Олжалы орал, Олжас!

Олжалы орал, Олжас!
ашық дереккөз
Олжалы орал, Олжас!

Бокстан азия чемпионы, Рио-де-Жанейро Олимпиадасы жолдамасының иегері Олжас Сәттібаевты қабылдаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев осылай деп бата берді

Бокстан 52 килограмм салмақ дәрежесінде 2015 жылғы Азия чемпионы, Рио-де-Жанейро Олимпиадасы жолдамасының иегері Олжас Сәттібаевты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдады. 

«Жамбыл жері – спорттық тұрғыдан тарихқа бай өңір. Бокстан Мәскеу Олимпиадасында күміс жүлде иеленген даңқты Серік Қонақбаев, екі рет күміс медаль еншілеген Болат Жұмаділов, алтыннан алқа тағынған Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев секілді даңқты ағаларың бар. Мен саған ылғи да тілектеспін. Өнеріңді бақылап жүремін. Алла қаласа, еліміздің туын көкке көтеретініңе сенемін. Олимпиададан олжалы орал, Олжас, деп батамды бердім. Біз мұнда отырып, өзіңе жанкүйер боламыз. Жамбыл облысының 1 миллион 100 мың халқы сенің тілеуіңді тілейтінін есіңнен шығарма, айналайын! Теледидардан өнеріңді қалт жібермей тамашалаймыз. Биік шың­дарды бағындыра бер!» – деді облыс басшысы боксшы оғланға сәттілік тілеп. Олжас өз кезегінде Олимпиада барысында бар күшін салатынын айтты. «Оңай қарсылас жоқ. Бәрі өзімізге байланысты. Аллаға шүкір, дайындығымыз жақсы. Жеңісті жорықты жалғастыруға ниеттімін. Бәрі де Алланың қалауымен болады ғой», – деді жер­лесіміз жылы жымиып. Олжас Сәттібаевтың боксшы ретінде қалыпта­суына ықпал еткен бапкері Мұрат Әбімселімов те шәкіртінің биік белестерді бағын­дыруға әзір екенін білдірді. «Олжас – жауапкершілік жүгін сезінетін спортшы. Құдай қаласа, жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлап отырмыз. Сол бағытта аянбай тер төгіп жүр. Шүмектеп төккен тердің жемісін көретін кез де келген шығар», – деді бапкері. Біз де жамбылдық жампоздың Рио-де-Жанейрода жасындай жарқырауына тілектеспіз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар