- Advertisement -

Ердің сойы – Ермахан

212

- Advertisement -

Атлантада қола, Сиднейде алтын медаль алған батыр

Ол Сидней Олимпиадасынан чемпион болып оралғанда, алаштың рухы аспандады. Қалың жұртшылық алақанына салып, аспанға көтерді. 

++87 50e000f95b++18d3 090++0 909++1Мектеп жасындағы біз суретке түсіп мәзбіз. Елге оралып, құрметке бөленген соң аудан орталығындағы «Сұлтан» мешітінің қасындағы құдықта өз көлігін өзі жуып тұрған Ермаханды көріп, бала көңілмен жүгіріп барып, амандастым.
– Ермахан аға, Олимпиада чемпионы да машинасын өзі жуа ма? – деппін таңырқай қарап. Маңдайымнан сипаған ол:
– Өзің жумасаң, көлігіңді кім жуып береді, – деді жылы жымиып. Сол жердегі ағамның үйіне жүгіріп барып, пленкалы фотоаппаратпен суретке де түсіп алдым…
1972 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жақсылық ауылында дүниеге келген Ермахан Ыбырайымов жеті жасынан сол кездегі Жамбыл қаласындағы Макаренко атындағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің балаларына арналған мектеп-интернатта білім нәрімен сусындайды. Ерекең сегіз жасқа келгенде Мәскеу төріндегі Олимпиада ойындары дүркіреп өтеді. «Сол додада жамбылдық жампоз, боксшы Серік Қоңақбаев ағамыз күмістен алқа тағынды. Шынашақтай бала болсақ та, көк жәшікке телміріп, боксты қалт жібермейміз. Грек-рим күресінің шебері, даңқты Жақсылық Үшкемпіров ағамыз топ жарған кезде де жүрегіміз атқақтағаны жасырын емес. Елдің елдігін танытып, рухын көтерген осы ағаларымыздың ауыз толтырып айтарлықтай жеңістері біздің жүрегімізде намыс алауын тұтатты. Көп арманшыл баланың қатарында «Серік Қоңақбаев секілді атақты боксшы боламын» деп алдына мақсат қойғандардың санатында мен де бармын. Сол күннен бастап «боксшы боламын» деген ойдың жетегінде жүрдім.
Осындай аласармас арманға қол созып жүргенде 1984 жылы біздің мектепке Бахшар Қарсыбаев деген мұғалім келіп, бокс үйірмесін ашты. Сол бір кезеңдерде мен қатты сырқаттанып жүрген болатынмын. Сабақ үстінде күйім қашып отырғанда Қызай деген апай келіп: « Балалар мектебімізде бокс үйірмесі ашылып жатыр, кім барады?» – деді. Сол сөзді естігенде ауырып отырған мен орнымнан «Мен барамын!» деп атып тұрдым. Бес-алты бала кабинеттен шығып, бокс залына бет алдық. Алайда бізді алғаш көрген Бахшар ағай «Үстілеріңде спорттық киім жоқ» деп бізді жақындатпады. Содан, класқа қайтып баруға ұялған біз мектепті айнала жүгіріп-жүгіріп, қара терге түскесін «жаттығудан келдік» деп оралдық.
Жаттықтырушы «Қашан спорттық киім аласыңдар, сол кезде қабылдаймын» деп мәселені төтесінен қойған соң, мен әкеме «Әке, мен бокс үйірмесіне қатысайын деп жатырмын, спорт киімдерін алуға ақша салып жіберіңіз» деп хат жаздым. Ақша келгесін киімдерімді алып, ағайға бардым. Ол кісі бізге қарады да, «Киім алдыңдар ма? Жарайсындар, жақсы жігіт екенсіңдер, ендеше бізге кедергі келтірмей, анау бұрышқа барып, айналыса беріңдер» деді. Осылайша менің спорттағы алғашқы қадамым сыртта терге малшынып жүгіруден басталған», – дейді Ермахан.
Әлемге әйгілі былғары қолғап шебері атануды мақсат еткен Ермахан алдымен қалалық біріншілікке қатысып, қарсыластарын қапы қалдырып, топ жарады. Кейіннен техникасы толыса түскен Құланның құлжасы сол кездегі Целиноград қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігінде тағы да өзінің теңдессіз екенін дәлелдейді. Сол доданың ақтық сынында Қ. Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернатының спортшысын жұдырықтың астына алады. Айқын жеңеді. «Мен спорттық мектеп-интернатта тәлім алатын баланы ұттым. Демек, менің мүмкіндігім мол ғой деп ойладым сол шақта», – дейді Ермахан Ыбырайымов.
Алатаудай асқақ арманы бар Ермахан шүмектеп тер төгіп, жаттығу залынан шықпай жүрген күндердің бірінде әкесі Сағи аты аталған спорттық мектеп-интернатқа оқуға шақырған жарнама қиындысын көрсетеді. «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт интернатқа балаларды қабылдап жатыр екен. Барғың келе ме?» деген әкесінің сұраулы сөйлеміне кейіпкеріміз «Барамын!» деген бір ғана сөзбен нақты жауап береді. Десе де, бокс әліппесін үйреткен алғашқы бапкерімді қалай тастап кетемін деген ой көкірегін тілгілейді. Сол сәтте әкесі Сағи ақсақал бала Ермаханды қасына ертіп алады да, семіз қойын сойып, 20 литр қымызды алып, Бахшар бапкерге тартады. Талантты ұлының талабын ұштап, томағасын сыпыр­ған Бахшардың батасын алады.

