- Advertisement -

ДЕНСАУЛЫҚТАН АРТЫҚ БАЙЛЫҚ ЖОҚ

135

- Advertisement -

IMG_6599-Марат Жұманқұлов,
облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында 2016 жылдың 15 қаңтарынан бастап 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Аталған бағдарлама аурушаңдықтың алдын алу, адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігін арттыруды көздейді және саламатты өмір салтын сақтай отырып, қол жеткізген нәтижелерді жақсарта түсуге, денсаулықты қорғау мәселелерін жаңа қауіп-қатерлерге сай шешуге, сонымен қатар, саланың 2050 жылға дейін жоспарлы түрде дамуына негіз болады деп күтілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жұмыс жоспары «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңі аясындағы міндеттерге сай жасалған.
Бүгінде облыстың денсаулық сақтаудың мемлекеттік секторында 38 аурухана, соның ішінде 10 орталық аудандық аурухана және 6 ауылдық аурухана, сонымен қатар, 143 амбулаториялық-емханалық ұйым бар. Облысымызда жыл сайын жаңа медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға беріліп, денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базалары нығайтылып, қазіргі заманға сай соңғы үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Биыл республикалық және облыстық бюджет есебінен бөлінген 1 454,5 миллион теңгеге Қаратау қаласында және Меркі ауылындағы бір ауысымда 250 келушіге арналған аудандық орталық емхана құрылысын аяқтап, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, осы жылы облыстық бюджет есебінен 4 денсаулық сақтау нысаны, Байзақ ауданы, Бурыл ауылындағы ауысымына 40 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Сарысу ауданы, Жайылма ауылындағы 20 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Талас ауданы, С.Шәкіров ауылындағы ауысымына 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт және Мойынқұм ауданы, Қияқты бекетіндегі ауысымына 5 келушіге арналған медициналық пункт құрылысын салуға 366,3 миллион теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Денсаулық сақтау саласындағы ең басым бағыттардың бірі – ана мен баланың денсаулығын қорғау. Бұл бағытта қолға алынып жатқан шаралардың арқасында оң нәтижелерге жетіп отырмыз. Сонымен қатар, ауруды ерте бастан анықтау мақсатында скринингтік зерттеулерді жүргізу де жалғасын тауып келеді. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша 2016 жылдың 4 айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті және қанайналым жүйесі ауруларының көрсеткіштері төмендеді.
Медициналық қызметтердің сапасын және қолжетімділігін жақсарту мақсатында облыста 2015 жылдың 26 маусымында №5 қалалық емхана базасында Саll-орталығы ашылған болатын. Орталық ашылғаннан бастап 2015 жылдың аяғына дейін 1711 өтініш түсті, оның 57-сі – арыз-шағым. Ағымдағы жылдың 4 айында 1418 өтініш түсіп, 18 арыз-шағым қаралып, шешімін тапты.
Сондай-ақ, барлық медицина ұйымдарында пациентті сүйемелдеу және ішкі аудит қызметі құрылды, ол медициналық қызметтердің сапасын және қолжетімділігін жақсартуға бағытталған. Биылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтер сапасына қанағаттанушылық 88,4 пайызды құрайды.
Бүгінде Тараз қаласының емханаларында дәрілік заттарды беруді реттеу және міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек көрсетуді енгізу жұмыстары жүргізілуде. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі «Дәрілік заттарды рецептімен босатуға жатқызу қағидаларын бекіту туралы» және осы жылғы 14 қыркүйектегі «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы көтерме және бөлшек саудада өткізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрықтарын, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының және облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің қалалық емханаларда ақылы дәрілік заттарды босату туралы нұсқаулықтарын орындау мақсатында нақты іс-шаралар атқарылды.
Жалпы, тәуелсіздік жылдарында облыста көптеген емдеу мекемелері жаңа ғимараттарға көшіріліп, толықтай жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталды. Соның арқасында тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде мол мүмкіндіктерге ие болдық. Бір сөзбен айтқанда, отандық медицинаның табысы зор. Бұл – күн-түн демей, халық денсаулығын арттыру бағытында тер төгіп келе жатқан барша медицина қызметкерлерінің еңбегі.
Мемлекет басшысы алға қойып отырған міндеттерді орындау жолында денсаулық сақтау саласында еңбек ететін медицина қызметкерлері өздеріне жүктелген зор міндетті сезіне отырып, алдағы уақыттарда қажыр-қайратпен еңбек ете береді. Олар өздерінің дәстүрлі төл мерекесіне лайықты еңбек табыстарымен келіп отыр.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support