- Advertisement -

Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет

127

- Advertisement -

Биыл әр өңірде «Азаматтарға арналған үкімет корпорациясы» құрылғаны белгілі. 2017-2018 жылға қарай барлық мемлекеттік қызметтер аталған корпорация арқылы көрсетіледі деп күтілуде. Мемлекеттік қызметтің халыққа қолжетімді болуын арттыруды көздейтін аталған жаңа корпорация өз жұмысын қалай жүзеге асыруда? Облыс әкімдігінде өткен Қоғамдық кеңес отырысында осы мәселелер сөз болды. 

Мемлекеттік қызмет істері министрлігі облыстық департаментінің басқарма басшысы Руслан Шариповтың айтуынша, облыста өтініштерді қабылдау, тиісті анықтама беру секілді қызметтер әлі де қағаз жүзінде орындалып отыр екен. Электронды портал арқылы қызмет көрсетуге мүмкіндіктері бола тұра, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көрсетілетін қызметтің 98 пайызын, ауыл шаруашылығы басқармасы 94 пайызын, денсаулық сақтау басқармасы 90 пайызын, мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы 88 пайызын өз мекемелерінде қағаз жүзінде жүргізуде. Мемлекеттік қызметтің бүгінде ескірген түрі Тараз қалалық және аудандар да әлі күнге дейін қолданылуда. Өңіріміздің мемлекеттік қызметті қағаз жүзінде жүзеге асыруда 88,9 пайыздық көрсеткішпен республика бойынша Оңтүстік Қазақстан мен Алматы қаласы әкімдігінен кейінгі үшінші орыннан төмендемеуі – соның айғағы.
– Қордай, Жамбыл, Шу, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу аудандарында мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімін бұзу фактілері кездесіп отыр. Мемлекеттік қызмет көрсетуде құқық бұзушылыққа жол берген 9 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылса, оның 8-іне ескерту жасалды. Біреуі сөгіс алды. Департамент ұсынымдары негізінде 2 азаматқа ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Қызмет көрсетуді қағаз жүзінде жүзеге асыру – қоғамда жемқорлыққа жол ашатынын естен шығармауымыз керек, – дейді Руслан Шарипов.
Жиында «Азаматтарға арналған үкімет корпорациясы» облыстық филиалының Халыққа қызмет көрсету орталығы департаменті басшысының міндетін атқарушы Батырхан Тоқтағұл мемлекеттік қызметтерді мемлекеттік корпорация және электронды түрде көрсетудің өзектілігі жөнінде, ал облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Исламбек Дастан денсаулық сақтау мекемелерінде халыққа сервистік көмек көрсетілу барысына тоқталды. Ол Тараз қаласындағы бірқатар емханаларда терапевт, гинеколог секілді дәрігерлерге тұрғындардың ұзын-сонар кезегі үзілмейтінін, кейбір емханалардағы тіркеу бөлімінің жұмысына көпшіліктің көңілі толмайтынын жеткізді.
Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Болат Исақов, облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібаев мемлекеттік қызмет алуда азаматтардың электронды порталға жүгінгені тиімді екенін айтып, тұрғындар арасында электронды қызметтің жеңілдігін насихаттау үшін ақпараттық жұмыстар жүргізу керектігін ескертті.
Жиын соңында мемлекеттік қызмет көрсетуде кездесетін кедергілерге байланысты сұрақтар қойылып, дәйекті жауаптар қайтарылды.
Қоғамдық кеңес отырысында қаралған мәселелердің шешілу жолдары бойынша қаулы қабылданып, тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар берілді.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support