«Я не левша,
я Ермахан!»

«Олимпиада чемпионы боламын» деген биік мұратты, ауыр жүкті арқасына шынашақтай кезінен арқалап алған кейіпкерімізді әкесі ертіп ару қала Алматыға әкеледі. Олар келгенде кім мықтыны анықтап, спорт интернатқа қабылдау үшін ебі бар жігіттерді сынақтан өткізіп, шайқастырып жатады. Кейіпкеріміздің дәл осы залда жаттыққан баланы ел біріншілігінде ойсырата ұтқанын мұндағы бапкерлер қайдан білсін?! Ыбыраймовқа қарсы шикіл сары орыс баланы шығарады. Былғары қолғапты қолына киіп, шайқасқа оқ жыландай атылып тұрған Ермаханның солақай екенін аңғарған қарсыласы «Ты что, левша что ли?» деген көрінеді. Орыс тіліне шорқақ Ерекең қарсыласының не айтқанын түсінбей: «Нет, я не левша, я Ермахан», – деп жауап береді. Орыс баласы ештеңені ұқпай, сілейіп тұрып қалады. «Ортаға шыға салысымен айналып кеттім де, әлгіні тұмсықтан періп қалдым, анау қалбалақтап барып, жер бауырлады. Сол кезде қасыма Серік Қонақбаев Хасен Дюсупов деген бапкер екеуі келді.
– Қай жақтансың сен бала? – деді ол маған.
– Жамбылдан, Луговой ауданынан.
– Жарайды. Құжаттарыңды алып 1 қыркүйек күні келе бер оқуға, сен қабылдандың, – деді сосын.
«Мен біліп едім, сенің түсетініңді» деп жатыр әкем маған», – деп еске алады сол бір кезеңді Олимпиада чемпионы.
Әрқашан «Олимпиада чемпионы боламын» деген ойдың жетегінде жүретін Ермахан дамылсыз жаттығуға ден қояды. 1989 жылы Иркутск қаласында өткен жастар арасындағы КСРО чемпионатында қарсыластарын қоғадай жапырып, кезекті мәрте өзінің шын мықты екенін айғақтайды. Батыр ұлды осы нәтижесінен кейін КСРО құрамасына қабылдап, бұла күшін байқап көрмек болып, 1991 жылы ересектер арасындағы КСРО кубогі үшін өткен жарысқа қатыстырады. Салған жерден қарсыластарының аптығын басып келе жатқан Ермаханның жеңісті жорығы жартылай финалда тоқтайды. «Осы сында алғаш рет үлкен спортта әділетсіздік болатынын көзбен көрдім, ересектер арасында КСРО-да маған шақ келетін ешкім жоқ екенін сездім. Ол кезде жастар арасында КСРО құрамасын баптаған Николай Хромов менің жолымды қиып тастады. Менің орныма бәсекелесім Матэ Когуашвили деген Кутаисидің грузинін алып кетті. Сол кезде қатты күйіндім», – дейді Атланта Олимпиадасының қола, Сидней Олимпиадасының алтын жүлдегері Ермахан батыр.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда жағдайдың қиын болғаны мәлім. Сол кезде бокстан қол үзген Ермаханды әкесі Сағи ауылға ертіп келіп, қой баққызып қояды. Арық-тұрық отар қойды кейіпкеріміз есек мініп жүріп бағады. Бірақ, былғары қолғабын қолынан тастамай, жаттығу да жасап жүрді. Баласының боксты сағынғанын сезген Сағи ақсақал кейін Ермаханның жолын байламай, Алматыға қайта аттандырады. Сүйікті ісіне қайта оралған ол 1994 жылы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған додада чемпион атанады. Филиппиндегі халықаралық турнирде де шын мықтыға тұсау болмайтынын айғақтайды. 1994-2000 жыл аралығында спорттық бабының шыңына көтеріліп, 7 мәрте ел чемпионатында қарсылас шыдатпайды…

