- Advertisement -

Бедерлі белес

114

- Advertisement -

Әдебиеттанушы, профессор Сәмен Құлбарақ – 60 жаста

Жылына бір рет, кейде екі-үш рет кездесіп қаламыз. Жолықпай қалған кезіміз жоқ-тын. Әсіресе, Алматы мен Астанада әдеби-ғылыми жиын, әр алуан бағыттардағы мәслихаттарда көбірек жолығысамыз. Елдес-жерлес болған соң, ауыл-аймақ алдымен ауызға түседі. Оның жауабы қысқа: «Аманшылық. Қоңыр тіршілік. Елмен біргеміз ғой», – дейді Сәмен дос сабырмен.

Есесіне сұрақты көп қояды. Алматы мен Астанадағы біліми-ғылыми әлеует, кандидаттық һәм докторлық диссертациялық кеңес, ақын-жазушылар шығармашылығы, жаңа әдебиеттер төңірегінде білгісі келетіні көп-ақ. Көзқарасы мен ұстанымын да аңғартады. Қайсыбір тұстарда білім-білігін, таным-талғамын да танытады. Тиісінше жауап та алады.
Екеуміз кездескен кезде өзара әңгімемізде Талас-Тараз тарихы, ұлт руханияты, ежелгі жәдігерлер, әдеби-мәдени мұра құндылықтары тіл ұшына оралады. Бастапқыда – Талас, кейінгі кезеңдерде – Тараз, Абылай хан тұсында – Әулиеата, Жамбыл атанған бүгінгі Жамбыл облысы аумағына барлау, талдау жасалады. Қытай, Византия дереккөздері алға тартылады. Н.Я.Бичурин, А.Н.Бернштам, Л.Н.Гумилев, Ә.Марғұлан тағы басқалардың есімі мен еңбектері ойға оралады. Аса өзені жағасындағы екі ғимарат, яғни Айша бибі мен Бабаәжі қатын ескерткіштері көпшіліктің, әсіресе жастардың тағзым етер орнына айналғаны, Тараз қаласының ортасындағы Әулие Қарахан мазары арғы арналардан сыр тартатыны да көңілді тербеп, жанды жадырата түседі.
Осы жәйттерді еске алған тұста, сөз жоқ, профессор Сәмен Құлбарақтың ізденіс іздері айқын, игілікті-ізгілікті істерге құштар, еңбекқор Һәм қарапайымдылығы жіті көрінеді. Барды қанағат тұтып, «қоңыр тіршілігіне» тәубе етеді. Жаратылысынан, жүріс-тұрысынан байыптылық байқалғанымен, көңіл дарқандығы, көзіндегі күлімдеген жалын ұшқындары, жүректегі нұрлы-сәулелі сәттер өмірге құштарлықты, арман-аңсарларға ұмтылысты терең танытады.
Бүгінгі әдеби үдеріс, ғылыми бағыттарға жіті ден қояды. Ел әдебиеті, жазушы еңбегі мен шығармашылық хақында өзіндік ұстанымы бар. Зерттеу мен зерделеуі мол, танымы терең әдебиеттанушы-ғалымдар қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ та бар.
Қызылорда өңірінен Тараз қаласына қоныс аударғалы ол алдымен оқу бөлімінде әдіскер, «Фосфорщик» газетінде тілші, редактордың орынбасары, М.О.Әуезов атындағы орта мектепте мұғалім болады. Кейінгі кездері Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында, «Қайнар» университеті мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Жамбыл филиалында, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, ғылыми-зерттеу орталығының директоры сынды бірқатар лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған Сәмен барлық ұжыммен берік байланыс орнатуға тырысады. Өзі сыйлы әрі көпке де сол игі қасиетімен таныла түседі.
Әдебиеттанушы С.Құлбарақтың ұстаз-ғалымдық шеберлігі, тәжірибесі оның 2 монография, 4 оқу-әдістемелік құрал, 100-ден астам мақалалар жиынтығынан айқын аңғарылады. Ал әр жылдардағы «Тахауи Ахтановтың драматургиясы», «Т.Ахтановтың жазушылық шеберлігі» атты кандидаттық, докторлық диссертациялары мәні мен мазмұнымен ерекшеленеді. Жазушы Т.Ахтановтың өзі авторефератын қолына алып, оның алғашқы бетіне: «Сәмен ініме! Әдебиеттің сырына көңіл көзімен терең бойлай беруіңе тілектеспін!» – деп жазғаны да оның еңбегіне деген ілтипатпен берген әділ бағасы еді. Бұл туралы Сәменнің өзі әрдайым мақтанышпен айтып жүреді. Жазушымен кездескен сәттері оның санасында тәтті естеліктер болып сақталғанын жиі айтады.
Профессор С.Құлбарақ қаламынан туындаған алуан ізденіс, әдеби-ғылыми тақырыптарды арқау еткен еңбектері мәнді де терең әрі тағылымды, сан-сапа тұрғысынан талапқа сай, назар аудартады.
Атап айтар болсақ, әдебиеттанушы С.Құлбарақтың «Тахауи Ахтанов шығармашылығы» атты зерттеу еңбегі – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы Тахауи Ахтанов өмірі мен шығармашылығын кең көлемде қарастыруға, зейінді зерделеуге арналған. Еңбек барысында көрнекті қаламгер Т.Ахтановтың әдеби мұрасын ұлттық сөз өнері тарихымен, тұстас ақын-жазушылар шығармашылығымен байланыстыра қарастырады. Бүгінгі уақыттың талаптары тұрғысынан байыпталып, зерттеу мен зерделеуді негізгі нысана еткені байқалады.
