- Advertisement -

Влад ІІІ Цепеш «Дракуланың» прототипі өмірде болған

241

- Advertisement -

Аңыз бен ақиқат

Белгілі режиссер Гари Шордың жетекшілігімен түсірілген «Дракула» фильмі Америкада түсірілді. Экшн жанрындағы фантастикалық драма. Дегенмен, актер Люк Эванс сомдаған кинодағы басты кейіпкер князь Владтың прототипі өмірде болған. Жалпы, фильм жазушы Брэм Стокердің шығармасына емес, ел аузындағы аңыз-әңгімеге негізделіп түсірілген дейді. Сол ел аузындағы аңызда айтылатын Валахия билеушісі Влад ІІІ Цепеш қандай адам?
Бала кезінде Влад, кейін Влад үшінші, Влад Цепеш деп атаған Валахия билеушісінің нақты қай жылдары, қай жерде өмірге келгені белгісіз. Қабырғасы қалың монастырьларының өзі орта ғасырлардағы Валахияның тарихын сақтап қала алмаған. Тарихшылар Влад Цепеш 1428-1431 жылдарда дүниеге келген деп шамалайды.
Влад Цепеш – Валахия билеушісі Влад Дракуланың ұлы. «Дракула» сөзі румын тілінде айдаһар (дракон) деген мағынаны білдіреді. Орта ғасырларда осындай орденмен марапаттаған. Князьдің үш ұлының ішінде ең алғыры әрі қу, батылы Влад екен. Соған қарай билік те соның қолына тиіпті. Ол шектен тыс қатыгез билеуші болыпты. Оның қатыгездігі сондай біреу көшеге алтын ақша тастап кетсе де, жұрт оның пәрменінсіз алуға қорқатын көрінеді.
Влад ағаларына қарағанда аса көрікті емес екен. Бірақ, адамның ішкі ойын оқып тұратын айлакер әрі ақылды, діншілдігі де бар дейді. Ол ұрлық жасаған әлде бұзақылық жасағандарды жаппай басын кесу немесе өртеу туралы бұйрық беріп, өлім жазасына кесіп, қатал жазалап отырған. Оның жазасына көп ұшырағандар сығандар болыпты. Сондықтан шығар, Влад билеушінің қатыгездігі туралы аңыз сығандар арасында көбірек айтылады.

Қаһарман қолбасшы

ХV ғасырда Балқан түбегі Осман империясының қарамағында болды. Сондықтан, түріктер осы аймақтағы жұртты қалағанынша билеп-төстеген еді. Бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызған. Валахия князі сұлтандарға күмістен салық төлеп тұрды. Және осы «міндетін» ұмытып кетпеуі үшін баласын сұлтандардың тұтқынына беруі тиіс болды. Жастайынан Андриопольде тұтқында болған Влад түріктерден қатыгездікті үйренді. Тіпті, кей сәттерде олардан асып түсетін.
1452 жылы Влад Отанына оралады. Көп ұзамай Валахия билігін қолына алады. Алайда, Валахияның бай-бағландары түріктерге қызмет етіп, солардың «дегенін» орындаудан танбады. Ішкі жауларды жазалауды ұзақ жоспарлаған жас князь байлардың кезекті басқосуында 500 адамды түгелдей жазалайды. Ол кезде түріктер жауларын «қазыққа отырғызып» жазалайтын. Влад та осыны қайталайды.
Князьдің асқан қатыгездігінен жұрттың үрейі ұшады. Дегенмен, бойларын қорқыныш билеген елді басқару оңай еді. Влад түріктерге салық төлеуден бас тартады. Түрік сұлтаны Валахияны басып алуға мың қол жібереді. Оларға Владтың басын кесіп алып, сұлтанға әкелуге бұйрық беріледі. Алайда, түріктердің өзі қоршауға түсіп қалады. Князь тұтқындарды түгелдей Тирговишке әкеліп, оларды жазалау үшін ұшына алтын жалатылған қазық дайындатқызады. Барлығын бір күнде «қазыққа отырғызып», өлтіртеді. 1461 жылы түріктер бұдан екі есе көп қолмен келіп, Валахияны басып алмақ болады. Бірақ, бұл жолы да олар жеңіліске ұшырайды.

Влад вампир болған ба?

Брэм Стокер бейнелегендей Влад қанішер вампир болған ба? Князьді өлтіргеннен кейін оның жаны қайда кетті? Бұл сауалдарға жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін жауап таппай келеді. Алайда, олар «Дракула өлгеннен кейін оның денесін жер қабылдамай қойды, ал жаны көкке ұшып кете алмады» деп санайды. Оның жаны Румынияның Тихутск асуында қалып қойды деп болжайды. Өмірде жасаған жауыздығы үшін өмірінің соңында вампирге айналған дейді. Тұрғындардың пайымынша, ол күндіз таулардағы үңгірлерде паналап, түнде қанішерге айналып, өзінің кезекті жемтігін күтіп, жол торып жүрген деген де аңыз бар ел аузында.
Влад Цепеш өлгеннен кейін тұрғындар оны Дракула деп атай бастады. Батыс Еуропа тұрғындарының санасында оның есімі қанышер, қатыгез билеуші ретінде сақталған. Ал румыниялықтар Дракуланы құрмет тұтады. Оны ұлт батыры деп есептейді. Себебі, Влад ІІІ Цепеш болашақ Румынияның негізін қалаған тарихи тұлғаға айналған.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support