«Ташкент – маған құтты шаһар»

Жалпы, бокста өзбек-қазақ текетіресі жан алысып, жан беріскен жағдайда өтетіні белгілі. Оның үстіне, Ташкентте өтетін жарыстарда қазақ боксшыларының чемпион атануы тым қиын екені тағы бар. Алайда Ермахан Ыбырайымов екі Олимпиадаға да жолдаманы Ташкентте өткен Азия біріншілігінде иеленеді. «Ереке, Ташкентте, бірінші мүмкіндіктен Олимпиада жолдамасын иелену қиынға соққан жоқ па?» деп сұрағанымызда, Ерекең бір жымиып алып: «Оның бәрі түк емес. Мен екі Олимпиадаға да жолдаманы Ташкентте, алғашқы мүмкіндіктен алдым. Мықты болсаң бәрін ұрып шығасың. Өзбекті де, басқаны да», – деп үн қатты. Әлем чемпионатының күміс, қола жүлдесін, Азия ойындарының алтын медалін, Азия чемпинатының алтынын мойнына екі мәрте ілген Ермахан барлық қарсыласын тізе бүктіріп жүрді. Тек… Иә, тек қана кубалық Альфредо Дюверхелді жеңе алмады. Атланта Олимпиадасында, Будапешттегі әлем чемпионатында, Галледегі халықаралық турнирде жерлесіміздің жолын сол кубалық кескені мәлім.
Ермахан Ыбыраймовтың рингтегі шалт қимылы бокс жанкүйерлерін баурап алатын. Тек қана шабуылға әуестенбей, қарсылас соққы бағыттағанда бір қимылмен оған ауа қарматып, сол қолмен күтіп алып, сериялық соққыларын бағыттағанда айызымыз қанатын.
Таразда Ермахан Ыбырайымовпен кездесіп, Дюверхелді жеңе алмадым деген өкініші бар-жоғын сұрағанымда: «Өкініш бар, төрт рет жол бердім. Енді кездескенімде ұтар едім. Бірақ ол үлкен спорттан дер кезінде кетті», – деп жауап берген еді.
Сидней Олимпиадасына аттанар алдында Елбасының қолынан көк туымызды алған Ермахан Ыбырайымов Президентке Олимпиада алтынын алып келетінін айтып, уәде берді. Иә, Ермахан – ердің сойы. Ол уәдесінде тұрды! Сиднейде бес жекпе-жек өткізіп, қарсыластарының бәрін жеңді. Анығырақ айтсақ, Дюверхел үлкен спорттан кеткен соң Ермахан ешкімге есе жіберген жоқ…

Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support