астам уақытта облыс және республика аумағында 500 шақырымнан астам жолды «сауықтырды». Оның ішінде тек 39 шақырымы жаңадан салынды. 257 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілді, орта жөндеудің үлесіне 167 шақырым тиеді. Осындай ізденістердің нәтижесінде орта бизнес субъектісі деген мәртебеге ие болдық.
Қазір біздің серіктестік қарамағында 5 асфальт зауыты бар. Олар келешекте толық қуатында жұмыс істегенде бір ауысымда 2000 тоннадан астам асфальт шығарады. Әлбетте, қажетті материалды өзімізде өндіру кәсіпорынға арзан түседі әрі үлкен тиімділік әкеледі. Бұрын біз жол белгілерін сырттан сатып алатынбыз. Үш жыл бұрын арнайы цех ашып, оны өзімізде өндіре бастадық. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазір өзімізден артылған жол белгілерін сыртқа сатып, пайда табудамыз. Жаңадан сатып алынған жол таңбалайтын техникамыз да жұмысымызды жеңілдетіп, елеулі тиімділікке қол жеткізуде. Қысқасы, бүгінгі таңда бізде жол құрылысына қажетті 27 түрлі өнім өндіріледі. Битумды ғана сырттан әкелеміз.
Аймақта кейінгі кезде жол салатын және жөндейтін компаниялар көбейіп келеді. Сондықтан да, мемлекеттік сатып алу конкурстарында құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізетін мердігерлер ғана ұтып алады. Біз бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыс сапасын арттырудың барлық жолдарын үздіксіз іздестірудеміз. Жол салуға және жөндеуге жаңа технологиялар қолданылуда. Оның пайдалану мерзімінің ұзақтығы мен төзімділігін арттыру үшін химиялық «Полидор» және «Полибонт» қоспаларын енгіздік. Сарысу ауданының экономикасын өркендету үшін 250 миллион теңге инвестиция құйдық. Бұл қаржыға Жаңатас қаласында асфальт зауытын салып бердік. Аталған жоба – облысымыздың Индустриялық картасына енгізілген. Кәсіпорын біраздан бері жұмыс істей бастады. Ол Сарысу және Талас аудандарының тұрғындарын асфальт-бетон және инертті материалдармен қамтамасыз етеді. Мұның өзі Сарысу ауданының бюджетіне құйылатын салықтық түсімді молайтып, ондаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жалпы, біздің кәсіпорынның жылына 2 миллиард теңгеден астам қаржының құрылыс-құрастыру жұмысын игеруге қауқары бар. Биыл 7 айдың қорытындысында 300 миллион теңгенің құрылыс-құрастыру жұмысын игердік. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 700 миллион теңгеге жеткізетінімізге нық сенімдіміз. Қазір серіктестікте орташа жалақы 60 мың теңгені құрайды. Жолшыларымыздың алаңсыз да өнімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасаудамыз. Үстіміздегі жылы Шу, Мойынқұм және Жамбыл ауданының аумақтарында орта жөндеу, Сарысу ауданында ағымдағы жөндеу жүргізудеміз. Осымен бір мезгілде Байзақ және Талас аудандарындағы елді мекендердегі көшелердің жолдары «сауықтырылуда». Жамбыл, Талас және Байзақ аудандарындағы бірқатар елді мекендердегі нысандарымызда жұмыс аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Қазір жолшыларымыз қалған нысандарды да кестеге сай іске қосу үшін уақытпен санаспай еңбек етуде.

Ли++

Вячеслав Ли, 

«Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support