- Advertisement -

Аспаннан жүлде жауған күн

74

- Advertisement -

Баландин алтынға қол жеткізді

 Басқа-басқа, жүзу спортынан қазақстандықтардың жүлде, соның ішінде алтын медаль күтпегені анық. Құрлықтық деңгейде атой салып жүрген Дмитрий Баландин алтын жүлдемен апталады дегенге букмекерлік кеңселер түгілі, қарапайым жанкүйерлер де сенбеген-ді. Жартылай финалдық сында брасс әдісі бойынша (200 метр) бар болғаны сегізінші нәтиже көрсетіп, ақтық сынға әупіріммен шыққан Диманікі сөзсіз ерлік болатын.

Екі жүз метрлік қашықтықтың алғашқы елу метрін қазақстандық спортшы төртінші болып түйіндеп, жүз метрден соң екінші орынға көтерілгенде, үміт оты лаулай бастады. Ал соңғы елу метрлікті бірінші болып аяқтаған кезде өз көзімізге өзіміз сене алмадық. Шаттықтан басымыз айналғандай күй кештік. Бұл – ел тарихындағы ең елеулі оқиға. Қазақстан жүзу спортынан медаль алды. Медаль болғанда да күміс пен қола емес, бірден алтын жүлде, тұңғыш рет! Қалай қуанбайсың, қалай шалқымайсың, шарықтамайсың! Рахмет саған, Баландин!

Бәсекені тамашалап отырған чемпионның анасы көз жасына ерік берді. Оның үстіне, атағы алысқа кеткен америкалық Дшот Пренот пен ресейлік Антон Чупковтың алдын орағаны – біз үшін үлкен мәртебе! Жүзу спортында өзіндік ойып тұрып алар орны бар АҚШ пен Ресей туымен қатар Қазақстан туының жоғарыда тұрғанын көрудің өзі ғанибет!
Кезінде газетімізде Дмитрий Баландинді «Қазақстандық Майкл Фелпс» деп атаған едік. Айтпақшы, сол Фелпс Олимпиаданың 22 дүркін чемпионы атағына қол жеткізді. АҚШ спортшы­сының даңғыл жолы Димаға да жұғысты болса, шіркін!

Жазира – Олимпиадада жүлде алған тұңғыш қазақ қызы

Бразилияның Рио қаласында Қазақ елінің рухы аспандады! Бір күнде төрт жүлде! Оның екеуі – алтын! Батырларымыз топқа түскенде, көгілдір экран алдында тақым қысып отырған баршамыздың жанарымызға жас үйірілді. Енді бәрін қаз-қатар тізсек.
Шіркін, Олимпиада ойындарында қазақтың қара домалақ қызы қашан атой салып, бәсірелі додада бөркімізді аспанға атып қуанар екенбіз деген ой дегбірімізді қашыратын. Күллі қазақ жұрты сағына, сарыла тосқан жүлдені зілтемірші Жазира Жапарқұл иеленді. Жаса, қазақ!
69 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақ қызы зілтемірге беттемес бұрын өзінің көңілін көтеріп алып, сосын ғана болат темірді бойынан асыратынына куә едік. Бұл жолы да сөйтті. Жұлқа көтеруде 117 келіні қиналмай еңсеріп жүрген Жазира 115 келіні бағындырып, екінші орыннан көрінді. Бұл кезеңде де, жалпы жарыс қорытындысында да қытайлық спортшы ғана Жазираның алдына түсті. Серпе көтеру сынында қазақ қызы алғаш тапсырыс берген 140 келілік болат темірді еркін көтергенінде, алтынға таласа алар еді. Шіркін-ай, жаттығу кезінде 153 келіге дейінгі салмақтарды ойланбай көтерген зілтемірші қызымыз 140 келіні бірден серпи алмады. Салмақ екінші мүмкіндіктен ғана бағынды. Үшінші мәрте Жазира 144 келіні бойынан асырып, күміс жүлдеге қол жеткізді. Осылайша Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс өлкесінің тумасы тарих парақтарына есімін алтын әріптермен жазды. Бұл тарихи оқиға еді.

Нижат Рахимов – Олимпиада чемпионы

Бұл күні ауыр атлетика­дан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Ни: «Бүгін менен бір алтын, бір күміс жүлде күтіңіздер», – деп журналистерге уәде берген болатын.
Солай болды. 23 жасар Рахимов жұлқа көтеру бәсекесінде алдымен 160 келілік зілтемірді ойланбай көтерді. Екінші мүмкіндігінде 165 келі салмақты да қиналмай еңсере білді. Ұлттық құраманың бапкерлері үшінші мәрте 168 келі салмаққа тапсырыс берді. Алайда аталмыш салмақ Нижаттың ырқына көнбеді. Осы кезде Лондон Олимпиадасының чемпионы қытайлық Люй Сяоцзюнь 177 келі салмақты бойынан асырып, бірінші кезең бойынша әлемдік рекордқа түзету енгізді. Осылайша адам айтса сенгісіз нәтиже көрсетіп, 12 келіге дейін алдыға ұзап кеткен қытайлық ауыр атлетті Нижат Рахимов қуып жете алады дегенге күмәнмен қарағанымыз рас. Бірақ, біз қателесіппіз. Рахимов ердің сойы екен.
Серпе көтеру сынын қазақстандық спортшы 202 келіден бастады. Тапсырыс берілген салмақты Рахимов бұйым көрмей, бойынан еркін асырды. Осы кезде 202 келілік зілтемірді үшінші мүмкіндігінде әрең көтерген қытайлық спортшы алтын жүлде алдым деп тойлатуды бастап та кетті. Ал біздің Нижат сабыр сақтады. Рахимов екінші мүмкіндікте бірден 12 келі салмақ қосып, әлемдік рекордқа бел буды. 214 келілік болат темірге көздері арбалған залдағы жұрт сілтідей тынды. Зілтемірге бір, залға бір ойлана көз тастаған қазақстандық саңлақ батпан темірді жерден жұлып алды да, аспанға атты! «Жарайсың, Нижат!» дедік біз қуаныштан жүрегіміз жарылардай қуанып, осылайша Олимпиададағы алғашқы алтын медальды Нижат Рахимов тарту етті.
– Мен бапкерлеріме екінші мүмкіндіктен алтынды алу қажеттігін айттым. Қанша көтеру керек болса, сонша көтеремін деп те ескерттім. Шүкір, бәрі де Алланың қалауымен болады. Барлық жанкүйерлерге айтар алғысым шексіз. Алтын жүлдеге қол жеткізген сәтте көз алдыма күні-түні жаттыққан күндер елестеді. Бапкерлеріме де, басқаларға да құрметім ұшан-теңіз, – деді қазақстандық ауыр атлет толқынысын баса алмай. Нижат марапаттау рәсімінде көз жасына ерік берді. Бұл сәтте біз де толқыдық.

Василий Левит қоланы алтынға айналдырғысы келеді

Рио төріндегі Олимпиада ойындарында боксшылар бәсекесі қыза түсті. Ширек финалға еркін шыққан 49 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Біржан Жақып өзбекстандық өрен Хасонбой Дусматовпен қолғап түйістіріп, қарсыласынан жеңіліп қалды. Осылайша үшінші мәрте Олимпиада ойындарында бақ сынаған Біржан кезекті рет ширек финалдан әріге аса алмады. Бейжің мен Лондонда өткен додаларда қазақстандық боксшы екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған қытайлық Зоу Шиминге жол берген-ді. Жалпы Олимпиада ойындарында Біржан Жақыпты жеңген боксшының чемпиондық атаққа қол жеткізетін дәстүрі бар. Кім біледі, Дусматов та топ жаратын шығар.
Бокстан Қазақстан құрама командасының қоржынына әзірге алғашқы жүлдені 91 келідегі үмітіміз Василий Левит салғалы тұр. Қытайлық Ю Венгкайды жарыстан ығыстырған соң Василий Олимпиада ойындарының келесі күнінде маврикалық Кеннедий Сен-Пьеррмен қолғап түйістіріп, қарсыласын шаршамай ұтты. Жартылай финалға жолдама алып, кемінде қола жүлдені қоржынға салған Вася енді әлемнің тағы бір мықтысы кубалық Эрисланди Савонмен шайқаста финалға шығуға талпынып көрмек. Сонымен қатар, аламанды 56 келі салмақтағы саңлағымыз Қайрат Ералиев те сәтті бастады. Өзі бұрын жол берген әлем чемпионы, әзірбайжандық Джавид Шалабиевті еркін жеңген Қайратқа тағы бір қарымта қайтарар сәт туып тұр. Қазақстандық боксшы енді өзбек өрені Муроджон Ахмадалиевтен әлем чемпионатында кеткен есесін қайтаруы тиіс.
Олимпиада ойындарында ұлттық құраманың капитаны, 69 келідегі ел үміті Данияр Елеусінов те алғашқы қарсыласынан оңай өтті. Ағылшындық Джош Келлимен қолғап түйістірген Данияр қарсыласына бокстан шеберлік сағатын өткізді деуге де болады. Үш раунд бойы қарсыласының адымын аштырмаған Елеусінов енді венесуэлалық Габриэль Маэстремен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Дәл сол Маэстрені Лондон Олимпиадасының ширек финалында Серік Сәпиев оңдырмай сабағаны әлі есте. Данияр Сәпиевтің жеңісті жорығын жалғайды деп сенеміз. 81 келі салмақта сынға түскен Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов белоруссиялық Михаил Долголевецті оңай жеңді. Сауатты бокс көрсеткен Әділбектің де жүлде алатын мүмкіндігі зор. Өкінішке қарай Олимпиада ойындарын үшінші болып 64 келі салмақтағы саңлағымыз Абылайхан Жүсіпов аяқтады. Ұлыбританиялық Пэт Маккормакпен жұдырықтасқан Абылайханға аз ғана сәттілік жетіспеді. Бет қатталып жатқанда 75 келідегі Жәнібек Әлімханұлы алжирлік Илиас Аббадиге қарсы кездесуін өткізді. Бүгін рингке жамбылдық оғлан, 52 келі салмақтағы үмітіміз Олжас Сәттібаев көтеріліп, пуэрториколық Хесус Цинтронмен қолғап түйістірді. Толығырақ газетіміздің келесі санында хабарлаймыз.

J6FT7b++e-GJoТабиғат АБАИЛДАЕВ,

BmV3Dnc++NDmc«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support