Әдебиет зерттеушісі С.Құлбарақ бұдан бұрынырақ кездері қаламгер Т.Ахтанов туындыларының жекелеген жанрлары бойынша ізденістер жүргізген болса, ендігі тұста танымал тұлға шығармашылығын кең көлемде қарастыруды мақсат еткені айқын аңғарылады. Бұл ретте жазушы еңбегі мен шығармашылығы мұрағат материалдарымен, замандас-қаламгер еңбектерімен салыстыру, талдаулар жасауы әдеби-ғылыми тұрғыдан мәнді сипаттарға ие болған. Кітап авторы алғашқы тұстан-ақ: «…Т.Ахтанов – 1950-80 жылдардағы қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы. Ахтановты драматургиясыз көзге елестету мүмкін емес. Оның «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» романдары, «Махаббат мұңы» повесі мен «Ант» трагедиясы – ұлттық әдебиетіміздің алтын қазынасына қосылған туындылар», – деп айрықша атайды. Шағын жанрдан көлемді туындыларға дейінгі эволюциялық бел-белестерін жүйелі, дәлелді сөз етеді. Талдаулары да мәнді.
Зерттеу еңбектің кіріспе бөлігінде – Т.Ахтанов туындыларының көркемдік әлемі, азаматтық-қайраткерлік қырлары, ұстаздары мен тұстастарының тілек-лебіздері кең орын алған. Әсіресе, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Бұлқышев, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Т.Нұрмағамбетов және басқа да қаламгерлер Т.Ахтанов туралы ой-пікірлері әдеби үрдіспен, тарихи-рухани мәселелермен, дәстүр мен сабақтастық сипатында кең өріс алуы мәнді, нанымды әсер қалдырады. Автор замандастар мен қаламдастардың көзқарас, мұраттарын жүйелі пайдалану арқылы Т.Ахтановтың адами болмысын, азаматтық бедерін, қайраткерлік тұлғасын, шығармашылық қырларын кең түрде сөз етіп, келісті, көркем аша түседі.
Кітапқа енген «Жазушының өмір жолы», «Мөлдір бастау» сынды зерттеулер Т.Ахтановтың шығармашылық ғұмырбаянын, ақындық өнердегі орын-үлестерін, ізденіс мұраттарын сөз етеді.
Біздіңше, кітап авторы Т.Ахтановтың шығармашылық ерекшеліктеріне, оның ішінде ақындық өнер әлеміне, өлеңнің өмірге келу сәттеріне, жалпы сөз сыры мен мәніне зор маңыз береді. Нәтижесінде Т.Ахтановтың көркемдік әлеміне, ой мен сөз жүйесіне, тіл-стиль бедеріне, ондағы образ бен көркемдіктің, шеберлік пен шешендіктің сырлы сипаттарының мән-маңызына жан-жақты көңіл бөледі. Тақырып табиғатын кең көлемде ашып, жазушының шығармашылық мұраттарына терең бойлайды. Осы бағыттағы ізденістер танып-талдауға, әр алуан салыстыруларға, түйін-тұжырымдарға құрылған. Зерттеу баяны мен мәнері байыпты өріс алады.
Кітаптағы зерттеу мен зерделеудің соны үлгі-өрнектері – Т.Ахтановтың прозалық, драмалық, сыншылық мұраттары төңірегінде барынша жарқын сипаттарға ие болғаны айқын аңғарылады. Автор әдеби жанрлар табиғатына еркін еніп, оны Т.Ахтановтың шығармашылық лабораториясымен тығыз бірлік, байланыста сөз етеді.
Профессор С.Құлбарақ 2 ғылым кандидатын дайындап 20-ға жуық магистранттарға жетекшілік жасап, оларды оқу жүйесі мен зерттеу ісіне тартты.
Өмір мұраты Отан мен отбасының амандығы Һәм баяндылығында болса, қазіргі таңда Сәмен мен жары Света 3 перзенті мен 2 немересін орталарына алып, аялап-бағып отыр. Отбасылық өмірдің өрісті өрнегі, қуаныш-шаттығы мен мейірім шуағы да осында емес пе? «Отан қадіріне жетпеген өз қадіріне де жетпейді» деген халық даналығына мықтап табан тірейді. Исламның басты ұстанымдары Отан, дін, дәстүр, ар-намыс, ұят сынды қағидаттарға адалдық танытады. Мұны Отан мен отбасылық құндылықтар санап, кәделі де ізгілікті іс, сауапты амалдар қатарына жатқызады. Ел-жұрттың тыныштығын тілеп, алыс-жақынның амандығына шүкіршілік етеді. Сайып келгенде, мұның өзі – отбасылық мұрат қана емес, адами құндылықтар қатарына жататын күрделі мәселелердің бірі. Кеше мен бүгін тағылымы да осында болса керек.
Асқаралы алпыстың белесті биігіне көте­ріл­ген әдебиет зерттеушісі, қаламгер Сәмен Құлбарақ ақырын жүріп, берік ұстанымына табан тіреп, білім мен ғылым ісіне әлі де өз қолтаңбасын қалдырып, еселі еңбек ететіні анық.

Рақымжан Тұрысбек,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support